Шапшаң ойлы, шаршамайтын журналист

Белгілі қаламгер, құрдасым Қуандық Оразбекұлының журналистикадағы жолы «Оңтүстік Қазақстаннан» басталып, ізі «Жас Алашта», «Заң газетінде», «Дала мен Қалада», «Айқында» сайрап жатыр.

Жасы жеткен кезде зейнеткерлікке «Айқыннан» шықты. Ғалым ретінде есімін Түркістандағы ерекше мәртебеге ие Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық, сондай-ақ Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттерінде ерекше құрметпен атайды. Жоғары оқу орындарында әліге дейін қызмет істейді.

Ол журналистиканың ыстығы мен суығынан бір сәт те қол үзген емес. Сонымен бірге ұзақ жыл бойы ғылыми-педагогикалық қызметті қатар алып жүрді. Бұл – Қуандық Оразбекұлының көп қырының бірі ғана.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аяқталып келе жатқан. Қалекең өндіріп жазып жүрді. Бас редактор Әмірсейіт Әлиев бірде Қуандықтың оперативтілігін сынап көрмекші болды ма кім білсін, жұмыс күні аяқталуға тақағанда оған шұғыл тапсырма беріп, 300 жолдай мақала жазуды міндеттеді.

Ертеңіне таңертеңгі жиналыста бас редактор:

– Қуандық, кешегі тапсырманы не істеп жатырсың? – деп сұрады. Бәріміз Қалекеңе қарадық. Ол асықпай-саспай:

Әбеке, үстеліңізде жатыр ғой, – демесі бар ма?!

Біз аң-таңбыз. Қашан жазып үлгерген?

Ол кезде «Оңтүстіктің» жауапты хатшысымын. Жиналыс аяқталған соң Қуандық жазған мақаланы бас редактордың үстелінен алып, қарап шықтым. Тастай. Бір артық сөзі жоқ. Сапалы дайындалған.

Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Кейін білдік қой. Тапсырма берілген соң Қалекең бірден жазуға отырып, тапсырманы орындап болғаннан кейін ғана үйіне қайтады екен. Ол кезде мақаланы қолмен жазып, сосын машбюроға теруге береміз. Ал, Қуандық бірден машинкада өзі тереді. Оның не жазып, не қойып жатқанын жан баласы білмейтін.

Қуандық Оразбекұлы – құқықтық сауаттылығы өте жоғары журналист. Бір күні қиын жағдайға тап болдық. Облыстың бұрынғы басшысы Асанбай Асқаровтың жазықсыз қамалғанына біраз уақыт болған. Тергеу аяқталыпты. «Істі Бішкектегі Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ибрагимова қарағалы жатыр» деген хабар алдық. Бішкекке Қуандық кетті. Жоғарғы сот судьясының «егер мақалаларыңыздан заңға томпақ бір ауыз сөз тапсам, тілші жауапқа тартылады» деген өктем сөзі дүңкілдеп жетіп жатты. Сөйтсек, мақала жарияланған газеттің бірнеше данасы Бішкекке жеткізіліп отырады екен. Біз аяқ тарта бастадық.

Бірақ, қаймыққан Қуандықты көрмедік. Мақаланы бұрқыратып жазып жатты. Оның «Асқаровтың ісі» туралы соттан жазған мақалалары газеттің таралымын арттырды.

Қуандық Оразбекұлы – қазақ журналистикасының тарихында бірінші рет республикалық газетте шаруасын жүргізе алмаған кейбір облыс әкімдерін батыл сынауға болатынын дәлелдеген журналист. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Қалекеңді «Жас Алаш» жұмысқа шақырды. «Барамын» деп кесіп айтты. Сөйтіп республикалық газеттің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып шыға келді. Бірден байқадық, барды да жазу стилін өзгертті. Құрдастарымыздың бірі «бір түнде журналистің жазу стилінің өзгеріп кеткенін көрген емес едім» дегені бар.

– Тілшінің мықты болмағы 90-95 пайыздай газеттің бас редакторына байланысты. Менің бас редакторым Нұртөре Жүсіп болды. Ол – біртуар бас редактор, – дейді Қуандықтың өзі.

Қуандық Оразбекұлы – журналистік зерттеудің хас шебері. Бірде мынадай жағдай болды. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен редакцияға қайта-қайта арыз түсіп, оны тексеру Қалекеңе тапсырылады. Ең соңғы арызға Қуандықтың өзін де қосып жазып жіберіпті. «Жөнді тексермейді. Жауырды жаба тоқып кетеді. Ректор Оразалы Сәбденнің сыбайласы болуы мүмкін» депті. Газеттің келесі санына Қуандық 200 жолдай сын мақала жазды. Кейін «лездемеде» былай деді:

– Бұл редакцияға келіп түскен арыздардың негізінде жазылған жеңіл сын мақала. Журналистік зерттеу нәтижесінде тапқан материалдар толық пайдаланылған жоқ. Егер ректор сыннан қорытынды шығарса келесі мақала жазылмайды. Ал, орынды сынды мойындамай, керісінше журналиске айбалтасын ала ұмтылса, «шабуылға» шықса, өз обалы өзіне. Онда қорғануға мәжбүр боламын. Нағыз сын мақала сонда жазылады, – деді.

Айтқанындай болды. ХҚТУ-дың ректоры профессорлардың барлығына қол қойдырып ҚР Президентті Әкімшілігінің басшысына, Ақпарат министріне, облыс әкіміне және газетіміздің бас редакторына шағым хат жолдапты. Шағым тиісті орындарға жөнелтілген соң Қуандық ректорға қоңырау соғыпты. «Сіз орынсыз шағымданып отырсыз. Одан да газет сынына жауап бергеніңіз жөн. Ол үшін бір апта жететін шығар. Олай етпеген жағдайда нағыз сын мақала жарияланады. Ескерткенім болсын» дейді. «Журналист маған не істей қояды» деген болуы керек, ректор селт етпейді. Керісінше, жан-жаққа қоңырау соғып, «мені бекерге жазғырды» деген әңгіме айтыпты.

Қуандық сөзінде тұрды, мақала «Ақ жол, Қазақстан» газетінде тура айтылған уақытында бұрқ ете қалды. Тақырыбына дейін есімде. «Ақ пәпкінің құпиясы». Газеттің ішкі айқарма бетіне тұтас берілген көлемді мақала еді.

Оқып отырғанда төбе шашың тік тұрады. Мақала Түркияның Білім және ғылым министріне, Үкіметіне тексеруге жіберілгенін естідік. Сол мақала бойынша тексеру ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша ректорды Қазақстан жағы қызметінен босатты. Әне, Қуандықтың журналистік зерттеулері осындай. Оның мұндай мақалаларында есеп жоқ. Журналистік зерттеулері үшін оған Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Қуандық Оразбекұлының өз шаруасын адал атқарып жүрген адамдарға соқтығысқанын көрген ешкім жоқ. Орынсыз ешкімді сынамайды. Сыналғандардың өзі онымен жауласпайды. Осыған таң қаламын. Бәлкім, жалған, дәлелденбейтін ақпараттарды пайдаланбайтындығынан шығар.

Кезінде атын естігенде ат үркетін құрдастарымыздың барлығы дерлік бүгінде зейнеткерлікте, үйлерінде отыр. Әрі кетсе немерелеріне қарайды. Ал, Қуандық Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Аймақтық менеджмент академиясының академигі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Қазақстанның құрметті журналисі. Түркістан қаласының құрметті азаматы. Болашақ журналистерге дәріс оқып, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесін үйретіп жүр.

– Шүкір, 59 жасымда диссертация қорғадым. 60 жасымда доцент болдым. 65 жасымда университетім профессорлығын берді. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкерімін. Алла қаласа, әлі де алда атқарар шаруалар жетеді, – дейді Қалекең.

Осыдан тура он жыл бұрын құрдасым 60-қа толғанда «Оңтүстік Қазақстанда» «Қазақстанда газет оқитын, тіпті оқымайтын адамдар да Қуандық Оразбекұлының есімін жақсы біледі. Ол туралы өзім танитын әріптестерім «жауы жоқ журналист» дейді. Себебі, мінезі жайлы, білімі терең, адамгершілігі мол, етек-жеңі кең» деп жазып едім. Енді, міне, сол жауы жоқ, жауынгер мінезді ғажайып журналист 1 мамырда 70-ке толады. Біз, өзіңді мақтан тұтамыз, ұзақ жаса, Қалеке!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Пікір қалдырыңыз