Мұғалім әр баланың шырағын жаға білуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында білім беру сапасын жақсарту мәселесіне жан-жақты тоқталды.

Мұның өзі барлық ұстаз қауымына үлкен міндеттер жүктейді. Президент Жолдауында салаға қатысты кемшіліктер көзге шұқып көрсеткендей, анық айтылды. Есесіне, мұғалімдер мен оқытушыларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Президент Жолдауында былай дейді: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандарттарының негізі болуы тиіс». Осы жерде мектеп мұғалімдеріне қандай міндет жүктелетіні айқын көрініп тұр. Иә, бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, әр оқушының қабілеті, ынта-ықыласы әркелкі. Мәселен, бір оқушы сабаққа аса ынталы, екіншісі сабаққа сүйретіліп зорға келеді. Өзі сынып ішінде отырса да ойы далада болатын оқушылар да табылады. Мұғалім әр баланың осындай ерекшеліктерін бес саусағындай білуі тиіс. Сабақ үстінде қалғып-мүлгіп отыратындардан озат оқушы шықпайды. Бастысы, мұғалім әр баланың шырағын жаға білуі тиіс. Сонда ғана оқушылардың қабілет-қарымы айқындалады.

Президент тапсырмасына орай біздің ауданда да білім сапасын арттыру жолында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, білім бөлімі бала бойындағы дарынды айқындау, талаптыны талпындыру, сондай-ақ оларды ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге баулу үшін биылдың өзінде 77 іс-шара өтті. Оған 21 мыңға жуық оқушы тартылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған елдің тарихы мен мәдениетін неғұрлым терең зерделеу, тарихи орындардың алуан түрлілігі мен ерекшеліктері туралы ұғымдарын қалыптастыру мақсатында ауданымыздағы, сонымен бірге басқа да өңірлердегі киелі орындарға саяхат жасауды қолға алдық. Облысымыздың бір жылдығына орай жетім, жартылай жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 15 оқушы Түркістан қаласы, Отырар, Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандарындағы тарихи және көрікті орындарға саяхаттап қайтты. Бұл «Жан жылуы» қайырымдылық іс-шарасы аясында жүзеге асты.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруалар қыруар. Мәселен, «Тәрбие және ғылым» кіші бағдарламасы аясында 48 индикатор бойынша 22 жоба, 51 іс-шара жүзеге асырылды. Бұл шараларға 32830-дан астам оқушы, педагог, ата-ана қатысты.

Оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге көңіл бөліп келеміз. Қазір ауданда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған үш мектеп бар. Бұған 2660 оқушы тартылған. Осында оқушылар түрлі мамандықтарға бейімделеді. Қалаған мамандықтары бойынша оқу балалардың білмекке деген қабілетін оятады. Бізде сондай-ақ музыка мектебі де жұмыс істейді. Мұнда қазір 740 оқушы саз сиқырын танып-білуге, меңгеруге бейімделуде. Ал, жас техниктер, туристер, натуралистер стансаларында және аудандық оқушылар үйінде 1480 жас білімдерін тереңдетіп жүр. Сонымен бірге аудан бойынша 13410 оқушы түрлі үйірмелерге барады.

Президент сонымен қатар мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға баса мән беру керектігін еске салды. «Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек- ақысын екі есеге арттыруды тапсырдым. Бұл келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз» деп Мемлекет басшысы бізді тағы да қуантып отыр. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында ұстаздарымыз заман талабына сай оқытудың, тәрбие берудің әдістемелерін жетілдіре түсуде. Бүгінде бізде ғылыми ізденісте жүрген ұстаздар баршылық.

Дарынды ұрпақ – ел болашағы. Республикалық «Жұлдызай» фестивалінің жүлдегері Өтеген Арыстан, «Айқанат» оқушылар олимпиадасында 100 үздік жеңімпаз қатарынан көрінген Нұрсұлу Нұрлыбай мақтаныштарымыз. Республикалық, облыстық байқаулар мен олимпиадаларда үздіктер қатарынан табылып жүрген оқушыларымыз қаншама?!

Бүгінгі таңда аудан мұғалімдерінің 1793-і жаңартылған білім мазмұны бойынша курстардан өтті. Алдағы уақытта да біліктілік деңгейін көтеремін деген мұғалімдерімізді курстарға жіберіп тұрамыз. Елімізде 2015-2020 жылдарға арналған үш тілділік білім беруді дамытуға бағытталған жол картасы бекітілген. Осыған орай ауданда 4 пән ағылшын тілінде оқытылып келеді. Қазір 29 пән мұғалімі ағылшын тілін оқытатын курстарда білімдерін жетілдіруде.

Жолдауда қоғам дамуының басты бағыттары айқындалып, соған орай үлкен міндеттер жүктелгені белгілі. Қоғам дамуының бірден-бір факторы – адам! Ендеше, біз қоғамға лайық, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар тәрбиелеп шығаруға тиіспіз. Осы бағытта жұмысымызды ширата береміз.

Ақшагүл БЕРДАЛИЕВА, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы.

 

Пікір қалдырыңыз