Ауылдасқа – арзан шөп!

Таяуда аудан орталығынан үш адамнан құралған жұмыс тобы шығып, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты басты-басты шаруашылық нысандарының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен пікірлесіп қайтты. Жартытөбе ауылдық әкімдігі мұрындық болған жиында қысқы мал азығын дайындау мәселесі, шөптің бағасы жөнінде сөз болды. Жұмыс тобының құрамында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайырбек Мейірманұлы, аудан әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Қабыл Еспенбетов және БАҚ өкілдері болды.

Елімізде орын алып отырған карантин жағдайына байланысты сақтық шараларын негізге ала отырып, табиғат аясында өткізілген жиынды Жартытөбе ауылы әкімінің міндетін атқарушы Жүсіпов Данияр ашты.

Одан кейін сөз алған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманұлы егін шығынын жан-жақты есептей отырып, пресс бағасын 350 теңгеден көтермеуге шақырды. «Біз жер жыртуы, оруы, дестелеуі, жинауы, артуы және жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер шығынын есептей отырып жоңышқаның бір дестесі 117 теңгені құрайды деген тоқтамға келдік. Міне, осы тұрғыдан алғанда жоңышқа шөбінің дестесін 350 теңгеден сатсаңыздар сіздер де ұтылмайсыздар, шаруалар да қиналмайды» деді бөлім басшысы.

Мұнан кейін сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Еспенбетов «бұл мәселе біздің қоғамдық кеңестің де бақылауында. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Созақ ауданындағы бөлімшесінің басшысы Жүсіп Ғабитпен де осы мәселе жөнінде сөйлестік. Сондықтан, мына ауыл шаруашылығы бөлімінің жасап келген таблицасына, есеп-қисабына байланысты айтарларыңыз бар ма? Сіздер көтерген мәселелерді біз тиісті жерлерге жеткізейік. Сосын, өздеріңіз білесіздер, мен саналы ғұмырымның бір бөлігін мемлекеттік қызметке, оның ішінде осы ауыл шаруашылығы саласына арнаған жанмын. Әлі есімде, Кеңес Одағы тұсында осы қазір сіздер иеленіп отырған жерлердің бір бөлігін аудан өзіне алатын-дағы сол жерлерден орылған шөп аудан тұрғындарына арзан бағамен сатылатын, тіпті, тегін таратылатын да кездері болатын. Сол уақытта жетіп тұрған шөп неге бүгінгі таңда жетпей жатыр?» деді.

Жартытөбе ауылдық әкімдігіне қарасты шаруашылық нысандарының иелері ауыл шаруашылығына мемлекеттен ешқандай субсидия бөлінбейтінін, жанар-жағармай мен жіптің және бұзылған техникаларға қажетті қосалқы бөлшектердің қымбаттығын алға тартты. Сондай-ақ, шөп орушыға, дестелеушіге, шөпті артып-жинаушыға төленетін қаржы да қомақты. Оның үстіне, биыл жауын-шашынның кеш жауып, шөптің шығымы да аздығын тілге тиек етті.

– Дұрыс айтады, бұл мәселеге мемлекет тарапынан субсидия қаралмаған. Тек шаруашылық техникаларын аламын деушілерге ғана субсидия беріледі. Ал, жанар-жағармайдың бағасына келсек, оны өз құнынан арзандатып, сіздерге 160 теңгеден бердік. Бірақ, түрлі сылтаулармен өздеріңіз арзан соляркадан бас тарттыңыздар, – деді Қайырбек Мейірманұлы.

Сонымен, шаруалар жоңышқа шөбінің 1 дестесін аудан тұрғындарына 450 теңгеден, ал, дала шөбінің 1 дестесін 300 теңгеден сататын болып сөз байласты. Жиынның соңында ауыл қариялары осы пәтуаға адал болуға шақырып, баталарын берді.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

 

 

Пікір қалдырыңыз