Соттың жеделдігін арттырады

Елімізде сот жүйесі заман талабына сәйкес материалдық және заңнамалық жағынан да нығайып келеді. Бұған соңғы жылдары қабылданған жаңа заңдардың, оларға енген түзетулер мен өзгерістердің, соттың тәуелсіздігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған пилоттық жобалардың өндірісте батыл жүзеге асырылуы айқын дәлел.

Биыл 10 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңға оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Атап айтар болсақ, бұдан былай талап арызды оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қабылдау туралы, оңайлатылған іс жүргізуден жалпы талап қою ісін жүргізуге көшу туралы ұйғарымдар алып тасталды.

Оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша шек жеке тұлғалар үшін 200-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін, заңды тұлғалар үшін 700-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылған. Бұдан бөлек, оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша шешім тек кіріспе және қарар бөлігінен тұрады, уәждеу бөлігі алынып тасталды.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес енді сот тараптардың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің бастамасы бойынша, сонымен қатар, шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындайды. Ал, шешім шығарылғаннан кейін сотқа келіп түскен, дауды жалпы тәртіппен қарау туралы өтініш хат осы шешімнің күшін жою туралы арыз ретінде қабылданады және қаралады.

Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы. Шымкент қаласы

 

 

Пікір қалдырыңыз