Қаруланып, қабан атқан...

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».
Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын АҚШ-та аң аулаудың өзіндік ережелері бар. Мәселен, ол жақта тамақ іздеп, қалаға кіруге мәжбүр болған аюды атуға болмайды екен. Қасына қонжығын ерткен аюға да солай. Тіпті, бар әлемді ұмытып, жайбарақат өзімен-өзі отырған аюға да қару кезенуге рұқсат жоқ. Бұл ережелер «жануарға құтылуға мүмкіндік беру» деп аталады екен. Яғни аңды қусаң түрмеден бір-ақ шығасың деген сөз.
Бізде бір кездері сондай еді. Себебі, қазақтың саятшылығына дейін тұнған тәрбие болатын. Қазақтың аңшылары арыстан секілді жейтінін ғана аулайтын. Киіктің буазын өлтіру – олар үшін кешірілмес күнә-тін. Оны айтасыз, бұрынғының шалдары «баланың қолына түскен не құс дейсің, ауру шығар» деп, жеуден бас тартатын. Қоянның өзін «жүгіргенде атып алдың ғой, әйтеуір» деп сұрап алып барып жейтін. Ал, қапияда қолға түскен жануар арам саналатын.
Ал, қазір ше? Бүгінгі аңшылар тек мүсіркеуге ғана лайықты секілді. Себебі, олар қасқырды үйірімен қырып, қабанды үрім-бұтағымен жойып жіберуге арланбайды. Тіпті, қорықшыға да күш көрсетеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Ақсу-Жабағылы» қорығында болған мына бір оқиғаны айтсақ та жеткілікті.
Оқиға осы жылдың 29 қаңтары күні болған. Сол күні қорық директоры А.Меңлібеков пен күзет бөлімінің басшысы Қ.Жанұзақов Майдантал айналымын шолып шығуды көздеп, қызметтік аттарымен рейдке шығады. Кенет Алмалы сайдан шыға бергенде, Шақпақбаба ауылына қарай кетіп бара жатқан екі аттылы адамды байқайды. Жүрістері суыт, қастарына ерткен аңшылық иттері бар. Қорықшылар дереу әлгі екеудің соңынан қуа жөнеледі. Осы кезде ағаш арасынан тағы екі адам шығып, әлгілермен қосыла қашады. Із жасырғысы келді ме, жоқ әлде, қуғыншыларды адастырып кетуді ойлады ма, сәлден соң төртеуі екіге бөлінеді. Қорық күзетшісі кейін аты-жөні белгілі болған С.Майровтың соңынан түседі. Екеуі Шақпақбаба ауылының үстіндегі көпірде тоқайласып, жаға ұстаса кетеді. «Тоқта, заңға бағын» деген күзетшінің сөзін құлағына да қыстырмай, «қуып жете алсаң, атып ал» дегендей, ауылға қарай қашады. Осы кезде қашқынның аңшылық пышағы мен оқшантайы жерге түсіп қалады. Тағы да әудем жер жүргені сол еді, қорықшы оның қоржынынан қабанның басы мен аңшы мылтығын байқап қалады. Осы кезде оның аты қар үріп тастаған арыққа барып, омақаса құлайды. Орнынан тұрып, қайта атына мінем дегенше, біршама уақыт өтіп кетеді. Ал, С.Майров бұл кезде ауылға кіріп, із жасырып үлгереді.
Тергеу барысында С.Майров қанша бұлтарғанымен, шындықты мойындауына тура келеді. Түлкібас аудандық соты оны ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігінің 1-тармағына сай кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған қоса 5 жыл мерзімге аң аулау құқығын шектеп, жабайы аңды атқаны үшін мемлекетке 662 750 теңге төлеуге міндеттелді. Енді оның жүріс-тұрысы пробациялық бақылауға алынып, жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.
Үкім заңды күшіне енген.