Жемқорлықпен күресу – әрбір азаматтың борышы

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде, оның ішінде Қазақстанда да әлеуметтік келеңсіз құбылыс ретінде өркен жайып келеді. Ол әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономикаға инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатқа жұмсау. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі пара алу не беру.

Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді. Осыған байланысты 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді.

Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру. Осы арқылы кез келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құруға барлық қоғамды тартып, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету қарастырылған.

Стратегиямен белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты бағыттары мынадай:

● мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қолдану;

● қоғамдық бақылау институттарын енгізу;

● мемлекеттік сыңайлы және жекеменшік секторларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау;

● құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;

● сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру;

● сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Осы бағыттар шеңберінде «сыбайлас жемқорлық» ұғымын қайта қарастыруға және жемқорлық құқықбұзушылықтар арасына нақты шек қоюға болады. Сонымен қатар, мемлекет тіршілігіне азаматтық бақылау жүйесін құру және енгізуге мүмкіндік беретін, азаматтардың көпшілік ақпаратқа еркін рұқсат алуы қамтамасыз етілмек. Осының нәтижесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы», «Қоғамдық бақылау туралы», «Көпшілік ақпаратқа рұқсат туралы» жаңа заңдары дайындалып, қабылданатын болады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған және әкімшілік реформалар – мемлекеттік басқару жүйесін жеңілдетуден туындайтын міндеттерге басты назар аударылған. Ол сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі бағдарламалық бағыттарын белгілеп берді. Содан бері мемлекеттік органдардың бақылау қызметтері қысқарып келеді, олардың жұмыстары бақылауға алынып, айқындығы қамтамасыз етілген, мемлекеттің экономика мен бизнеске араласуы кеміп келеді. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресудің аса маңыздылығын түсіне отырып, сыбайластыққа қарсы саясатты жетілдіру бойынша шараларды қолдану туралы тапсырмалар берді.

Осының нәтижесінде өзіне мемлекеттік қызметке өту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысуды жинақтаған жаңа орган құрылды. Ел Президентіне тікелей бағынатын орган болып табылатын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекет пен қоғамның мемлекеттік қызметті, кадрлық саясатты жүзеге асырудағы күш-жігерін біріктіреді және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге күш салады.

Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган жұмысының негізгі бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады. Өйткені, бүгінде азаматтардың мемлекеттік органдармен жасайтын кез келген қарым-қатынасы, бір жағынан, сыбайластықтан құрылған қызмет түрін қабылдаумен байланысты.

Лейла ҮКІБАЕВА, №2 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері.

 

 

Пікір қалдырыңыз