Егіс көлемі 12 мың гектарға артты

Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені республикада жетекші орында. Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің 12%-ы облысқа тиесілі. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егіліп, Түркістан облысы құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артты. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша біздің өңір республикада екінші орыннан көрінген. «2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, республикадағы үлесі 15 пайызға жетіп, екінші орынды иемдендік. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд. теңгеге артып, 706 млрд. теңге көлемінде болады деп болжануда. Бүгінде өнім жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда

2,2 мың тонна бақша өнімдері, 245,4 мың тонна көкөніс, 22,3 мың тонна картоп жиналды. Одан бөлек 727,2 мың тонна мал азығы дайындалды» деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Ағымдағы жылы облыс бойынша масақты дақылдардан 477,4 мың тонна, дәндік жүгеріден 202,8 мың тонна, мақсарыдан 74,4 мың тонна, мақтадан 334,8 мың тонна, көкөніс, бақша, картоптан 2 млн. 760 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірде тамшылатып суару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетті. Ал, жылыжайлар 55,02 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарды құрады. Бүгінгі күнге, жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға жиырма мың тоннадан астам жанармай берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап жанармай бағасы литріне 160 теңгеге бекітіліп, нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан босатылып жатқанын да айта кетейік.

«Оңтүстік» - ақпарат.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз