Бекжігіттің ән әлемі
Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістандағы сәні мен сәулеті келіскен визит орталығында әуесқой композитор, белгілі журналист, ғалым әрі ұстаз Бекжігіт Сердәлінің алпыс жылдық мерейтойына арналған «Өмірде де, өнерде де сан қырлы...» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған өңіріміздің белгілі өнер, мәдениет қайраткерлері, ұстаз, ғалымдар мен қаламгерлер, әнсүйер қауым қатысты.
Әріптесіміз Гүлжаз Қарыбек жетекшілік ететін «Сарасөз» республикалык әдеби-қоғамдық журналы өзінің кезекті санын композитор Бекжігіт Сердәліге арнапты. Салтанатты шара алдында осы журнал мен автордың «Танымал әннің тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Сонымен, Бекжігіт Сердәлі кім дерсіз? ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң еңбек жолын аудандық газеттің тілшісі болып бастаған ол өзінің шығармашылығын өнер мен ғылымға бағыттаған екен. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі ұстаздық жол оны біршама биіктерге көтерді. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның мәдениет қайраткері», Кентау, Түркістан қалаларының құрметті азаматы атанды. Бұдан басқа да талай марапаттарды қанжығасына байлады. Бүгінде Бекжігіт Сердәлі аталмыш оқу орнының журналистика кафедрасында профессор-оқытушы. Мыңдаған жастың жүрегіне жол тапқан 15-тен астам әннің авторы. Әсіресе, жиын-тойларда көбірек айтылатын «Жас жұбайлар жыры», «Неге, неге?», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – тұраным» атты керемет өлеңдерге ән жазған әуесқой композитор.
Шараға қатысушылар осы кездесуде Бекеңнің ғалымдығынан гөрі сазгерлік қарым-қабілеті тарихына тереңірек бойлады десек те болады.
– Бекжігіт ағамыздың әндері өмірде де, өнерде де өзіндік орны бар туындылар. Бүгінгі кеш сазгердің ғана емес, ән әлемінің мерейлі мерекесі деп білемін, – деді алғаш сөз алған «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев. Ал, облыс әкімі аппараты қоғамдық-мониторинг бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбеков ізгі тілегін білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың арнайы құттықтау хатын табыс етті. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов шаһар жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізді. Елімізге танымал сазгер, Түркістан облыстық композиторлар қауымдастығының төрайымы Құралай Сәтмұхамбетова, дінтанушы ғалым Досай Кенжетай, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, ХКТУ-дің проректоры Камалбек Беркінбаевтың ортаға салган ой тізбектерінен қарапайым еңбек адамына деген құрметтің шұғылалы шуағын сезінгендей болдық.
Әсіресе, облыстық мәдениет басқармасы автордың шығармашылық кешіне керемет сый жасапты. Ол Бекеңнің ән әлеміндегі өзіндік өрнек салған өмір жолын баяндайтын деректі фильм. Әр әннің шығу тарихын автордың өзі баяндайтын фильм сазгердің шығармасын кырғыз, түрік, әзірбайжан жастарының да сүйсіне орындайтынын көз алдыңызға алып келеді.
Бүгінде облыс орталығына айналған Түркістанның екінші өмірі басталғанын білеміз. Ал, енді осыдан кейін алпыс белесті аттаған Бекжігіт Сердәлінің де екінші тынысы ашылатын шығар.