ЖАЛАҢ ҰРАНМЕН ЖАҢҒЫРА АЛМАЙМЫЗ

Қоғамда жемқорлықпен күрестің қарқыны күшейгенімен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр.

Сыбайлас жемқорлық - елдің экономикалық әлеуетін тұралатып, бәсекеге қабілетін бәсеңдететін  қауіпті дерт. Ол кез келген мемлекеттің саяси дамуын тежеп, билік пен бұқара арасындағы сенімнің сетінеуіне ықпал етеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес жүргізу және оның алдын-алу - ел саясатының негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.

Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарына өзгерістер енгізіліп, онда қылмыскерлерді құрықтап жазалауға емес, оны болдырмауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға күш салу көзделген. Дегенмен, қоғамда жемқорлықпен күрестің қарқыны күшейгенімен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін асыра пайдалану, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау және заңсыз араласу, пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректерінің әлі де белең алып тұрғаны шындық. Тіпті, бүгінгі қоғамда мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке басына пайдалану, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, мекемені тексеруге келетіндерге қаржы жинау секілді жағдайларға ешкім де таңғалмайтын болды.

Әрине, мұндай жағдайда азаматтардың қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оперативтілігі айрықша маңызға ие. «Жемқорлыққа қарсымыз!» деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанымен, іске келгенде шабандап жатамыз. Сондықтан, қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі - еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.

Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген азамат агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет ететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуы тиіс. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия сақталып, берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер операторлар арқылы қабылданады. Ел аумағынан, өңір тұрғындарынан және елді мекендерден сыбайлас жемқорлыққа байланысты ақпарат түскен жағдайда жедел желінің операторлары абонентті агенттіктің кезекші офицерімен тікелей байланыстырып, әрбір хабарламаны басты назарға алып отырады. Тіпті, кейбір тұрғындар өз ақпаратына сенімсіздік білдірген жағдайда тегін консультациялық кеңестер беріліп, ақпараттық көмектер көрсетіледі. Бүгінде «1424» сенім телефоны арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижесінде қаншама іс қозғалып, бірқатар көлеңкелі қылмыстың беті ашылып үлгерді. Тек бұл ғана емес, қоғам індеті жайлы тиісті мекемеге хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған.  Мәселен, агенттікке не болмаса агенттіктің аумақтық департаменттеріне жазбаша түрде арыз қалдыру арқылы да хабардар етуге болады.



Қазіргі таңда агенттік Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" бастамасын негізге алып, әрбір тұрғыннан келіп түскен ақпаратқа айрықша ден қоюда. Азаматтардың құқықбұзушылық туралы берген мәліметі расталып, сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жұмысына жәрдемдескені үшін аталмыш азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді және олардың жеке бас қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады. 

Құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі. Қазіргі таңда, 1 айлық есептік көрсеткіш 2778 теңгені құрайтындығын ескерсек, әкімшілік істер бойынша -  83 340 теңге (30АЕК), қылмыстық істер бойынша  - 111 120 теңге (40АЕК), орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша -  138 900 теңге (50 АЕК), ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 194 460 теңге (70АЕК) және аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 277 800 теңге  (100 АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы беру қарастырылған.

Бұған қоса, құны 2 778 000 теңге (1000 АЕК) асатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залалдың 10 пайызын құрайды. Бұл әдіс бармақ басты, көз қысты әрекеттердің анықталуын жеделдетіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықтың азаюына және халықпен кері байланыстың сапасын арттыруда тиімді тетік екені даусыз. Сондықтан, ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлауда азаматтық белсенділікті арттыру қажет. Мемлекетіміздің кемел келешегін қалыптастыруда қоғамдық пікірдің құны қымбат, маңыздылығы жоғары екендігін ұмытпағанымыз абзал. 

 

Мирас ҚАРҒАБАЙ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары.   

Пікір қалдырыңыз