Жаңартылған жүйе жемісін беруі тиіс

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы оқу жылы бұрынғыларына қарағанда басқаша болмақ. Білім және ғылым саласы мамандарының дәстүрлі тамыз конференциясы биыл алғаш рет онлайн форматта өткізілді. Бұл кеңесте былтырғы оқу жылы қорытындыланып, болашақта атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен айтылды. Онлайн форматта өткен жиынға Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов, педагогтар мен ғалымдар, білім саласының сарапшылары қатысты.

Енді мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары біліктілік тестінен өтетін болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заң және Білім беру мен ғылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғанын, ендігі жерде осы екі құжаттың білім беру саласындағы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

 – Көп жерлерде мектеп директорлары мен орынбасарлары қарамағындағы мұғалімдерден аз жалақы алады. Олардың жалақысын көтеру үшін арнайы жүйе дайындалды. Енді олардың жалақысына 30-50 пайызға дейін үстемеақы беріледі. Ол үшін  біліктілік тестілеуінен өтуі тиіс. Бұл жүйенің балабақша мен колледж басшыларына да қатысы бар, – дейді министр.

Соңғы жылдары еліміздің білім беру саласында едәуір өзгерістер орын алды. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы заң қабылданып, оларды басы артық міндеттерден босататын бұйрық та бекітілген-ді. Жаңа заңға сәйкес мұғалімнің қызметіне жатпайтын міндеттемелерді жүктеген оқу орнының басшысы, лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылады. Тіпті, жұмыстан қуылулары да мүмкін.

Жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі тәрбие берудің жаңа моделі енгізілмек. Енді балаларды мектепке дайындайтын мекемелердің жұмысы толығымен қайта қаралады. Бұрын ол мекемелерге білім бөлімдері, басқармалар тарапынан мемлекеттік тапсырыс берілетін. Енді ол күндер келмеске кетті. Баласын кезекке тұрғызған ата-ана қай балабақшаны таңдайтынын өзі шешеді. Сол ата-ана таңдаған балабақшаға мемлекеттік тапсырыс үлестірілмек. Бұл балабақшалар арасындағы қызмет сапасының артуына ықпал етеді.

Оқу жылының тағы бір басты жаңалығы – шалғай ауылда мұғалім болып істейтіндер үшін жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Білім және ғылым министрінің айтуынша, бұл шағын жинақты мектептердегі білім сапасының төмендеуін жоймақ. «Ауылдағы кадр тапшылығы мәселесі де осы жүйе арқылы шешімін табады» дейді министр.

Биылғы оқу жылы онлайн оқыту жүйесінде басталатыны белгілі. Соған орай вице-премьер Ералы Тоғжанов балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын басты назарда ұстау керектігін тапсырды.

 – Оқушылардың мектепке кіруінен бастап үйлеріне тасымалдауға дейінгі барлық мәселелер мұқият қарастырылуы қажет. Балаларды мектеп алдынан қарсы алып, бірге алып жүретін кезекшілер белгіленуі тиіс. Мектептердің кіре берісіне «фильтрлер» қойылсын. Дезинфекциялық өткелдер мен аяқ киімге арналған кілемшелер міндеттелсін. Бөлмедегі температураны реттейтін құралдар мен санитайзерлер орнату қажет, – деді Ералы Тоғжанов.

Республикалық тамыз кеңесінде айтылған мәселелер төңірегінде ой қорытқан өңір педагогтары кешегі күні жаңа оқу жылына дайындық барысын тағы бір пысықтап өтті. Түркістан облысы бойынша биыл 910 мектепте 499 535 бала білім алмақ. Өңірдегі 838 елді мекеннің 705-інде интернет, ұялы байланыс жүйелері бар. Облыс бойынша 49 261 оқушы әлеуметтік осал топқа жататын балалардың санатында. Бірінші кезекте осы топтағы балалар компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Одан кейін күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың балаларына компьютер, планшет, смартфондар үлестіріледі.

Облысымызда 127 мектеп жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде оқыту жүйесімен бастайды. Ол үшін облыстың бас санитариялық дәрігерінің рұқсаты қажет. Дәстүрлі түрде жұмысын жалғастыратын білім ошақтары қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы қажет. Штаттық режимде жұмыс істейтін бұл білім ошақтарында 11 047 бала оқытылады. Бұл мектептердің 107-сі шағын жинақтық, 20-сы толық жинақтық мектеп. Бұл білім нысандарында 2 120 педагог бар. Облыс бойынша бастауыш сыныптарға арналған 3 395 кезекші сынып ашу жоспарланған. Ата-аналардың өтініші бойынша 534 мектеп осы жүйеде жұмыс істейді. Кезекші сыныптарда 54 929 оқушы оқытылмақ. Ол үшін 1 927 мұғалім жұмысын дәстүрлі түрде жалғастырады. Кезекші топтар үшін кадр тапшылығы жоқ.

Қашықтан оқыту мәселесі де өңірімізде оң шешімін тапқандай. Облыс бойынша 53 319 мұғалім «Қашықтан оқытуды үйрету» онлайн-курсынан өтіп, сертификатқа ие болды. Ал, өзге педагогтар жыл соңына дейін біліктілігін арттырады.

Елімізде онлайн оқыту үшін компьютер тапшылығы сезіліп отыр. Ондай мәселе біздің облыста да бар. Өңіріміздегі 131 ауылда интернет және ұялы байланыс желілері мүлдем жоқ. Мектептердің резервінде жарамды 24 317 компьютер болса, жалпы қажеттілік 99 907 дананы құрайды. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы тапсырма беріп, Үкімет резервінен 49 479 техника, аудан-қала бюджеттерінің есебінен 2406 техника сатып алынды. Министрлік бекіткен «Цифрлық портфель» талабына сай 5 оқушыға 1 компьютерден болуы қажет.

Тамыз конференциясы барысында вице-премьер Ералы Тоғжанов министрліктер мен әкімдіктегілерге нақты тапсырмалар берді. Үкімет басшысының орынбасары балабақшалардағы тәрбие мәселесінің сын көтермейтінін айтты.

– Мектепке дейінгі білім мекемелеріндегі тәрбиешілердің 25 пайыздан астамында кәсіби білім жоқ. Осы себепті де балабақшалардағы тәрбие мәселесі ақсап тұр. Әлемдік рейтингтердің мәліметіне сәйкес, бала тәрбиесі жөнінде Қазақстан 73-орынға тұрақтады. Жаңа оқу жылына әлі толық дайындалмаған өңірлер бар. Бастауыш сыныптары үшін кезекші сыныптар ашылады. Бірақ, ол жерде оқитын балалардың қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Осы мәселелер кезек күттірмей шешілуі тиіс, – деді Ералы Лұқпанұлы.

Қалай десек те білім саласындағы жаңалықтар оң өзгерістерге бастасын дейміз. Сапалы білім кемел болашаққа жол ашатыны белгілі. Сол болашақтан үмітті ел ретінде балаларымыздың сапалы білім һәм саналы тәрбие алуын осы бастан ойластырған жөн. Елімізде және өңірімізде өткен тамыз мәслихатынан осындай ой түюге болады.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз