Сахнада – әл-Фараби әлемі

Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына биыл – 1150 жыл. Осыған орай Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры көрермендерге Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» атты тарихи драмасын ұсынды. Қойылым режиссері – Ғ.Арынов. Сценографы – ҚР мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов.

Шымылдық түрілгенде ең алдымен сахнадан ирелең жол көрінеді. Бұл Шығысты бетке алған бозбала Фарабидің алдынан тосып тұрған қызығынан азабы, қуанышынан торығуы мол ілім жолы секілді. Режиссер мен сценографтың шешімі үндестік тапқанда, қойылым жайнап шыға келеді. Кең жазира дала. Ақырын сусылдап сырғи түскен тордан кейін көргеніңіз көне Отырарға айналғанда жайбарақат кең өлкені кезіп келе жатып, бірден тарих қойнауына сүңгіп кеткендей күй кешесіз.

Бұл – Қ.Жұмақұловтың шәйі орамалды желпіп қалып, көрермендерін тарих қойнауына топ еткізетін шеберлігі.

Әбу Насыр әл-Фарабидің атын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Бірақ, оның тағдыры, жүріп өткен жолы, артында қалдырған ізі жайлы егжей-тегжейлі білетіндер аз. Қанша ғасыр өтсе де ғалымның еңбектері әлі күнге дейін зерттеуді қажет етеді. Сондықтан бұл қойылым әрбір көрерменді Әл-Фараби әлеміне жақындата түсері сөзсіз.

Ұлы ойшылдың ілім-ғылым, руханият жолындағы ізденісті өмірлік мұратына айналдыруы, сол жолда тынбай еңбектенуі қаншалықты қажыр-қайрат пен күш-жігерді қажет еткен десеңізші?! Демек, қатерлі әрі жемісті жолмен жүріп өткен ұстаз – Әбу Насыр әл-Фараби жайлы қойылым шаниндіктердің рухани қоржынын толықтырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың таным көкжиегін де кеңейте түсері сөзсіз.

Сая ҚАСЫМБЕК, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

 

Пікір қалдырыңыз