Құндылығымызды қалай құрметтеп жүрміз?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақ жерінің асты да байлық, үсті де байлық. Еліміздің осындай берекелі молшылыққа ие болып қалуы әуелі Алланың, содан кейін мына салқар даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған жаужүрек бабаларымыздың арқасы дер едік. Себебі, «Қасым ханның қасқа жолымен», «Есім ханның ескі жолымен» жүріп, Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» арқа сүйеген бабаларымыз осы байлықты көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманаттау үшін тарихтың небір тауқыметті жылдарын басынан өткергені белгілі. Олардың сондағы арманы не еді? Әрине, ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз ел болу еді. Иншалла, сол тәуелсіздікті бүгінгі ұрпақ көрді. Сондықтан оларды бақытты ұрпақ десек, асыра айтқандығымыз емес. Ал, бабаларымызға бұйырмай, бізге нәсіп болған сол қастерлі бақытымыз қалай қорғалады? Әрине, Ата Заң аясында. 

Биыл қолданыстағы Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Ата Заң қабылданар сәтте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың:

– Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз, – деген тарихи сөзі бар. Міне, біздің Ата Заңымыз арқалаған жүк қандай ауыр?!

Иә, 25 жыл бедеріндегі біздің азаматтық құқығымыз да, қойнауымыз толған құтымыз да, тіпті, тәуелсіздігіміз де Ата Заң талаптары негізінде қорғалып келеді. Өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған еліміздің әлемдік аренадағы әлеуетіне де кепіл екенін мақтанышпен айта аламыз. Ал, тұтас қоғамға қорған болып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатқан Ата Заңымызды біз қаншалықты деңгейде дәріптеп, қаншалықты деңгейде насихаттап, қаншалықты деңгейде қастерлеп жүрміз? Мәселе – осында.

Өкінішке қарай, Ата Заңымыздың құндылығын керемет дәріптеп жүрміз десек, онымыз әншейін қызыл сөздің бодауына ғана жүрер еді. Кімнен не жасырғандаймыз?! Ата Заңымыздың төңірегінде тек 30 тамыз, яғни Конституция күні ғана әңгіме өрбітіп, қалған уақытты немқұрайдылықтың тұтқынында өткізетініміз өтірік пе?! Тек мемлекеттік мүддені көздейтін, сөзі де, ісі де мемлекетшіл рухта өрбуі тиіс мемлекеттік қызметкерлеріміздің өзі Конституцияны лауазымдық сатылау кезіндегі тест сынақтарында ғана қолға алатыны  құпия емес. «Мемлекеттік мереке» деген мәртебесі бола тұра, Конституция күні мектептерде де өз дәрежесінде дәріптелмей келеді. Өйткені, Ата Заңымыздың айтулы мерекесі оқушылар үшін жазғы демалыстарының соңғы күндерінің еншісінде кетеді. 

Базбір азаматтарымыз демократияны желеу етіп, әлеуметтік желілерде Конституцияға қатысты түрлі теріс пікірлер білдіріп жатады. Олар Конституцияны жеке тұлғаның емес, тұтас мемлекеттің мүддесін қорғайтын қастерлі құжат екенін ескермейді. Біздің Ата Заң Парламентте немесе Үкімет үйінде жабық түрде қабылданған жоқ. Қоғамда ұзақ талқыланып, отандық және шетелдік сарапшылардың сүзгісінен өтіп, жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны белгілі. Сонда бұл халықтың таңдауына қарсы шығу емес пе?!

Бәлкім, біз бұған өзіміз жағдай жасап беріп отырған шығармыз? Былай қарасаңыз, бізде заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер түгілі, Ата Заң талаптарына атүсті қарайтын жағдайлар да көп емес пе? Айталық, Ата Заңымыздың 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған талап орындалып отыр ма? Жоқ, әрине. Кез келген заңдар мен заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың өзінде көп мәселелердің ресми тілде реттеліп отыратынын көзіміз көріп жүр. Сондай-ақ, 14-бапта «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» делінген. Ал, шын мәнінде солай  ма? Сыбайлас жемқорлықтан арылып, қоғамда әділеттілік салтанат құрмайынша, бұл баптың да алдында ұяттымыз. Талабын орындата алмай келе жатқан Ата Заңымыздың тағы бір бабы – 20-бап. Бұл бапта: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деген таудай талап бар. Ал, құзырлы органдармен біте қайнасқан астыртын цензураның тамыры тереңге кеткелі қашан?! Тізбелей берсек, Ата Заң талаптарын орындау барысында осындай мазмұндағы олқылықтарымыз жетіп жатыр.

Қалай болғанда да, тәуелсіздігіміздің нығайып, әлем алдындағы беделіміздің биіктеуіне қосқан Ата Заңымыздың үлесі мол. Мұны дәлелдеп жату артық шығар. Бүгінгі тұрақтылығымыздың тұғыры десек те болады. Олай болса, Ата Заңның абыройын асырып, барынша насихатталуын қамтамасыз ету, оны қастерлеу, талаптарын бұлжытпай орындау – барша қазақстандықтың  басты парызына айналуы тиіс. Ал, осы бір қастерлі ұғымды әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялату – баршамыздың міндетіміз һәм парызымыз болса, қанеки!

 

 

Пікір қалдырыңыз