Сирияда өткен алты күн

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Отызды орталап қалған Бекжігіт әу баста өзін тура жолдамын деп ойлайтын. Бірақ, ол өзінің ағат қадам жасағанын Сириядағы ахуалды көзбен көргеннен кейін ғана түсінді. Түсінді де, бармағын тістеді.

– Бәрі сол дінге деген соқыр сенімнен басталды, – дейді Бекжігіт осыдан он жыл бұрынғы өміріне ой жүгіртіп. – Ол кезде ОҚМУ-дың күндізгі бөлімінде оқитынмын. Интернеттің иірімі талай жасты өзіне иіре тартып жатқан уақыт еді ол кез. Сабақтан қолым босай қалса, ғаламторға үңіліп, тапжылмай сағаттап отыратынмын. Бір күні ғаламторды ақтарып отырып, Дарын Мубаров дейтін жігіттің уағызын тыңдадым. Шынымды айтайын, сабаққа деген ықылас азайып, өзімді жоғалтыңқырап жүрген уақытта маған Дарын нағыз Құдайға жол сілтеушідей көрінді. Оның әрбір уағызын асыға күтетін жағдайға жеттім. Бұл уақытта айналама өзім құралпы пікірлес жігіттер де жинала бастады. Ара-арасында Дарыннан бөлек Ибрагим, Сайд Бурятскийлердің сөздеріне құлақ түреміз. Сол кезде жамағаттағы бір жігіттің інісі Египетте діни білім алатын. Сол арқылы Мысырға барып, діни білімімізді жетілдірсек деген ой пайда болды. Тура сол уақытта, яғни 2013 жылы ойда-жоқта Сирияда соғыс өрті тұтанып, жоспарымызды тезірек іске асыруға қамдана бастадық. Санамыздың уланғаны соншалық, ол кезде бізге ағайыннан гөрі алыстағы жамағаттың амандығы қымбат еді.

Осылайша «үйірде» жүрген үш жігіт туристік визамен Египеттің бас қаласы Каирге бет түзедік. Үйдегілерді алаңдатпас үшін оларға алдын-ала Орал қаласына жұмысқа баратынымызды ескерткен болатынбыз. Бірақ, әлгі Мысырдағы ініміз біз барардан бір ай бұрын Сирияға кетіп қалыпты. Онымен телефон арқылы тілдесіп, ақыры біз де Шам еліне баратын болып келістік. Әсілінде, Түркия елінен Сирияға өту өте оңай іс екен. Қолына бес-он теңге ұстатсаң, шекарадағылар лек-легімен өткізіп жіберуге құмбыл. Біз де шекарашылардың қолына қыстыратынын қыстырып, ініміз шақырған қосынға жеттік. Қосын дегеніміз адырға жағалай тігілген шатырлар екен. Байқаймыз, бізден өзгелері қару асынған түгелдей Қап тауының өкілдері. Шамасы, 50-60-тай сарбаз бар. Бәрі құпия, бәрі сөйлесуге құлықсыз. Еркек болған соң қолымызға қару ұстағымыз келетінін айттық. Бірақ, оны 1000-1500 долларға сатып алуымыз керек екен. Бізде ондай ақша жоқ. Амал жоқ, тамақ тасуға жегілдік. Қосынға келген кезде байқағаным, онда екі бірдей әмір (өздері солай атайды) билік жүргізеді екен. Бірі уағыз айтып, сондағылардың діни сауатын жетілдірумен айналысса, екіншісі әскери машықтану ісіне басшылық етеді. Немен айналысатындарын қайдам, түнде бес-алты жігіт бір жаққа барып келеді. Олардың қайда барып келетіндері біз үшін жұмбақ. Бұл жайында бізге жақ ашпайды. Тіпті, діни ұстанымдары да біздікінен өзгеше екенін парықтай бастадым. Біз үлгі тұтатын әлгі Дарын, Ибрагим секілді «ғұламалар» олардың айтуларынша түкке алғысыз біреулер. Осыдан кейін бұлардың ісіне күмән пайда бола бастады. Жасыратыны жоқ, есім барда елімді тапқым келді. Бұл ойымды екі сапарласыма айтып көріп едім, олар сабыр сақтап, ақырын күтуге шақырды. Ақыры қулыққа көшіп, әмірге басқа жаққа кеткім келетінімді айттым. Егер елге кетемін десем, жібермей қоя ма деген күдік те болды. Осылайша, бар-жоғы алты күнде келген ізбен кері қайттым. Елге келіп, түк болмағандай күнделікті шаруалармен айналысып жүрдім. Ешкім ештеңе сезбей қалды-ау деп те қоямын. Арада бір жарым жыл өткенде ҰҚК-ге шақырып, ондағылар бүкіл картинаны алдыма жайып салды. Ақыры іс сотқа өтіп, алты жылды арқалап кете бардым. Әрине, бұған еш өкінген жоқпын. Өйткені, жат ағымның жетегіне еріп, жат жердің топырағын басқаным рас. Есесіне, есімді ертерек жиғаныма шүкіршілік етемін.

Иә, жұмақты аңсаймын деп жүріп, тағдыры тозаққа айнала жаздаған Бекжігітке Сирия сапары өмірлік сабақ болды. Түсінді, түйсінді, ағаттыққа бой алдырғанын мойындады. Қазір Майданталдың майлы топырағына аунап өскен Бекжігіт Шымкент қаласында тұрады. Қасында анасы мен жары, қолғанаттыққа жарап қалған төрт перзенті бар. Ендігі мұраты – солардың ел сүйер, жер сүйер азамат болып өскендерін көру.

(Кейіпкердің есімі өзгертіліп алынды).

 

 

 

Пікір қалдырыңыз