ҰЛАҒАТ

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Әбдікәрім Бектаев ағамыз тірі болса, бұл күнде сексен жасқа келіп, ел-жұртының, ағайын, туыс, тілектес замандастарының, отбасы, бала-шағасының құрметіне бөленіп, ықыласына кенеліп, марқайып, төрде отырар еді. Ол құрметті тек абыз жасына келгендігінен емес, еліне, жеріне, өзі өмір сүрген қоғамына адал еңбек сіңіріп, ғибратты сөз, өрісі кең өнеге, асыл текті ұрпақ қалдырғандығынан да көрер еді. Қарттықты сыйлау, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден қалыптасқан қазыналы дәстүрлерінің бірі ғана емес, сол игі дәстүрлердің ең тұғырықтысы, өскелең ұрпақпен тұтастығы, рухани қазыналылығы екендігі бүгін айтылған сөз емес, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан асыл мұра.

Әбекең – Әбдікәрім Бектайұлы – сол асыл мұраны сақтап қана қоймай, перзенттік парызымен оны жаңғыртып, дамытып, өзінің қайраткерлік еңбегімен, адамгершілік мінез-құлқымен, мәдениеттілігімен, білгір ұйымдастырушылығымен өрісін кеңейткен тұлға.

Ат жалын тартып мінгеннен бастап, туған өңірінің тұрмыс-тіршілігіне белсене араласу қамында, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірінде су шаруашылығының, суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудің маңыздылығын қапысыз түсініп өсті. Ол жылдары әйгілі Мырзашөл даласын игеру, суландыру жобалары мемлекеттік маңызға ие болып, жаңа жерлерді игеру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқан кез еді.

Үлкен өмірге қанат қаққан бозбала болашағын осы ұлы дүбірмен байланыстырып, Ташкент қаласындағы Бүкілодақтық су шаруашылығы институтынан білім алып, мелиорация инженері мамандығын иеленіп шықты. Бірден жылы орын іздеместен тәжірибе жинақтау үшін, кәсіби маман ретінде шеберлігін жетілдіру үшін, азамат ретінде өзін-өзі шыңдау үшін жұмысты өндірістің қайнаған ортасынан бастады. Қатардағы инженерден бастап, жылжымалы механикаландырылған колоннаның бас инженері, бастығы, аудандық су жүйесінің бастығы қызметтерінде сан түрлі ұлт өкілдерімен бірге жұмыс істеп, жұмысты тиімді ұйымдастыра білу мектебінен өтті. Жұмысшылар, инженерлер, жобалаушылар, егістік саласының мамандары бір кісідей жұмылып жұмыс істеуі үшін, жоғары жетістіктерді бағындыру үшін, әрине, олардың бірінші басшысының бойында шеберлігі, біліктілігі, білімділігі, адамдармен ортақ тіл табыса алатын қабілеті, өндіріс болашағын болжай алатын көрегендігі, басқа да қасиеттері тоғысып жатуы тиіс болатын. Осы қасиеттердің бәрі де жас маман Әбдікәрім Бектайұлының бойынан табылды. «Жас келсе іске» демекші, еңбек адамдарының ортасында білгір маман, әділ басшы, ұтқыр ұйымдастырушы болған Әбекеңнің жас шағында еңбек адамдарының таптырмас мектебінен өтуі – оның құрылыс, су шаруашылығы ұжымдарын басқарудан аудан, облыста лауазымды партия қызметтеріне жоғарылатылуына негіз болды. Әбекең кезінде Қазығұрт, Төлеби аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып, жиырма жылдан астам абыройлы қызмет етті.

Сол қызметтерде жүргенде Әбдікәрім Бектайұлының түрлі мәселелердің орынды шешілуіне бастамашы болғанын онымен әріптес, қызметтес болған адамдардың баршасы құрметпен еске алады. Олардың арасында есімдері республикаға танымал Мархабат Байғұт, Сергей Терещенко, Зауытбек Тұрысбеков, Сәт Тоқпақбаев, Болат Жылқышиев, Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, Оразкүл Асанғазықызы, Мырзагелді Кемел, Әкім Ысқақ, Нұрғали Нүсіпжанов секілді азаматтар бар.

Әбдікәрім Бектайұлы туралы естеліктер жинағына менің де «Елдіктің тірегі, қарттықтың қазынасы» деген естелігім енген еді. Мақаладағы ойлар тізбегін жалғастырып, «Елдіктің тірегі» дейтінім – Әбдікәрім Бектаев өмірінің соңына дейін ел бірлігіне, ынтымағына, өсіп-өркендеуіне тынбай, дамылсыз үлес қосты. Бүкіл болмысымен, жүріс-тұрысымен, сөздерімен ел ішіндегі бауырмалдықты, еңбекқорлықты, өзара түсіністікті ту қылып көтеретін. Лауазымды қызметтерде жүргенде де, одан кейін зейнетке шыққанда да, ардагерлер кеңесінің төрағасы болғанда да халықтың қамын ойлады. Адамдарға, туған елге жақсылық жасауға қажымай, талмай еңбек етті. Талай қиналған, тарыққан жандарға қол ұшын берді, қысылған адамның мұқтаждықтан, кіріптарлықтан шығуына көмек көрсетті. Тұйыққа тірелген кейбір тағдырлардың дұрыс жолға түсуіне ықпал етті. Ел тұрмысының оңалуына барын салды.

«Қарттықтың қазынасы» дейтінім, Әбекең ел ағасы дәрежесін өзінің қоғамға, ел-жұрттың өмірінің жақсы, жарамды болуына жұмсап, ел ішінде абыз боларлық деңгейге жетіп еді. «Қарттық» дегенде айтып отырғаным – ол кісінің жасаған жасы емес, бойындағы үлкен құрметті адамға тән байсалдылығы мен парасаттылығы, ер қадірін, сөз қадірін білетіндігі. Алқалы топта ағалық сөз айта алатын, көпті көрген, көп білетін, ел танитын, сыйлайтын, сөзіне тоқтайтын тұлға болып еді. Ағамыз қай кезде де, қандай жағдайда да елдің көкірегінде, көңілінде тұрған келелі ойдың тамырын дөп басатын. Ол кісінің әңгімесін тыңдасам, сыр сандығынан қазыналы зерденің шетін көретінмін. Өткен, кеткен заманнан көп оқиғаны, көп адамдарды білетін. Әңгіменің етін сүйегінен ажыратып, тыңдаушысының қабылдауына лайықтап, санасына сіңіріп, айтатын. Қысыр әңгімелерден бойын аулақ ұстап, көбіне азаматтықтың, елдіктің, өнегеліліктің, кісіліктің нұсқаларын айтатыны еңсемізді көтеріп, санамызға түскен жарық сәуленің көкжиегін кеңейтетін. Ел ішін, әртүрлі тұлғалардың көңіл-күйін, оның шынайы келбетін бұрмалаусыз айтатын. Әділіне жүретін, қылдан таймайтын. Кейде тіпті көзге көрініп тұрған кейбір адамдардың қырсыздығын, сөзінің орынсыздығын, оғаштығының өзін тігісін жатқызып, «жөнге келер», «әділдікке көзін жеткізер», «сабасына түсер», «өзінің негізсіз, орынсыз сөйлегенін өзі мойындар» деп үмітін үзбейтін. Кешірімділігі де, кемеңгерлігі де бар еді. Қазыналықтың бір мағынасы осындай ұстанымдарда болар. Қазымырлығы жоқ, қазыналығы шалқар аға еді ғой, Әбекең.

Біз, бүгінгі аға ұрпақ өкілдері, екі дәуірге куә болып отырмыз. Уақыт, жылдар өлшемі жағынан екі дәуір бір-біріне жақын болғанымен, екі заманның ішкі мазмұны бір-бірінен алшақ, бір-біріне ұқсамайды, кей жағдайда бір-біріне қарама қайшы екі жүйе. Бірақ, адамдардың тағдыры бір.

Жаңа тұрмыс, саяси билік жүйесін қалыптастыру оңайға түспегені белгілі. Осындайда Әбекең сияқты ұйымдастыру-саяси жұмыстардың жөнін білетін адамдар жаңа заманға да көп еңбек сіңіре алды. Сондықтан да Әбекең мемлекеттік тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейінгі жаңа дәуірде көп жылдар бойы аудандық Кеңес, мәслихат жұмыстарын басқарып, аумалы-төкпелі кезеңде уақыт талабына сай абыройлы қызмет атқарды.

Өмірдегі барлық жетістіктері, абырой, атағы ол кісінің жүрген ортасына, еліне, жұртына, үлкен, кішіге аса құрметтілігі, адамға адалдығы, өсу жолындағы жоғары мәдениеттілігімен тығыз байланысты.

Әбекеңе арналған естеліктер жинағында ағамыздың асыл жары Роза Жайлаубекқызы отағасымен бірге елу жылдан астам өмір сүріп, елге үлгі боларлық отбасының шаңырағын бірге көтеріскен бақытты дәуірін баяндап, төмендегі мына сөздерге айрықша екпін беріпті: «Әбекең мінезге бай азамат еді. Пайғамбарымыз: «Көркем мінезді болыңдар» деген ғой. Ол шынымен де көркем мінезді еді. Отырған жерінде кімді болса да баурап алатын. Істеген жақсылығын ешқашан айтып, міндет етпейтін. Сондықтан да Алланың сүйген құлы болған шығар деп ойлаймын. Жаның жәннатта болғай, асыл арысым!» (Әбдікәрім Бектаев. Естеліктер. 469-бет).

Айтса айтқандай, Әбдікәрім Бектаевтың ұлағатты өмірі ұрпаққа өнеге болары шүбәсіз.

Бір айта кетерлігі, Әбекең құрметке жоғары лауазымды қызметтер атқарумен ғана бөленген жоқ. Ол ең бірінші кезекте жақсы ұрпақ тәрбиеледі. Оның өзі бір өнеге.

Шын мәнінде Бектаевтар отбасы – өнегелі де, мерейлі отбасы. Ол отбасы – Әбекеңнің өмірде адамдарға жасаған жақсылығының жалғасы. Адамдық, адалдық қасиеттерін перзенттерінің одан әрі дамытып әкетуі сөз жоқ, разы етеді. Әрбір пенде нәресте болып өмір есігін ашып, Әбекеңдей өнегелі өмір сүріп, қоғам алдында парызын өтесе, ондай адамдарды ұлы Абай айтқандай, өлді деуге болмайтын шығар.

 

Лебіздер

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕГЕ ТІЛЕЙТІН

Әбдікәрім ағаның бойындағы ең жақсы қасиеттерінің бірі сабырлылық еді. Қандай мәселе болмасын жүрегінен өткізіп барып, таразының екі басын тең ұстай отырып шешім қабылдайтын. Әрбір істі тиісті деңгейіне жеткізіп, ел игілігі үшін орындайтындығы істеген ісінен аңғарылып тұратын. Мінезі өте қарапайым, халыққа жақын болды. Менмендік пен атаққұмарлықтан ада, өзіне емес, өзгеге болса екен деген жан еді. Ешқашан «осы ісіммен көрініп қалайын» деген әсіреқызыл әрекетке әуес болған емес.

Ол кісі елдің ынтымақ-бірлігі мен татулығы жолында жанын аямайтын басшы болды. Мәслихат депутаты, аудан басшысы ретінде ел игілігі жолында білімі мен білігін, тәжірибесін сарқа жұмсады. Әсіресе, алқалы басқосуларда күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанда облыс басшыларының алдында бүгежектемей, өз пікірі мен ұсынысын нақты дәлелмен түсінікті етіп жеткізетін. Ол кісі кезінде Өзбекстан су ресурстары комитетінде басшы қызметте істеген тәжірибесі мен біліміне сүйеніп, Сарыағаш пен Келес өңірін суландыруға көрші мемлекеттен су тарту жайлы ұсынысын сол тұстағы облыс басшысы Асанбай Асқаровқа нақты дәлелдермен айтып, көзін жеткізіп, сол жобаны жүзеге асыртқаны есімде.

Төле би бабаның есімін өзі басқарған ауданға алып беру жолында көп ізденді, өлшеусіз еңбек сіңірді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жастар тәрбиесімен көп айналысты. Жастарды ұлттық салт-дәстүрді қастерлеуге, тарихты терең білуге шақырды, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиеледі.

Ағаның өз отбасындағы перзенттерінің тәрбиесіне сіңірген еңбегі де ерекше. Әбекеңнің үйде де, түзде де тиянақты жұмыс істеуіне өмірлік қосағы Роза апай да үлкен қолдау көрсетті. Адами қасиетімен өзгелерге үлгі болған Әбдікәрім аға халқының ризашылығына бөленген азамат еді.

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

ҚАЙДА ҚИЫН – ОЛ ҮНЕМІ СОНДА ЖҮРЕТІН

Әбдікәрім Бектаев жөнінде әспетті әңгімелер көп. Оның өмір жолы өнегелі өрнектерімен өзгешеленеді. Еңбек жолын Мырзашөлді игеруден бастаған Әбекең үлкен шыңдалу мектебінен өткен еді. Облыстық партия комитетінде сектор меңгерушісі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Ленгір аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Терещенкомен тізе қосып, экономикалық өсім жөнінен артта қалып келе жатқан ауданды аяғынан тұрғызуға жетеледі.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары аудандық мәслихаттың хатшысы қызметіне тағайындалған Әбекең ауыр кезеңдерді тағы да бастан өткерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекешелендіру саясаты жергілікті тұрғындарға оңай болмағаны белгілі. Міне, осы тұста аудандық мәслихаттың хатшысы үнемі шаруалардың ортасында жүрді. Көптеген қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысты. Зейнеткерлікке шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мұнда да оған артылған жүк ауыр еді. Әкесі Бектай орамалының шалғайындағы түйген нанын қаріп-қасірлерге үлестірген екен. Әбекең де осы жолды таңдады. Өтпелі кезең өткелінде әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған отбасыларға қолдан келген көмегін көрсетіп, көп ұлт тұратын ауданда достықтың, бірліктің ұйытқысы болып жүрді.

Әбекеңмен қоян-қолтық араласып, бірге жүрмесем де ол кісінің көптеген игі істерінің куәсі болдық. Шын мәнінде Әбекең елі үшін туған абыз ақсақалдардың бірі еді. Сондықтан оны сағынышпен еске аламыз.

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

ЕШКІМНІҢ КӨҢІЛІНЕ ҚАЯУ САЛМАДЫ

Әбекең аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған кезінде мен «Қазығұрт» кеңшарының директоры болып жұмыс істедім. Біз ол кісінің тек жақсылығын көрдік. Адамгершілігі мол, өте кең жан еді. Кішіпейіл, адамның көңіліне ауыр тиетін сөз айтпай, өзгенің олқы тірлігі үшін өзі ұялып тұратын қасиетке ие еді.

Несін жасырайық, ол замандарда билік басындағы азаматтардың көпшілігі қарамағындағылардың қандай да бір теріс қылығы үшін оны ұжымның алдында ауыр-ауыр сөздер айтып, кінәліні жерге қарататын жүйемен жұмыс істейтін. Ал, Әбекең осы тұрғыдан келгенде адамды қадірлей білетін, көңілге қаяу түсірмей жай сөзбен-ақ қатесін жетесіне жеткізе білетін салмақты, салиқалы басшы еді. Әкесі ашаршылық тұсында қолтығына нанын қысып алып, ауыл-аймақтағы аш құрсақ жандарға аз-аздан кесіп беріп, көмек берген деседі білетіндер. Әбекең де әке тәрбиесін көрген, айналасына шуағын шашып жүретін жан болды. Ол кісіні қалай мақтасақ та, қалай құрметтесек те жарасады.

Әтірхан Шыңғысбаев, Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

1 пікір

  • Полат Ермекбаевич
    Полат Ермекбаевич

    Əбдікəрім ағамыздың өзіде сөзі де асыл

Пікір қалдырыңыз