Нашақорлық жас талғамайды

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Әр қоғамның бас ауыртар ірі-ірі мәселелері болады. Қоғам өркендеп, ой-сана дамыған сайын оған төнер кесел де қуаттанып, бой берместей күшейе түседі. Өкініштісі сол, осындай ем қонбайтын кеселді адамдардың өздері ойлап табады.

Сондай үрейлі мәселелердің бірі – нашақорлық. Есірткі пайда болғалы қаншама ұрпақтың өмірі тозаққа айналды. Ең сорақысы, есірткіге елітіп, есінен айырылғандардың көбі – жастар мен жасөспірімдер. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 500 мыңға жуық нашақор бар екен. Бұлардың тең жартысы – 17 мен 29 аралығындағы жастар. Елімізде жыл сайын есірткіге қатысты 20 мыңға жуық қылмыс тіркеледі. Есірткі бизнесі ерекше табысты болғандықтан, онымен күресудің қиындығы да мол. Мұндай ірі көлемдегі табыс, тіпті, мұнай саласында да бола бермейді. Сондықтан бұл салада пайда табатындар жыл сайын тұтынушыларын молайту үстінде. Өкінішке қарай, олардың ең бірінші құрбандары да – жастар.

Былтыр Мемлекет басшысының пәрменімен есірткіге қарсы қылмыстық жаза едәуір күшейтілді. Онымен күресуге Үкімет тарапынан қомақты қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ, нашақорлар саны азаяр емес. Есірткі бизнесінің бұлайша тамырлап кетуіне одан түсетін қыруар ақша себеп болса керек. Күнделікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде есірткі тасумен қолға түскен азаматтар туралы жиі-жиі ақпараттар беріліп жатады. Бірақ, соған да назар аудармайтын бейқамдығымыз басым.

Мәселен, таяуда облыстық полиция департаментіне қарасты есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 700 келіге жуық есірткі тасымалдаған күдіктілерді қолға түсірді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының тұрғындары 650 келі марихуана мен 48 келі гашишті Бетбақдала арқылы Қостанайға жеткізбек болған. Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысында 800 келіден астам есірткі тәркіленсе, есірткінің заңсыз айналымына қатысты 343 іс тіркелген.

Нашақорлардың басым көпшілігі қалалықтар екендігі жасырын емес. Бір-екі баласына барлық жағдайын жасап, сұрағанын беріп үйреткендіктен бе, қаланың баласы есірткіге тез құмар келеді. Олардың ойы зерек, айналадағы түрлі ақпараттардан хабардар. Сондықтан еліктегіштігі басым. Бүгінде бұл зауал ұл, қыз деп бөлінбей, кең таралып жатыр. Мұны тек медицина қызметкерлерінің күшімен жеңу мүмкін емес. Батылдық пен қолдау ғана бұл дағдыны жеңуге күш береді. Әрине, ол үшін қоғамдық ұйымдар мен мектеп және ата-аналар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, құқықтық насихат жұмыстарын белсенді жүргізгені абзал.

 

 

Пікір қалдырыңыз