Жас ғалым Түркі жұртын керемет жаңалықпен қуантты

Әзімхан Исабек Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында бүкіл Түркі жұртын керемет жаңалықпен сүйіншіледі.

Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Ақжол Қалшабектің  тікелей жетекшілік етуімен М.Әуезов атындағы ОҚУ университетінің түлегі, магистр Әзімхан Исабек Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында бүкіл Түркі жұртын керемет жаңалықпен сүйіншіледі.

 

2019 жылы Абай Құнанбаевтың «Китаб тасдиқ» еңбегіне алғаш рет транскрипция жасап, республикалық баспасөз беттеріне, соның ішінде Түркістан облысының қара шаңырағы атанған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне де жариялаған болатын. Ғалымдарымыз тек мұнымен шектеліп қоймай университет басшылығының қолдауымен биылғы жылдың ақпан айында «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы» атты монографияны жарыққа шығарды. Оған қоса бұл ғылыми жұмыс қазіргі таңда БАҚ-тағы ең актуалды тақырыпқа айналғаны бізді қатты қуантып отыр. 2018 жылдың желтоқсан айында ғалым Ақжол Батырұлы «Егемен Қазақстан» газетіне «М.Әуезов және кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты көлемді мақаласын жариялаған болатын. Дәл осы  мақалада ғалым 100 жылдық абайтану тарихында Абайдың «Китаб тасдиқ» еңбегіне арнайы текстологиялық-терминологиялық сараптама жүргізілмегенін баса айтқан еді.

 

Яғни ол мақалада Ақжол Батырұлы: ...Абайтанудың ең бір өзекті мәселелерінің бірі әлі күнге осы Шығысқа қатыстылығында болып келеді. Бір ғана мысал келтірейік: әңгіме Абайдың 38-ші қара сөзі туралы. Кезінде Шығыс тақырыбының білгірі болған профессор Ә.Қоңыратбаев: «осы күнге дейін Абайдың 38-ші қара сөзіне ешкімнің тісі батпай жүр» деген болатын. Бұл жердегі мәселелер шоғыры мынадай болып келеді: 1. Абайда 38-ші қара сөз деген шығарма болған емес. Ақиқатында Мүрсейт қолжазбасында «Китаб тасдиқ» атты тақырыпта шығарма болған. Оны 38-ші қара сөз деп нөмірлеп, тақырып қойып өзгерткен кеңестік дәуірдегі редакторлар болатын. 2. «Китаб тасдиқ» қара сөздерге кірмейтін Абайдың өз алдына бөлек, жеке дара шығармасы. 3. Бұл шығарма қазіргі қазақ тілінде емес, шағатай тілінде жазылған туынды. 4. «Китаб тасдиқ» таза көркем шығарма емес, еркін толғаныс мәнерінде жазылған дін негіздері туралы ғылыми трактат. 5. «Китаб тасдиққа» 100 жылдық абайтану тарихында текстологиялық және терминологиялық сараптама жүргізілмеген. 6. «Китаб тасдиқ» шығармасын жүйелі түрде талдау үшін біріншіден, шағатай, араб, парсы тілдерін білу керек, екіншіден, ақида, фикһ, тәфсир, хадистану атты ислам салаларымен қоса ересология ғылымы тарихымен жетік таныс болу қажет. 7. «Китаб тасдиқ» шығармасы толық түрде талданбай, Абайдың дүниеге көзқарасы анық ашылмай, сол жұмбақ күйінде қала бермек... - деген болатын.

 

Міне, осы арманына ғалым жас шәкірті Әзімхан Исабекпен бірге жетіп отыр. Бұл бәріміз үшін де үлкен мақтаныш. Тіпті профессор М.Мырзахметұлы «Қазақстан» ұлттық арнасында бүкіл халыққа көгілдір экран алдында: «...Мен Абайдың ойлау жүйесіне түскен адаммын. Сондықтан Абайдағы құбылысты тез тауып аламын. Басқалар оған түсе алмайды, түсе алмайтын себебі олар Абайдың текстологиясына кіре алмады. Мәселен, Абайдың 38-ші қара сөзі, оған академиктер де бара алған жоқ. Сол еңбекті жақында біздің магистр ашты. 330 сөздік берді. Еңбекті шағатай тілінде жазылған деп қарады. Сөйтіп бәрін қолымызға ашып берді» - деп шәкірттерінің еңбектері мен ғылыми жетістіктерін мақтанышпен жеткізген болатын.

 

Өздеріңіз көріп отырғандай Түркі халықына ортақ болған Хакім Абайдың осы шығармасын қалай насихаттап, дәріптесек те жарасады. Бұл жұмысқа жетекшілік жасап жүрген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Батырұлы бүгінде елімізге танымал мықты әдебиетші ғалымдардың бірі. Бұлай дейтінім, Ақжол Батырұлының қаламынан туған «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» оқулығы Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің бекітумен арнайы пән ретінде оқытылуда.

 

Осындай қарымды қаламгер Ақжол Батырұлының жас абайтанушы Әзімханға 7 жылдан астам уақыт бойы ғылыми жетекшілік жасауы шәкірті үшін үлкен мәртебе деп білемін. Дана Абайдың шығармашылығындағы ең құнды туындыны транскрипциялап, оған арнайы сөздік жасау қажырлы еңбекті талап ететіні сөзсіз. Осы жолда тынымсыз жұмыс жасап жүрген Ақжол Қалшабек пен шәкірті Әзімхан Исабектің ғылымдағы жаңалықтары жемісті болсын дегім келеді.

 

 

 

Садыбек Бейсенбаев,

М.Әуезов атындағы ОҚУ

Қоғаммен байланыс және мәдениет

                                                                                                                                                                                         жөніндегі проректоры, п.ғ.д., академик.

Пікір қалдырыңыз