Тек таңқурай өсiрумен айналысатын ауыл бар

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».
Қыс мезгілінде таңқурайдың тосабымен шай ішкенді бәрі жақсы көреді. Себебі, оның адам ағзасына пайдасы мол. Қан қысымын қалпына келтіреді, иммунитетіңізді көтереді. Тіпті суықтап қалсаңыз да табиғи бал тәрізді әсері зор. Соған байланысты бұл жеміске сұраныс та жоғары. Бағасы қанша қымбат болса да базарда тез сатылып кетеді. Сондықтан оны өсіретіндер үшін бұл үлкен табысты кәсіп десе де болады. Кәсіп демекші, Оңтүстікте тек қана таңқурай өсірумен айналысатын ауыл барын білесіз бе? Ол – Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауыл округіндегі Заңғар елді мекені. Осы ауылға келіп, жан-жағыңызға қарасаңыз, өзге бір әлемге тап болғандай күй кешесіз. Әрбір шаңырақтың үйіргелік жерінен жайқалып өсіп тұрған таңқурай көресіз. Құлпынай, таңқурай өсірумен айналысып жүрген бірен-саран шаруа қожалықтарын білгенімізбен, тұтастай бір ауыл тұрғындарының тек таңқурай өсіріп жатқаны шынында таңқаларлық емес пе?!
Заңғар елді мекені бұрын аты бар да заты жоқ, бос жатқан жер болыпты. Тарихи отанына оралған қандастарымыз бұл жерге екінші өмір сыйлаған көрінеді. Мұнда көшіп келген әр отбасы өздеріне берілген 15 соттық жерді бірден игеріп әкеткен. Алдымен баспана тұрғызады, сосын ауласына осы таңқурайды отырғызады. Қазіргі таңда ауылда 160 шаңырақ түтін түтетіп отыр.
– Таулы өңір болғандықтан, аудан таңқурай өсіруге өте қолайлы. Бүгінде таңқурай алқабы 24,5 гектарды құрайды. Соның 18 гектары, яғни 74 пайызға жуығы осы Заңғар елді мекенінде, – дейді Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қалдыкөзов.
Иә, бұл елді мекенді жұрт қазір таңқурайдың ауылы деп атайды.
2009 жылы Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз үшін дайын тұрған жұмыс жоқ еді. Ең басты жетістіктері – табиғаты тамаша, суы мол өңірдегі жер телімі. Бұған мемлекет пен жергілікті биліктің қолдауын қосыңыз. Заңғарлықтар мұндай мүмкіндікті жіберіп алсын ба, жан-жақты зерделеп, аграрлық нарықты зерттеп барып бір тоқтамға келді. Иә, олар әлдеқашан аяқтарынан нық тұрған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен бәсекеге түсе алмасын сезді. Сөйтті де өзгелерде жоқ, бірақ, өтімді жаңа бір кәсіп ойлап табуға тырысты. Негізінде Оспан Анарқұлов деген азаматты ауылдастары таңқурай идеясының авторы санайды. Ол Өзбекстанда да таңқурай егуді кәсіп қылған жан. Атамекеніне көшіп келгенде жеке бақшасындағы жеміс көшетін де өзімен бірге ала келген. Үйіргелік жерінің 3 соттығына оны тәжірибе ретінде отырғызып көреді. Келесі жылы алғашқы өнімін жинаған соң, бүкіл 8 соттық жеріне отырғызып тастайды. Мұны көрген ауылдастары одан көшет сұрап келе бастайды. Міне, Заңғар елді мекені осылайша таңқурай ауылына айналып шыға келді.
Бүгінде тұрғындар осы жемістің арқасында күндерін көріп, тұрмыстарын түзеп алған. Жылына екі рет өнім беретін таңқурайдың табысы бір отбасына молынан жетеді. Оны айтасыз, піскен жемісті жинауға жұмысшы күшін пайдаланатындар да бар. Дәмі бал татығанымен, оны жинап алудың машақаты жетеді. Мұндайда жұмысшыға сағатына 300 теңгеден төлеуге әзір. Оның үстіне жұмысшының түскі тамағы тегін. Күн аралатып жинайтын жемісті базарға апарып та үлгермейді, саудагерлер өздері келіп алып кетеді. Өздерінің айтуынша, биыл бірінші терімде келісін 500 теңгеден сатқан. Ал, екінші терімде келісін 650 теңгеден беруде.
«30 соттық жерден бір отбасы бірінші терімде 3,5 миллион теңге табыс тапса, екінші терімде шамамен 4 миллиондай табысқа кенелуі мүмкін. Былайша айтқанда, шығыны аз, табысы мол кәсіп. Бұдан бөлек, таңқурай ауруға төзімді келеді» дейді Қақпақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Б.Сәрсенов. Оспан бағбанның айтуынша, шынында да бұл жеміс дақылының әр түбі 2-3 келіден өнім береді. Сондықтан маусым кезінде 1 гектардан 12 тоннаға дейін жеміс жинауға болады. Таңқурайдың «көп салар» деген түрінің атауы да өзіне лайық қойылған екен. Н.Қалдыкөзовтің айтуынша, қазіргі таңда өңірде жерді, әсіресе, суармалы жерді тиімді пайдалану мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Жылына екі рет өнім алу үшін барлық елді мекендерде таңқурай өсіруді қолға алмақ.
Екі ұлымен бірігіп, 25 соттық жер телімінде таңқурай өсіріп отырған Сүлеймен Әбілов Заңғар елді мекеніне Өзбекстаннан 2013 жылы көшіп келіпті. Алдымен басына баспана, содан кейін қора жайын салған. Кейінірек өзгелер секілді таңқурай өсіруді бастаған.
Таңқурай өсіру – маусымдық жұмыс. Сондықтан заңғарлықтар қыс мезгілінде мал шаруашылығына ден қояды. Қалай десек те, істің көзін таба білген, ешкімге алақан жайып отырмайтын, еңбекқор тұрғындардан құралған Заңғар елді мекені береке мен бірліктің бастауындай көрінді маған.