Бақыт Әшірбаев, сәулетші: «Өзiмiздi өзiмiз жетiлдiре беруіміз керек»

Таза судың бағасы мұнайдың бағасымен бірдей

– Бәке, құрметті демалысқа шыққаныңызға 3 жыл, сізбен соңғы рет сұхбаттасқанымызға 13 жыл болды... Шығармашылық адамы қарап жата алмайтыны белгілі. Не толғандырып жүр?

– Біріншіден, Арал мәселесі... Оған су апарудың дария емес, арық болып жететін Сырдариядан басқа үш жолы бар. Америкадағы Орталық Азия мен Қазақстан институты жасаған картаның көшірмесін түсіріп алдым. Міне, мына жуан сызық – Сырдария суының көлемі. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда ол қандай жуан-дағы, Қазақстанға кірген жерінен бастап жіңішкеріп сала берген. Не болып қалды? Ешнәрсе болған жоқ, тек көршілеріміз өз аумағында дарияның суын барынша пайдаланып қалуға тырысады... (Әмударияның Аралға жетпей жығылатынына біраз жыл болды...).

Сонымен, Аралға су апарудың Сырдариядан басқа үш жолының біріншісі – Ертіс өзенін бұру. Екіншісі – Шудың суын апару. Үшіншісі – Шардара су қоймасынан су алу. Тек соңғы 10 жылда ғана Өзбекстандағы Айдаркөлге 63 млрд. текше метр су құйдық. Шардара теңізінің суынан 11 есе көп, Ыстықкөлге пара-пар. Таза ауызсуды өзбектерге «сыйлап» қана қойған жоқпыз, біздің сыйлығымызды алғаны үшін көп ақша да төледік...

– Иә, әрбір екі-үш жыл сайын тұрақты түрде қайталанып отырған оқиға ғой...

– Енді олар сол мол суды пайдаланып, оның жағасынан атом электр стансасын салмақшы! Сол суды Арнасай арқылы Айдаркөлге жібергенше, теңізге өзіміздің Шымкенттегі «Карлс Крона» зауытының насостарын қойып, Қызылқұмдағы 37 шақырым жердегі 60 метр биіктікке диаметрі

1,5 метр болатын үш құбырмен көтеріп апарып, су қоймасын жасасақ, су ары қарай ескі аңғардың бойымен 3 құбырмен өзі-ақ ағып Аралға барады.

Екіншіден, дәл осындай жолмен Шудың суын да құбырмен «жетелеп» Аралға алып баруға әбден болады.

Үшіншіден, Шығыс Қазақстан облысындағы жыл сайын Үкіметтің «бас ауруына» айналатын көктемгі тасқын суды Балқашқа әкеліп құюға, одан бері Аралға әкелуге әбден болады. Ынта-ықылас болсын деңіз, техникалық жағы соншалықты қиял-ғажайып ертегісі емес.

Жақында ел Президенті Қ.Тоқаев «жаңа ауыл шаруашылығы бағдарламасы бойынша біз алдағы уақытта бүгінгі 1,5 млн. га суармалы жерге тағы 1,5 млн. га қосымша жерді суландырамыз» деді. Мен ұсынған нұсқа бойынша Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының аумағынан ең кемі 15 млн. га жерді игеруге әбден болады. Әрі «су тасқыны» деген проблемадан құтыламыз, әрі даламызды суландырамыз, әрі Аралдың тамырына қан жүгіртеміз.

– Бөлтірік шешен «сулы жер – нулы жер, нулы жер – рулы ел!» деген екен, су бар жерде қызу өмір бары ақиқат қой...

– «Қызу өмір»... Мені толғандыратын келесі бағыт – Түркістан, Тараз, Ташкент тарихи теңқабырғалы үшбұрышы. Қызу қарым-қатынас болу үшін көлік түрін таңдайық. Бірінші – дирижабль. Оны мына Ресейдің өзі шығарып жатыр.

– Екінші «қияли» көлігіңіз?

– Қанатты жолдың жетілдірілген түрі – «ішекті көлік». Қазір ондай көліктерді беларусьтар шығарып жатыр. Ондай жолды біздің ел Алматыдан Ыстықкөлге дейін салмақшы болып жатыр. Жерден 4-5 метр биіктегі рельске ілінетін немесе соның үстімен жүретін болғандықтан вагондардың жылдамдығы өте жоғары, сағатына 600 шақырымға дейін. Жердегі инфрақұрылымдарға бөгеттігі де, залалы да жоқ. Ең басты ерекшелігі – экологиялық жағынан таза. Қауіпсіз. Арзан. Араб елдері қазір осы жолдарды салуды мықтап қолға алып жатыр...

– Бәке, бүгін арабтар аспанда, біз жерде жүрміз, аспаннан сол жерімізге түсейік те. Алатау өзендерінен арзан энергия өндіру жайлы әдемі идеяңыз бар еді...

– Сайрамсу басынан төмен қарайғы 40 шақырым жерге өзенге жанай, ішіне генератор қойылған, диаметрі 1,5 метрлік құбыр жүргізейік. Мұндай канадалық құбырлар баяғыдан сатылып жатыр. 2006 жылы құбырды Кентау мен Түркістанның арасына қойсақ, генераторлар орнатсақ, бір құбыр 30 мегаватт, екеуін қойсақ 60 мегаватт энергия береді деп айтып едім ғой. Өйткені, әр генератордың қуаты 1,5 мегаватт. Өзіңіз қараңызшы, теп-тегіс жерде тұрған немістің Потсдам қаласына аз ғана биіктен құлайтын өзенді олар құбырмен жіберіп, генераторларды қойып тастаған! Қалаға қажетті электр қуатын олар сол қаланың ауызсуынан-ақ алып отыр. Осыны мен Алматыдағы жігіттерге қанша айттым, өкінішке қарай, қолға алайын дейтін бір басшыны көрмеймін...

Біздегі Өгем өзенінің ондаған тармағының суы шекарадан өтіп, өзбек жерінде жиналады. Олар оның бір бөлігін Үлкен Келес каналы арқылы өзімізге сатады... Мен өте қарапайым әдіс ұсындым. Міне, картадағы мынау қылтада Медеу секілді жасанды тоған жасау түкке тұрмайды. Сонда тереңдігі 500 метр, 93 млрд. текше метр суы бар теңдессіз қоймаға ие боламыз... Шардара теңізіндегі судың көлемі – 6 млрд. текше метр... Мұншама сумен не істесең де ерік өзіңде! Бірнеше ГЭС салуға да, тоннель қазып, Бадам мен Келес өзендеріне жіберуге де, бәріне де жетеді...

Үшінші бағыт – Өгем тауының теріскейге қараған беткейлерінен Алматыдағы Шымбұлақ секілді демалыс аймақтарын салу да қолдан келетін іс! Мен жобаға кірісер алдында дрон жіберемін, сырғанаймыз, бейнефильмдерге түсіремін. «Тау самалы» олардың қасында ойыншық! Оны бастағанымызда да ешкім сенген жоқ еді ғой. «Тау самалын» 27 млн. теңгеге ғана салдық. Небәрі бір машинаның құны...

Біздегі тау сілемі Жамбыл облысының шекарасынан Ташкентке дейін созылып жатыр. Облыстағы жер аумағы 11 млн. шаршы метр болса, соның 3 млн. шаршы метрі осы тауда жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде фирмаларды іске жегейік. «Тау самалы» қалай басталды? Маған кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспанәлиева «тойхананың жобасын жасап берші» деп келді. «Оны қой, таудан санаторий сал!» дедім. «Ой, кім барады оған?!». «Барады, барғанда қандай!». Қазір ол жерде қысы-жазы бос орын жоқ...

– Тау бізге су беріп тұр, электр энергиясын, санаторий, шаңғы спортын...

– ...Мен ол жобаны «Тау кластері» деп атап, жеке кәсіпкер тұрғысынан есебін де шығардым ғой. Салықтың өзінен жылына миллиардтаған ақша табады екенбіз. Облыстың шығынын толық жабатын ақша...

Одан бөлек, теміржол бойына жағалай қар көшкінін тоқтату үшін қарақат, бүлдірген, автомобиль жолдарының бойына жеміс ағаштарын егуді қолға алып, еккенде де олар жыл сайын пәленбай тонна өнім өткіземін деп жеке кәсіпкермен, шаруа қожалығымен шарт жасасып егіледі, жол бойын осылай тұрғындарға бір-екі шақырымнан бөліп берген дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар біраз ауданның кіріс бөлігін қайтсе көбейтуге болады деп ізденіп едім, орта есеппен әр ауданның табысын он есе көбейтуге мүмкіндік бар екен...

– Жансейіт Түймебаев әкім болып келгенде сіздің осы жобаларыңызды екі сағат осы жерде таң қала тыңдағанын білемін. Тағы кімге ұсындыңыз?

– Жобаны кімге ұсынбадым мен... Қазақ жерін суландыру үшін су көзі ғана керек емес, суды жеткізетін құрал да керек. Арықтар мен каналдарды дәл бұрынғыдай пайдалануға, қолдануға болмайды. Өйткені, буланудан судың 20 пайызы жоғалса, жер астына 40 пайызға жуығы сіңіп кетеді. Диаметрі 5 сантиметрден бастап 2 метрге дейін жететін арматура салынған резеңке шлангілердің сауда нүктелерінде неше түрі бар. Атақты биолог ғалым, Америкада жұмыс істеп жүрген Кен Әлібек «сүзгі ойлап таптым, кез келген арықтың суын ауылдың қажеттілігін өтей алатындай таза етуге болады» дейді.

Ал, мен дәл қазір Путинге жұмыс істеп жатырмын.

– ?..

– Түсіндірейін. Солтүстік полюске қазір жұрт бұрынғыдай мұзбен емес, сумен барады... «Жаһандық климаттың жылынуы» соған алып келген. Мұз құрсауы бүгін тек Гренландияның маңында ғана қалған. Антарктиданы айтасыз, Антарктидада тұтас аралдай болатын үлкен мұздар бөлінуде. «Гольфстрим» ағысы бұрынғыдай үлкен «сақинамен» емес, кіші «сақинамен» айналады. Нью-Йорк қаласы теңіз бетінен бар-жоғы бір метр ғана биікте тұр. Енді біраз жылда Солтүстік мұзды мұхиттың суы кері ұрады – Енисей, Лена өзендері теріс аға бастайды. «Сібір өзендерін бұру» деген идея о баста бекерден-бекер тумаған. Сібір қазір шыбын-шіркейдің ұясына айналған. Сондықтан ескі жобаны олар қайтадан қолға алып жатыр. Мен Ресейдің Ғылым Академиясына Аралды қоректендірумен тоқтамай, Каспий арқылы тұщы суды Иранға, Сауд Арабиясына, Араб Әмірліктеріне, одан ары Африкаға жеткізуді ұсындым. Олар менің идеяма, жұмысыма жақсы ақша беріп жатыр. Қазірдің өзінде таза судың бағасы мұнаймен тең. Болашақта не болады? Саясаттандырып айтсақ, ол елдерді «мұнайдың инесіне емес», «судың инесіне» отырғызу керек. Олар «біз сенің бұл жобаңа «Игла Путина» деген ат қойдық» деп күледі.

 

Мойнымды қысқан галстуктен құтылдым

– Бәке, саясат пен экономиканы аз қаузаған жоқпыз, әңгімені ғылымға, поэзияға, өнерге бұрайық...

– Бұрсақ бұрайық. Интернет пайда болғанда мен оны адамзат ашқан жаңалық емес, Тәңірінің адамзатқа жасаған сыйлығы деп қабылдадым. Өйткені, күллі әлем сіздің алдыңызға келді ғой. Міне, глобусты бұрасыз да, әйгілі «Бермуд үштағанына» кіріп кете аласыз. Кірсеңіз, мұхит табанына 25 метрлік іздер түсіп қалғанынан хабардар боласыз. Айға қонамыз, Марсқа қонамыз деп жүрміз ғой, ал, теңіз-мұхиттарда өмірі естіп-білмеген қызық, түсініксіз, қорқынышты жайттар аз емес.

– Қазақ оны баяғыда-ақ «қырда бар бір бәле, Сырда бар мың бәле» деп сипаттап қойған...

– Иә, біздің қазақтың білмейтіні жоқ! Бүгін бұрынғы көзқарасты қайта қарайтын кез келді. Интернеттің арқасында мәскеулік сәулетшілермен таныстым. Үйде отырып әлемдік конференцияларға онлайн тәсілмен қатыса аламын. Мен бүгін бір нысанды зерттер алдында әлемдік біліммен қаруланып ала аламын. Жүсіпбек Аймауытов психология жөнінде оқулық жазған. Әл-Фарабимен танысуды бастағанымда философ, математик адамның музыка жайлы керемет еңбектер жазғанын оқып, таң қалдым. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» деген трактатын оқысаңыз, бұдан мың жыл бұрын мемлекетті қалай басқару керек, басшы қандай адам болуы тиіс дегеннен бастап кәріздік жүйеге дейін бәрін-бәрін жазып кеткен. Ондай жүйе сондай халық қамын ойлаған адамдардың арқасында пайда болған!..

– Археолог Зейнолла Самашев «бабаларымыз бұдан екі мың жыл бұрын Үстіртте салған қаладан күйген кірпіштен өрілген кәріздік жүйені тапқанбыз» деген еді...

– Өйткені, ол кездегі басқару саясаты дұрыс болған. Мысалы, Түркістанда «Түркістан қаласындағы өзеннің бәріне салық салу» жайлы Әмір-Темірдің өкімі болған. Күн сайын мавзолейге қанша құмыра су жеткізілуі тиіс, соған дейін жазылған. Қазір басқаны былай қояйық, кеңес заманынан мұраға қалған «құрылыс қалыптары мен ережелерінің» өзі сақталмайды ғой! Есесіне партократиялық жүйе аман-сау тұр. Оны бұзу керек! Бізде ең жас шенеунікке дейін «нені алсам екен?» деп тұрады. Нәтижесінде мемлекеттік қызметте жүріп, кәсіпкер болып шыға келеді. 45 жасында зейнетке шығатын полицейлердің бай-қуатты емесі аз. Рестораны, моншасы, бәрі бар... Жылына орта есеппен 500-дей жемқорды ататын, соның арқасында әбден күшейіп алған Қытай басшысы Сян Цзэпин «бізді енді ешкім, ешнәрсе тоқтата алмайды» деп мәлімдеді.

Сондықтан бізде де заңдарды өзгерту керек. Менің кеңес кезінде алған үш бөлмелі пәтерім, саяжай мен гаражым бар. Болды. Зейнетке шықтым, «ешқандай жиналысқа шақырмаңдар» дедім. Тойға бармаймын. Мына құжыраны өз қолыммен, өзімнің ұстанған өмірлік салтыма лайықтап жасап алдым, сонымен тұрып жатырмын... Есесіне өзіме ыңғайлы. Спортты да тастадым. Ешқайда шықпаймын. Мойнымды қысқан галстуктен құтылдым. Өзіме ұнайтын тәртіппен өмір сүре бастадым.

– Замануаи дәруішке айналдыңыз.

– Иә. Бірақ, өзгеше дәруіш. Жан-жақпен белсенді байланыстамын. Бұрын жұмысыма қатысты әкімдермен қатты сөйлесе алмасам, енді ондай емес, ойымды ашық айтамын. Сәулет жағынан тапсырыс алсам да, эргономикалық жағына қарайтын болдым. Бір жаңадан байыған электрик досым керемет үй жобасын жасап берші дейді. Мен сенің үйің мына «хоромдарға ұқсамасын, күннің қуатын, жердің, жерасты жылуын пайдаланатын, сен «жарық!» десе жанатын, «шай!» десең шәйнек іске қосылатын, «музыка» десең күй ойнай жөнелетін, әлемдегі алдыңғы қатарлы үй болсын, сенің мамандығың көрініп тұрсын» дедім. Ол түсінді, көнді...

Мен идеяларды бұрын да аз айтпайтынмын, бірақ, менімен шынайы сөйлескен Асқар Мырзахметов қана болды. «Идеяларыңызды қолдаймын, іске асыруға көмектесемін, тек жылына екі рет, Президент келген сайын тапсырып тұратын нысанымыз болсын» деді. Мен соған қарап ыңғайландым. Қошқарата өзенінің жағалауын абаттандыруды екі бөліп бітірдік. Жазда Тәуелсіздік паркін берсек, қыста Ордабасы алаңы мен монументті тапсырдық деген сияқты. Асекең осы жүйені барынша тиімді пайдалана білді. Президенттің келуіне бәрін, Үкіметке берілер тапсырманы да дайындап отыратын болдық. Үкіметке бәрін тап-тұйнақтай етіп алып барамыз. Ақша бөлдіру қалады, ол үшін айлап-апталап астанада жатуыма тура келді. Өйткені, оны негіздеу менің мойнымда ғой.

Одан кейін бізде ондай әкім болған жоқ. Есесіне, 90 млн. теңгені «әкімнің имиджін қалыптастыруға» бөлген Ғабидолла Әбдірахымов болды. Басқа ешбір әкім тарапынан мұндай ерсі қылықты естіген емеспін...

– Бәке, аты аталған әл-Фараби атамыздың «Музыканың үлкен кітабы», «Музыканың кіші кітабы» атты еңбектерін оқыған шығарсыз?

– Оқығанда тоғызыншы ғасырда сондай кітап жазылғанына музыка мамандарының өзі таң қалады ғой!

– Ғұламаның өзі асқан шебер күйші де болған деседі.

– Меніңше, әл-Фараби атамыздың жеткен жетістіктеріне қарап, адамның миының барлық күш-қуатын барынша толық пайдаланған, соған ұмтылған адам деп ойлаймын мен.

– Музыка мен поэзия егіздер секілді көрінбей ме сізге?

– Поэзия жайлы В.Белинскийдің «Өнер туралы» деген еңбегіндегіден артық ешкім ештеңе айта алған жоқ-ау деп ойлаймын. Өнер жайлы сөзін ол «поэзия – сөз жанрының шыңы, адам философиялық ойдың, өмірлік тәжірибенің, кездейсоқ көзқарастың, қуаныш пен қайғының квинтэссенциясы, кішкентай ғана өлең Толстойдың үш томдағы айтар ойын беруі мүмкін» деп түйіндейді. Шенеунік кезімде өзім үшін поэзия менің қорғаным, қайраулы қаруым болды. Поэзия тек сөз ғана емес. Онда музыкадағыдай ырғақ та бар ғой.

Ханбибі апаммен өлеңде ырғақ та болуы маңызды деп пікір алмасып отырғанбыз. «Менің өлеңімді аударып көрші» дегені. Аудардым. Ол кісі таң қалды: «Қалай бәрін бере алдың, менің түпнұсқамнан артық шықты ғой!» Көзінен жас шығып кетті... «Қазақтың юморын аудардың, бұл көп орыстілді ақынның қолынан келмейді» деді. Шынында, қазақ астарлап сөйлейді, орыстар оны түсінбейді ғой. Ол кісі кейін менің өлеңдерімді қазақшаға аударды. Әдемі шықты...

Менің «Плач Олжаса о себе» деген бір өлеңім бар, былай аяқталады: «Может, мне вам в радость спиться? Может, как Хэм из ружья застрелиться? Если это единственный путь к вам вернуться, Я готов согласиться...». Оқып болғанымда Олжекең «Ты что, мои мысли читаешь?» деді... «Ваша поэзия – ваши мысли».

 

Мен отырған ғимараттың аурасы мүлдем бөлек

– Бәке, 2006 жылғы сұхбатта Түркістандағы кесененің «алтын суретін» бірнеше ай күтіп жүріп, түсіргеніңізді, оны облыс әкімінің «Президент Назарбаевқа апарып берейін, сатшы» дегенінде сатпағаныңызды жазып едік. Сондай сәтті түсірілімдер одан кейін қаншалықты кездесті?

– Маған қазір қарапайым кадрлар көбірек ұнайтын болып жүр... Ауылға бардың, төңкерілген қазанды, оны жартылай жапқан қарды көрдің. Қарапайым көрініс, бірақ, мағына бар...

– Түсінікті... Ал, сурет салуды қоя алмайтын шығарсыз?

– Әрине! Ол маған Алланың берген сыйы ғой. Мен кейде өзім «неге осы адамның болмысын ашып тастап көрсететін суреттер саламын?» деп ойлаймын. Мен, мысалы, адамның портретін салсам оның бетін сопайтып немесе дөңгелентіп жіберуім мүмкін. Көрініп тұрған бейнені емес, мен ол адамның сыртқы түрінен оның ішкі дүниесі қандай екенін өз көзіммен қандай бейнеде көремін, соны беруге тырысамын.

Жас кезімде мынадай оқиға болды. Сәулетші едім. Асқар Ғаббасұлы деген генералдың тұсында КГБ-ның ғимаратын салдым. Ол салынып жатқан құрылысты менің өзіме прораб секілді қадағалатып қойды. Бір күні шәйға шақырды. Содан күніге кешке кабинетінде шәй ішуіміз дәстүрге айналды. Бір күні үстімізге бір адам кірді. Генерал Алматымен, бастықтарымен телефонмен сөйлесіп жатқан. Әлгінің қолындағы қағазға қалай қол қойдырсам деп қипақтаған түрін мен көріп отырмын. Генерал сөйлесіп отырып оқымай қол қоя салды. Ананың қуанышы қойнына сыймай, билей басып шығып кетті. Шәйді жалғастырдық. Генерал орысшалап маған «неге бүгін қысылып отырсың?» деді. «Жаңағы жігіт кім?» деп сұрадым. «Орынбасарым. Не болды?» «Қол қойған қағазыңызды алдырып, оқыңызшы». «Неге?» «Оның маған қипақтап тұрғаны ұнамады». Генерал дереу тұтқаны көтерді: «Полковник пәленше, жаңағы қағазыңды алып келші». Келді. «Тастап кет, кейін шақырам». Сөйтсе, әлгі полковник көп затты «списать» еткен екен. Қайта шақырды. «Мына Уазикті былтыр ғана алдық қой, неге жарамайды деп жатсың?» «Ол жол апатына түскен». «Жөндетіңдер!» «Мына жаңа жабдыққа не болып қалды?» «Ішіндегінің бәрі күйіп кетті». «Ауыстырыңдар!» Полковник кеткен соң генерал маған қадалып қарады: «Бұл жерде көп адам менен қорқады, ал, сен менен қорықпайсың. Бұл – жақсы қасиет. Ұсынысым бар енді саған... Мәскеуге, адам психологиясы мен физиономиясының үш жылдық арнайы курсына жіберем». Бірден түсіндім, бүгінгі «жалғандық детекторының» рөлін атқаратын қызметкер етпекші. Басымды алып қаштым. Одан кейін де бір айдай «бізге ауыс» деумен болды. «Мен шығармашылық адамымын, музыкантпын, суретшімін, маған бостандық керек». «Соның бәрі сенде болады!..» Өте білімді, эрудициясы мол адам болатын. Мені аяды-ау, әйтпесе шақыртып алуына да болар еді.

– Кеңес өкіметі ең жауапты, шешуші орындарға қолынан іс келетіндерді «барғым келмейді» дегендеріне қарамай күштеп жібергенінің арқасында көтерілді ғой. Сол әдісті соғыстан соң жапондар, олардан көріп кәрістер қолданды... Мен сіздің мына кітапшаңызды ашып қалсам, Асқар Мырзахметовтің суреті тұр екен. Бетін шынымен сопайтып жіберіпсіз. Бірақ, жалғыз штрихпен, қабағындағы бір сызықпен бар бітімін беріпсіз...

Тағы бір сұрақ, сіз ініңіз екеуіңіз екі әлемнің адамысыз... Сіздің бойыңыздағы өнерпаздық, шығармашылық әкеңізден бе, анаңыздан ба?

– Ешқайсысынан емес! Өзімнің еңбегімнен... Рас, әкеміз аздап ән салатын. Нағашы атам Абдулла кеңес заманының өзінде сопы болып өткен адам еді. Ішінде Мекке, Медина мешіттерінің суреті көрініп тұратын калейдескоп тәрізді тәспісі бар еді. Философияға бой ұрып тұратындығым сол кісіден болса керек. Мен сопылық ілімге қалай бет бұрдым? 1986 жыл болса керек, мені Рэмбоның бейнетаспасын көргенім үшін қызметтен алып тастады. Ержан деген суретші досым екеуміз түйе жеккен арбаға кішкентай киіз үйімізді, басқа да заттарымызды салып, Шымкенттен Түркістанға жаяулап сапар шекпек болдық. Мен өкіметке деген өкпемді жер-жаһанға жайып жүрмін, «ЭлитаR» болса керек, алғашқы мемлекеттік емес газетке сұхбат бердім. Жолға шығуға бір күн қалғанда аяғым сынды. Сонда анам, дінге берілгендеу адам еді, «істер ісіңді жұртқа жаймай тыныш жүрмейсің бе, барсаң өзің үшін барасың...» деп ұрысқан болатын. Аяғым гипсте, 7 ай жаттым. «Торадан» бастап, Библияның бірнеше нұсқасын, орысша Құранды оқумен болдым. Қанша оқысам да олар жүректің қылын шертпеді... Атам сопы екені есіме түсіп, суфизм туралы Мәскеуден кітаптар алдырттым. Іздегенім алдымнан шықса бола ма! Артық ешнәрсені қажет етпеу. Өзің қалаған іспен айналысу. Сопылық менің өміріме сәйкес келетінін түсіндім.

Мен мұның бәрін неге айтып отырмын? Бізге Жаратушы ақыл-ми берген. Біз оның ары кетсе 5-10 пайызын ғана іске қосып жүрміз. Мен өзімді әлі толық танып болған жоқпын. Тағы не қолымнан келетінін білмеймін.

– Еуропаның лицейлерінде өте көп нәрсені үйреткен ғой!

– Мен бір ескі үйдің орнынан 1890 жылы шыққан теміржолшының анықтамалығын тауып алдым. Сонда теміржолшы мыналарды білуі тиіс деп жазыпты: тамақты қалай ішіп-жеуді, қыздармен қалай билеуді, қалай киінуді, қалай дені сау, шымыр болуды, т.т. толып жатыр. Балама көрсетіп едім, «олар, немене, теміржолшыны дайындаған ба, патшаның баласын тәрбиелеген бе?» деді. Мен өзімнің әлеуетімнің 8-10 пайызын ғана пайдалана алдым ғой деймін. Фотографиямен 1999 жылдан бастап қана айналыса бастадым. Киноның кезегі содан кейін барып келді. Соның өзінде бұл екі салада бірталай жүлде алып үлгердім... Қазір «жасанды интеллектіні» зерттеп жатырмын. Қараңызшы, басым сап-сау, бабына келіп тұр, ал, тізем иілмейді, асқазаным ауырады... Профессор Доуэль секілді басымды жап-жас, барлық ағзасы түгел сап-сау денеге қондырып алсам керемет болмай ма?..

– Жақында ғана профессор, математик Ерлан Нұрсұлтанов біздің «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Жасанды интеллект» – өте үлкен жетістік, бірақ, өте үлкен қатер» деп еді...

– Дұрыс айтады! Кез келген жақсы нәрсенің жаман жағы да болады ғой. «Жасанды интеллекттер» жиылып, ұйымдасып алып, адамдардың өзіне қарсы шабуылға шығуы мүмкін. Өйткені, адам баласы әлі толық жетілген жоқ. Сондықтан барынша жетіле түсуіміз керек деген міндет тұр алдымызда. Бәріміз де. Одан да бұрын әрқайсысымыз!

– Бұл – әсіресе біздің тоқмейіл қазақ үшін өте өткір мәселе... Жақсы, ең соңғы сұрақ. Неге бүгінгі заманның дәруіші осы ғимараттың бір бұрышын өзіне үй етіп алды?..

– Орынды сұрақ. Бұл ғимарат жиырмасыншы, отызыншы жылдары мектеп болған, онда Жүсіпбек Аймауытов сабақ берген. Бұл мектепте Бауыржан Момышұлы оқыған. Аурасы мүлдем бөлек бұның...

– Керемет екен. Сіз де оқырмандарымызға аурасы тамаша әңгімелер айттыңыз ғой деп ойлаймын. Ойлаудан шаршамаңыз. Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз