Ыдыс-аяқ сылдырламасын десек...

Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны анық. Ілгеріде отбасындағы ұрыс-жанжал сол отбасының ішкі ісі саналып, оған көп адам назар аудара бермейтін. Ал, бүгінде шаңырақтағы жанжал түрлі дәрежедегі дене жарақатына ұшырататын, тіпті, кісі өліміне дейін жеткізетін қылмыстарға ұласып, отбасы ауқымынан шығып барады. Ішкі істер органдарының деректеріне сүйенсек, отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттерінің жыл сайын көбейіп бара жатқанын байқаймыз.

«Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республика көлемінде қолға алынған акцияның негізгі мақсаты да көпшілікті осындай тұрмыстық оқиғалардың алдын алуға шақыру болатын. Жақында Созақ аудандық полиция бөліміне қарасты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Манапова аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен бірлесіп, халыққа ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Акция аясында тұрғындарға буклеттер таратылып, Шолаққорған ауылының С.Қожанов көшесі мен Сызған ауылының көрнекті жерлеріне билбордтар ілінді. Бұдан бөлек, топ мүшелері қолайсыз отбасылардың шаңырағына бас сұғып, балаларға сыйлықтар тарту етті. Жалпы, акция аясында 70-тен аса отбасының жай-күйі тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Д. ЖҮСІПОВ. Созақ ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз