Жауапкершілік күшейтілді

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейхановтың «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген сөзі бар. Алаш қайраткерінің сөзіне сүйенсек, заң қашан да халық мүддесіне қызмет етуі тиіс. Осы жылдың 22 маусымында қолданысқа енгізілген Азаматтық процестік кодексінің жаңа жобасы да «заңның адам пайдасына жазылатындығын» қалайтын қоғам сұранысынан туғаны белгілі. Біз Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Тамара СМАЙЛОВАНЫ әңгімеге тартып, кодекске енгізілген жаңалықтар жөнінде айтып беруін өтінген едік.

– Тамара Қалиқызы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 31 қазанында жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне қол қойған болатын. Елбасы қол қою рәсімінде жаңа кодекстің құқық саласын түбегейлі жақсартатынына, оны қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге үлес қосатынына сенім білдірген еді. Айтыңызшы, Елбасы белгілеген межеден көріне алдық па?

– Иә, содан бері де бес жыл өте шықты. Осы аралықта халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған қаншама жаңашыл жобалар іске асты. Соттар қағазбастылықтан арылып, жаңа технологияға негізделген, заман талабына сай оңтайлы, қолжетімді, ашық сот процестері базасы жасақталды. Татуласудың тиімді рәсімдері белгіленіп, халық медиацияның мүмкіндіктерін барынша пайдалануды түсіне бастады. Оның үстіне жылдан-жылға азаматтардың талаптары өсіп, экономикалық қатынастар өзгеріп келеді. Мұның бәрі сот жүйесіне әсерін тигізбей қоймайды. Осыдан туындаған келелі мәселелерді шешу мақсатында Жоғарғы сот тарапынан көптеген шаралар қолға алынып келеді. Ендігі меже – соттарда айыптаушылық көзқарасты төмендету, сот рәсімдерін оңайлату, кассацияға қолжетімділікті ұлғайту, татуласу институтын жетілдіру, әкімшілік соттарда құқықтарды қорғауды күшейту, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу. Бұл бағыттар бойынша Шымкент қалалық сотында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

– Дегенмен, сотқа жүгінетін азаматтардың әлі де азаймай отырғаны шындық. Әсіресе, азаматтық істер бойынша Кодекске жаңадан енгізілген өзгерістер бұл түйінді шешуге қаншалықты қауқарлы?

– Заңдардың жаңарып, толықтырылып отыруы – заман талабы. Бұрынғы кодексте судьяның процестік еркіндігі жоқ-тын. Олар басы артық рәсімдерден, қағазбастылықтан бас тарта алмайтын. Өйткені, заңның талабы сондай. Ал, жаңадан енгізілген өзгерістерге сай, судья мұндай жүктемелерден, басы артық әрекеттерден арылған. Мәселен, екі тарап сотқа келді делік, дау болған соң бірін-бірі айыптайтыны анық. Мұндайда айыптауға сәйкес позициясы дұрыс болғанымен, дәлелдемелері жеткіліксіз тарапқа судья көмек бере алмайтын. Егер көмек көрсетсе, екінші тарап «бейтараптық принципін бұзуға» орай айыптай жөнелетін. Ал, заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, судья екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа жетіп қана қоймай, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты дауға өз пікірін де білдіруге құқылы. Бұл осы кодекстің ең үлкен жетістігі деуге болады.

Судьялар бұл мәселені көптен бері қаузап келеді. Олар кейде айыпты болса да іс мықты тараптың пайдасына шешіліп кететінін мойындайды. Себебі, арызданушылардың біразының құқықтық сауаты төмен. Сауаты болмаған соң арыз дұрыс жазылмай, дәлелдемелер уақытында ұсынылмай қалады. Мұндайда судьяның көмек беруіне заң тыйым салып қойған. Судьялардың осы ұсынысы ескеріліп, тараптардың әділдікке, ақиқатқа жету жолын жақындата түсті.

Заңдағы тағы бір артықшылық – татуластыру рәсімдерінің сотта жүргізілуі. Сотқа дейін де, сотқа келгеннен кейін де бітімгер судьяның көмегімен бітімге келуге болады. Бұрынғы заңда бұған бес-ақ күн уақыт берілетін. Ал, жаңа заңда бұл мерзім он күнге ұзартылып отыр. Себебі, жер дауы, еңбек дауы, мұрагерлікке қатысты істерде дауды бес күннің ішінде шешіп алу оңай емес.

Сосын сот жүйесінде оңайлатылған тәртіппен қарайтын істер бар. Аты айтып тұрғандай, ол істерді қараудың тетіктері оңай. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бізде мемлекеттік баж салығы өте төмен. Оның жақсы да, жаман да жағы бар. Жаман жағы кейбір азаматтарымыз өз құқығын асыра пайдаланады. Сотқа қайта-қайта арызданып, дау қуып кетуі мүмкін. Сондай жағдайларды болдырмас үшін мемлекеттік баж салығы көбейтіліп отыр. Мәселен, жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін, яғни 550 600 теңгеден 2 миллион 778 мың теңгеге дейін артса, заңды тұлғалар үшін баж салығы 700 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін еселенді. Бұл 1 миллион 944 мың 600 теңге мен 5 миллион 556 мың теңгенің арасы. Осыдан кейін болмашы кикілжіңдер үшін сотқа арызданатындардың саны азаяр деген сенімдеміз. Өйткені, әлгіндей қаржы төлеп, сотқа арыздануға екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық.

Бұрынғы заңда сот процестерінде түсірілген аудио және бейнежазбалардың құқықтық мәртебесі жоқ болатын. Енді оған электронды хаттама мәртебесі беріліп отыр. Яғни бұл аудио және бейнежазбалардың құжаттық күші бар деген сөз.

– Тамара ханым, аталған өзгерістерден қандай нәтиже күтеміз? Заңдағы судьяларға берілген артықшылықтар азаматтардың құқығына теріс әсер етпей ме?

– Әрине, заңның бұл тұсы қоғамда әртүрлі пікірлер тудыруы мүмкін. Судьялардың іске еркін араласуын көңілі қалаған тарапқа болысу деп ұғынатындар да аз емес. Бұл – қате ұғым. Іске төрағалық ететін судья процесті толық басқаруы керек. Ол дауды әділ шешуі үшін мән-жайларды толық анықтап, тараптардың позициясын түсіне білуі қажет. Бұл тұрғыда судья белсенді болуы тиіс. Сондықтан оған заңға сай біршама өкілеттіктер беріліп отыр. Мәселен, судья екі тарапты кез келген уақытта сотқа шақыруы мүмкін. Қазіргі адамдар үшін уақыттың өте қымбат екенін ескерсек, тығыз жұмыстарын ысырып қойып, сотқа келу азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін. Заңның негізгі мақсаты да судьяларды осындай бюрократиялық әрекеттерден арылту. Яғни енгізілген өзгерістерге сай енді жеңіл мәселелер тараптарды шақыртусыз-ақ қарала береді. Артық сот рәсімдері қысқартылып, соттар қабылдайтын 9 түрлі ұйғарым алынып тасталды. Мұның бәрі судьяның әділ әрі заңды шешім қабылдауына жасалған жағдайлар деп түсінгеніміз абзал.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

 

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз