Анар өсіруді қолға алды

Келес ауданы бұрын жүзімнен бастап анар, алма секілді жеміс-жидектердің түр-түрін өсіретін еді. Шымкенттегі жоғары оқу орындарының студенттері жиын-терім науқанына жұмылдырылып, күзге таман ауыл маңы қыз-қыз қайнаған тіршілік алаңына айналып жататын.

Мәселен, Жүзімдік аталып кеткен ауылдың егістік жері түгелге жуық жүзім плантациясынан жап-жасыл болып жайқалып тұратын. Қаншама жас сол жасыл мекенде танысып, өздерінің достық қарым-қатынастарының негізін қалады.

Қаншама қызықтың куәсі болып, ауыл-елдің тіршілігін тербеткен мекен кейінгі жылдары қараусыз қалып, егістік алқаптар қурап қалған еді. Көптеген жерлер игерілмей, игерілгенінің өзі бір жылдық егін егуге көшті. Сол жылдары Бірлесу ауылдық округіне қарасты ХХІ партсъезд деп аталатын ауылда бау-бақша мол болатын. Қаншама гектар жерде алма, анар, өрік көшеттері жайқалып тұратын. Күтімі болмаған соң қалың бау сиреп, біразы қурап та қалған еді. Енді, міне, араға біраз жыл салып Келес өңірі бұрынғы қалпына келе бастады. Бау-бақша егіліп, көкорай аймаққа айналып келеді.

Келес ауданы, Ұшқын ауылдық округі, Құралас елді мекенінің тұрғыны Айбек Сарыбаев кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қабылданған «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, оқып, сертификатпен бірге 505 000 теңге грант ұтып алды. Бұл қаржыға ол көптен бері ойда жүрген жоспарын жүзеге асыра бастайды. Есік алдындағы шағын жерге жеміс-жидек көшеттерін отырғызып, күтіп-баптайды. Жетпіс түп анар көшетін егеді. «Бұл көшеттер екі жылда өнім береді екен, сондай-ақ, күтімі жақсы болса әр түбінен 20-25 келі өнім алуға болады» дейді бағбан.

Иә, түрлі дәрумендерге бай болғандықтан анар жемісін Шығыс халқы жоғары бағалайды. Мамандардың айтуынша, анар адамның қан қысымын реттейді, белсенділігін арттырады. Сондай-ақ, түрлі аурудың алдын алатын да қасиеті бар. «Түрлі дәруменге бай, мың түрлі ауруға ем болатын жеміс-жидектерді көбірек тұтынуымыз керек. Егер бау-бақша көп болып, түрлі жеміс-жидектер егістік алқаптарда жайқалып тұрса, оның бағасы да қолжетімді болады» дейді жас кәсіпкер.

Г.АЙХОДЖАЕВА.

 

 

Пікір қалдырыңыз