Тәжікстанда Президент сайлауы өтті

Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасы (Маджлиси Оли) шешімімен елде 11 қазанда президент сайлауы өтті. Соңғы президент сайлауы 2013 жылдың 6 қарашасында өткен.

Биылғысы Тәжікстан тәуелсіздігін алғалы бері өтетін алтыншы президент сайлауы болмақ. Тәжікстанда президент сайлауы 7 жылға сайланады. Президенттіктен үміткер Тәжікстанда кемінде 10 жыл тұрып, тәжік тілін жақсы меңгеруі тиіс, жасы 30-дан кем болмауы керек.

Қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмон 1992 жылдан бері елді басқарып келеді. Соңғы 28 жылдан бері сайлау туралы заң бірнеше рет өзгертіліп, оған елді шексіз билеуге мүмкіндік берілген. Халықаралық бақылаушылардың пікірінше, Тәжікстанда бірде-бір президент сайлауы ашық болған емес.

11 қазанда өткен сайлауды ұйымдастыру үшін Тәжікстанда 68 сайлау округі, ел ішінде – 3375, шетелде 39 сайлау учаскесі құрылды.

Сайлау бюллетеньдеріне Тәжікстан президенттігіне 5 кандидат тіркелді.

Сайлау процесін түрлі халықаралық ұйымдардың 145-тен астам халықаралық бақылаушылары қадағалады. Бұдан бөлек 267 жергілікті және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары сайлау барысы туралы хабарлап отырды.

Тәжікстанның Сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының (СРОК) төрағасы Бахтиер Худоёрзода 11 қазанда өткен президент сайлауының қазіргі нәтижесін жариялады.

Бахтиер Худоёрзоданың айтуынша, Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар Федерациясы, Тәжікстан Жастар одағы және «Халықтық Демократиялық» партиясы атынан Тәжікстан Республикасының президенті лауазымына кандидат Эмомали Рахмон 90,92% дауыс жинап, Тәжікстан президенті болып сайланды.

Тәжікстан президентін сайлауға 4 221 076 сайлаушы, яғни сайлаушылардың 85,39%-ы қатысты. СРОК-тың мәліметі бойынша «Аграрлық» партиясынан кандидат Рустам Латифзод – 3,03%, «Экономикалық реформалар» партиясынан кандидат Рустам Рахматзод – 2,15%, «Коммунистік» партиясынан кандидат Мирож Абдуллоев – 1,17%, «Социалистік» партиясынан кандидат Әбдухалим Гаффоров 1,49% дауыс жинаған.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз