Жылқы шетқақпай көрмейді

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Кешегі апта әлеуметтік желіде жиі талқыланған тақырыптың бірі шошқа шаруашылығын дамытуға бөлінетін ақша төңірегінде болды. Белгілі журналист Мақсат Толықбай әр шошқаға мемлекет тарапынан 140 мың теңге субсидия берілетінін, есесіне қазақтың ежелгі кәсібі – жылқы шаруашылығына ешқандай жәрдем берілмейтін болғанын айтып, дабыл қақты. Пікір жазғандардың барлығы дерлік журналист көтерген мәселені қолдап-қуаттайтынын білдірді.

Әлеуметтік желіде жиі талқыланған мәселеге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады. Мемлекеттік қолдау мен субсидиялаудың арқасында Қазақстанда жылқы саны кеңестік кезеңге қарағанда 1,7 есе артқанын айтқан министрлік Қамбар ата тұқымы бұдан кейін де шетқақпай көрмейтінін жеткізді. «1991 жылы Қазақстандағы барлық санаттағы шаруашылықтарда жылқы саны шамамен 1,7 млн. болды. Одан кейінгі нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны күрт азайып, 2000 жылға қарай республикадағы жылқы саны миллионға да жетпей қалды. Мемлекет 2002 жылдары шаруаларға қолдау көрсете бастағаннан кейін мал санында өсім байқалды. 2011 жылы асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау іске қосылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінгі таңда жылқы саны 2,9 миллионға дейін өсті. Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал, 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп» делінген ресми мәлімдемеде.

Иә, бүгінде елімізде жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі біршама дамып, асыл тұқымды жылқылардың да саны әдеуір артты. 2011 жылдан бері мемлекет сатып алуды субсидиялап, нәтижесінде олардың үлесі 1,9 есе өскен. Жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету әлі де өз жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, мемлекет сатып алынған әрбір асыл тұқымды айғыр үшін қайтарымсыз 100 000 теңге төлейді. Ал, бие сүтін өндірушілер де мемлекет жеңілдігінен сырт қалып жүрген жоқ. Оларға бие сүтін өндіргені үшін әр литріне 60 теңгеден төленеді. Сондай-ақ, асыл тұқымды биені бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңге беріледі. Одан бөлек, жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  өткен жылы 4,7 мың жылқы фермалары мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған екен. Сонымен қатар, жоғарыда аталған қолдау шараларына қосымша, жылқы шаруашылығын өркендетушілерге 6 пайыздық жеңілдікпен он жылға дейінгі мерзімге несие беру де қарастырылған. «2018 жылы 12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды. Былтыр 1 440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілді. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деп күтілуде. Бұл ретте жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екенін атап өткен жөн. Экспорттық нарық мүлде жоқ деуге де болады» делінген ведомство мәліметінде.

Иә, Қамбар ата түлігінің санын көбейту үшін 2016 жылдан бері «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мұның бәрі сайып келгенде, қазақтың ежелгі ата кәсібі – мал шаруашылығын, оның ішінде жылқы өсіруге жасалып жатқан жеңілдік. Демек, алдағы уақытта да жылқы шаруашылығы ешқандай шетқақпай көрмейді.

 

 

Пікір қалдырыңыз