Грузияда не болып жатыр?

Біраз уақыт бұрын Тбилисиде парламент ғимаратының алдында шетелдік агенттер туралы заңға қарсы шерулер өтті. ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, митинг полициямен қақтығысқа ұласып, соның барысында полицияның бір қызметкері жарақат алған. Сондай-ақ, наразылық білдірген 20-ға жуық адам ұсталған.

Мұның себебі, Грузия парламенті сәрсенбіде шетелдік агенттер туралы заң жобасын бірінші оқылымда басым дауыспен (83 дауыс) қабылдап жіберген. Бұған оппозиция өре  түрегелген! Соның салдарынан елде наразылық шерулері жүруде. 
Айта кетейік, биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясы «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын парламентке 2023 жылдың наурыз айында енгізген. Бұл әрекет жаппай наразылық тудырған соң заң жобасы кері қайтарылған еді. Енді міне, 2024 жылдың сәуір айының басында аталған партия бұл заң жобасын қайта енгізу туралы шешімін жариялады. Заң жобасының мәтіні «шетелдік ықпал агенті» терминін қосқанды айтпағанда, басқа тұстары былтырғыдай өзгеріссіз қалды. Оның орнына «шетелдік державаның мүддесін көздейтін ұйым» ұғымы қолданылды. Бастамаға сәйкес, 20 пайыздан астам шетелден қаржыландырылатын кез    келген ұйым жыл сайын олардың көздері мен қаражатты мақсатты пайдалануын көрсете отырып, кірісі туралы декларация тапсыруы тиіс. Бұл жобаға қарсылық білдірген грузиндер мұны Ресейдің шетелдік агенттер туралы заңына ұқсас деп санайды. Сондықтан Батумиде бірнеше жүз адам «Ресей заңына жол жоқ» деген ұранмен шерулетті. Олар қолдарына Грузия мен Еуроодақ туларын ұстап шықты.
Заң жобасына Грузия президенті Саломе Зурабишвили де, оппозиция да, дипломатиялық корпус та қарсы болды. Президент бұл заң жобасына вето қоюға уәде берген. Бірақ, билік партиясының ветоны айналып өтуге мандаты жеткілікті. Сондықтан 17 сәуірде парламент «шетел агенті» туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бастамаға қарсы шыққандардың пікірінше, бұл заң жобасы Грузияның Еуроодақпен интеграциялануына кедергі келтіреді.
Оппозиция депутаттар шешіміне бойкот жариялады. Дегенмен, Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе заң барлық негізгі құқықтық принциптерге толық сәйкес келеді және жалғыз мақсатқа – үкіметтік емес ұйымдар мен тиісті бұқаралық ақпарат құралдарының жыл сайынғы қаржысының ашықтығына қызмет етеді деп мәлімдеді. 
Заң жобасы коммерциялық емес заңды тұлғалар мен БАҚ-тарды тіркеуді көздейді, олардың кірістері, атап айтқанда, 20 пайыздан астамы шетелден алынған. Жобаға сәйкес, «шетелдік күштердің мүдделерін жүзеге асыратын ұйым» болып саналатындардың барлығы мемлекеттік тізімде тіркелуі керек. Тіркеу кезінде алынған кірістерді көрсету, сондай-ақ, декларацияны толтыру қажет болады. Декларацияны тіркеуден немесе толтырудан бас тарту 25 мың лари (шамамен 9,5 мың АҚШ доллары) айыппұлмен жазаланады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, осы заңның кесірінен «билікке жақпайтын» ұйымдар  жабылуы мүмкін.

Пікір қалдырыңыз