Ұлы ғұламаға экспозициялық зал ашылды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында «Сапар орталығы» экспозициясының ашылуы өтті.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова мен аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов және тарихшы, музейтанушы ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада департамент директоры мен аудан басшысы сөз алып, Фарабидің ілімі мен өмірін тануға арналған жиынға келген тарихшылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шара барысында халық ақыны Әселхан Қалыбекова топырақ астындағы тарихымызды зерттеуге ерекше назар аудару керектігін жыр шумақтарымен әсерлі жеткізіп, ғалымдарға ой салды.

Мұнан соң қонақтар туристерге кешенді қызмет көрсететін орталықтың экспозиция залын тамашалады. Көпшілікке ұсынылған экспозициялық зал «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» бұрышынан бастау алып, ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы барысынан сыр шертеді.

Экспозиция залына Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнер саласындағы еңбектері, Отырардағы ғылым мен мәдениет, өнерге қатысты артефактілер, сонымен қатар фарабитанушылардың еңбектері қойылған. Сонымен қатар осы орталықтан орын алған отырарлық суретші Әділхан Мәліктің «Отырар шұғыласы» атты көрмесі де Әбу Насыр әл-Фарабиге арналды.

Ү.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз