Айт мерекесі құтты болсын, ағайын!

Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша халықтың, мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамы 24 мамыр күні басталады.

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.

Алайда, биылғы Ораза айт мерекесінде әлемді дүрбелеңге салған Сovid-19 жұқпалы індетіне байланысты және карантин талаптарына сәйкес мешіттерде айт намазы оқылмайды. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара болып саналады. Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, жылы шырай танытып, телефон арқылы болса да тілеулестік білдірген жөн.

Биыл еліміздің мұсылмандары өз үйлерінде болып қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде «Жүрек жылуы», «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциялары өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарыма «Алла разы болсын» айтамын.

Құрметті қауым! Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемен еліміздің болашағы баянды болғай!

Ораза айт құтты болсын!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, дінтанушы-магистр.

 

Пікір қалдырыңыз