«Сен болмасаң мен кіммін, қалқам өлең...»

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Күнделікті күйбең тіршілік өзінің терең иіріміне тартып кететіні соншалық, біз көп жағдайда айналамыздағы жақсы-жайсаң жандарды өз дәрежесінде бағалай алмай жатамыз. Мәңгі ғұмыр кешетіндей, бәріне үлгеретіндей жайбарақаттылығымыз тағы бар. Ақырында аһ ұрып, бармақ шайнап қаламыз.

Әбілда Аймақ туралы сөз бола қалса маған үнемі осы ой келеді. Адам жатырқауды білмейтін, жаны жаз, көңілі көктем, білімі сел дариядай тасқындаған, ақындығы әдеби ортада мойындалған, кестелі сөзімен көркем сурет сала білген оның жанында бірқыдыру уақыт бірге жүруді Тәңірі бізге де нәсіп етті. Әлем әдебиеті алыптарының бірі Шыңғыс Айтматовтың сексен жылдығына орай делегация құрамында Бішкек қаласына қарай бір топ қаламгер пойызбен шықтық. Мұндайда адам сөзуар, қонақжай болып кетпей ме, купе-купе аралап, кезектесіп шай ішіп, мәре-сәре күй кештік. Әбекең күрең шайды баптап ішкенді жаны қалайды, ауық-ауық вагон терезесінен дөңгеленіп қалып бара жатқан сайын далаға қарағыштап қойып әңгіменің тиек-тиегін ағытты. Білмейтіні жоқ, оқымаған кітабы қалмаған. Ара-арасында өзінің жырларын жатқа оқиды. Сапар сыры – ұлы жазушының сексен жылдығына орай Ата Бесіктегі кесенесі басына барып, Құран бағыштау еді. Әбекең әлем әдебиетінің классигі туралы, «Манас» жыры, манасшылар жайлы біраз дерек беріп тастады. «Япырай дестік, осының бәрін қайдан біле береді?!».

Шыңғыс Айтматов кесенесі басына біздің алдымызда ғана Қырғызстан Республикасының Президенті келіп, әруағына Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып кеткен екен. Тәртіп сақшылары әлі тарай қоймапты. Біздің қазақстандық қонақтар екенімізді біліп, жол ашты. Кесене басында Әбекең көсіліп сөйледі. Бішкектің орталық көшелерінің бірінде, университет алдында Ш.Айтматовтың қырық жас шамасындағы бейнесін кескіндеген ескерткіш бар. Кәстөмін иығына тастай салған қаламгердің қара шаштары толқынданып, көздері оттай жанады. Ұлы жазушының жастық шағы, қазақтың кемеңгер қаламгері Мұхтар Әуезовпен достығы, «Жәмила» повесінің қазақ тіліне аударылып, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қалай жарияланғаны туралы төгіп-төгіп тастады.

Әншейінде шындықтан, сыннан қорықпаймын, дұрыс қабылдаймын дей береміз ғой, қолымды жүрек тұсыма қойып айтайыншы, Айтматов әлемін бірсыдырғы білеміз дегеніміз жай әңгіме екен, ал, Әбілда ақын ағып тұр ғой, ағып тұр. Әрине, оның осы сапарға жан-жақты дайындалғанын да іштей сеземіз, өйткені Әбекеңнің мойнында үлкен жүк бар еді. Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан (ол кезде осылай еді ғой) облысы филиалының директоры, халықаралық Физули әдеби сыйлығының лауреаты Әбілда Аймақ үшін әр сапардың жүгі жеңіл болмауы тиіс.

Бішкек сапары шын мәнінде табысты сапар болды. Қайтар жолда біз Әбілда Аймақтың «Құрмет» орденімен марапатталғанын естіп, білдік. Сонда үзеңгілес дос балаша қуанып еді-ау. Артынша Нұр-Сұлтан қаласында өткен бүкілдүниежүзілік медиафорумға қатыстық. Арамызда К.Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақындарының бірі Нармахан Бегалыұлы да бар. Әбілда жазушы-журналист, Шымкент қаласының құрметті азаматы Серік Жанәбілмен бөлмелес болды. Біз іргелес орналастық. Үш күн бойы қос бөлмеде поэзия кеші өтіп еді сонда.

Филиалды ақысыз-пұлсыз жиырма жыл басқарған Әбілда Аймақ аға досы Мархабат Байғұт айтқандай, «шығармашылық шырақшысы» болатын. Ол бар ғұмырын тұтастай, толайым өлеңге арнады. «Ләйла», «Қарлығаш», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Түркістан», «Мерейлі мекен» сияқты жиырма шақты жыр жинағы оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Ақын Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Нармахан Бегалыұлы, Қабылбек Төретайұлы сынды танымал ақындар оның поэзиясын жоғары бағалады, жақсы пікірлер жазды.

Әбілда шайыр кітапханаларда ұйымдастырылған жыр кештерінде жарқырап, шабыттанып отырар еді. Облысымыздың түкпір-түкпіріндегі іс-шараларға қатысып, тыным таппайтын. Бойында ұшқыны бар ұлан көрсе қатты қуанатын. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына сүйіншілеп ертіп әкеліп, талайының тұсауын кескені де күні кешегідей көз алдымызда.

Аймақтың ақындық айбыны қандай мөлдір болса, жан-дүниесі де сондай тұнық еді. Өзгелердің өрісті өнегесіне, жемісті жетістігіне балаша қуана білетін. Бүгінде өзім деп өзеурейтін өлермендер көбейді ғой. Осындайда аузын ашса көмейі көрінетін ақжүрек, ақжарылқап Әбілда аға еске түседі. Қарапайымдылық қағидасындай қамқоршы жанды енді қайдан табарсыз?!

Қамқоршы демекші, филиал директоры ретінде Әбілда Аймақ қолына қалам ұстағанның барлығына көмек көрсетті, жәрдемін аямады. Жас өскіндердің кітаптарын шығаруға, оларды насихаттауға келгенде көңілі көл-пар еді. Аянып қалмайтын. Ал, екі-үш кітабы жарық көріп, танылып қалғандарды филиал директоры, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі ретінде қолдап, мүшелікке өткізуге тырысып, Алматыға аттанып бара жататын.

Жанымызда жүргенде жақсылықтарын жарқыратып айта алдық па, жоқ па, Әбекеңнің жетістіктері мен шыққан шыңдары көп еді ғой. Айталық,1992 жылы Алматыда ауыл қаламгерлеріне арналған (АҚҚҰС) жыр бәйгесі өтті. Міне, сонда Ә.Аймақ бас жүлдені қанжығасына бөктеріп қайтты. Ал, келесі жылы, яғни 1993 жылы облыс ақындары арасында мүшәйра өтті. Бас жүлде тағы да Әбекеңнің қанжығасында кетті. 2004 жылы Анкара қаласында халықаралық Физули атындағы байқау өтті. Бұл жолы да ол бас жүлдені олжалап оралды. 2013 жылдың күзінде қазақ әдебиетінің ақиық ақтеңгері, аймаңдай дарабоздарының бірі Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай республикалық әдеби байқау өткен. Бұл жолы да Әбілда ақын қара үзіп, қатарластарынан оқ бойы алда келді. Кілең бас бәйгені қанжығасына бөктеріп жүретін Әбекең шын мәнінде шашасына шаң жұқтырмас ерен жүйрік болатын. Ақынның поэзия әлемінде бағындырған биіктері жоғарыдағы марапат-атақтарынан-ақ айқын көрініп тұрғандықтан, өлеңдеріне талдау жасауды артық санадық.

Бүгінде ұмытылып бара жатқан тағы бір жәйт, ақын өлеңдерінің әнге сұранып тұратыны. Өктем Алтаев, Сүгірәлі Сапарәліұлы, Марат Омаров, Өмірзақ Оспанов, Бағдат Алтаев, Құралай Сәтмұханбетова, Жарылқасын Дәулет, Нышан Төлегенов, Лесбек Аманов, Қадырғали Көбентай, Құрманәлі Жылқыбаев, Ибрагим Дәрібаев, Мұхтар Қуандықов, Рысты Әлімбетова сынды композиторлар Әбілда Аймақтың өлеңдеріне ән шығарған. Бүгінде бұл әндер жиі шырқалады.

«Сен болмасаң мен кіммін, қалқам өлең» деп қамыға беретін Әбілда аға Нұр-Сұлтан қаласында өткен дүниежүзілік медиафорумда ауылға асыға бергені де есте. «Алпыс жылдығымды өткізуім керек» деп әлденеге жүрегі алып-ұшып, дегбірсізденіп кеткені ол кезде көңілімізге күдік ұялата қоймаған. Тойын асығыстау өткізгенімен, тәрбиелі, тағлымды кеш болып еді, ол іс-шара. Қайсыбірін айта берейін, бәлкім, содан ба екен, нәзік жүрегі шыдамады. Шерхан Мұртаза «Жазушылар мен журналистер жүректен кетеді» деген екен. Тасжүректерді, тоңмойындарды қайтсем жібітемін деп жүріп, өз жүрегін тоқтатып алған Әбекеме не дерсің?!

Енді оның қуатты жырларына жылынамыз, жұбаныш табамыз. Алдамшы өмір дегеніңіз осы!

 

 

Пікір қалдырыңыз