КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН БҰЗУШЫЛАРҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде отбасылық той-жиын өткізудің 200-ден астам жайтын анықтады – деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты Түркістан облысында мобильдік топтар жұмыс атқаруда. Мобильдік топ құрамына қала және аудан полицейлері, әкімдік қызметкерлері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен кәсіпкерлік палата қызметкерлері жұмылдырылған.

Ал, полицейлердің айтуынша облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемейтіндер қатары көп. Мәселен, Келес АПБ-нің тәртіп сақшылары кафелердің бірінде қыз ұзату тойы өтіп жатқандығын анықтады. Оқиға орнына мобильдік топпен полицейлер тез арада жетті. Тексеру кезінде тойға 50-ден астам адам жиналғаны белгілі болды. Осылайша кәсіпкер мен той иесі заңды белшесінен баса отырып, жалпыға ортақ ережені бұзғаны анықталды. Нәтижесінде той тоқтатылып, құқық  бұзушыларға  ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша хаттама толтырылған.  

  Отырар ауданының тұрғыны карантин режиміне қарамастан кафеде 60-қа жуық адам жинап, келін түсіріп, «Беташар» тойын өткізген. Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілді. 

Жалпы бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы полицейлері  ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтық санитариялық-эпидемиологиялық, гигиеналық талаптарын бұзу» 2889 жайтты тіркеді. Оның ішінде 217 адам отбасылық той-жиын өткізіп, ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында 64-і «Беташар» болса, 36-ы  «Қыз ұзату» тойлары. 

Пікір қалдырыңыз