Түркістанда заңды тұлғалар үшін ХҚО ашылды

Құжаттарды қабылдау тек алдын ала брондау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

Түркістан облысының төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен 4 мамырдан бастап Түркістан қаласында заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін бір ғана ХҚО ашылды. 

Айта кетейік, дәл осындай ХҚО Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларында өз жұмысын бастаған болатын. Таяу уақытта төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық штабтардың шешімімен заңды тұлғаларға қызмет көрсету үшін Қазақстанның өзге қалаларында да осындай ХҚО ашылатын болады.

Құжаттарды қабылдау тек алдын ала брондау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады. Ескерте кететін жайт, ХҚО-лар тек бизнеске қызмет көрсету үшін ғана жұмыс істейді. Облыс тұрғындары мемлекеттік қызметтерді онлайн жолмен ала береді. 

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 87 пайызы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді. Сондай-ақ, қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты, Facebook және Vk әлеуметтік желілерінің чаттары арқылы алуға болатындығын тағы да еске саламыз. 

Мемлекеттік қызметтерді сапалы және тиімді көрсету үшін кәсіпкерлер ХҚО-ға құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет. Әрі келушілер маска режимін қатаң сақтауы тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау мақсатында филиал қызметкерлері карантин талаптарына сай жұмыс істейді.

Заңды тұлғаларға қызмет көрсететін ХҚО мекенжайы: Түркістан қ., 160 кв, 236 құрылыс. Жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-17:00 аралығы.

«Оңтүстік»-ақпарат.


Пікір қалдырыңыз