Тері мен жүн өңдеуге де қауқарымыз жетпей ме?

Бесінші сыныпта оқып жүрген кезім, інім екеуміз жаңа сойылған қойдың терісін көшеде «жүн алам, тері алам» деп айқайлап жүретін Бауыржан ағайға сатып жібергенбіз. Сонда көкем марқұм жай ғана «қорадағы жыл бойы жинаған қойдың күзем, жабағы жүндеріне тиіспеңдер, күзге салым тиісті жерге өткізіп, аз да болса ақша қылайық. Ол сендердің мектепке киім-кешектерің, кітап-дәптерлерің болады» дегені құлағымнан кетпейді. Кейін көп ұзамай ауыл-ауылдарды аралап жүн-тері жинаушылар жиі келетінді шығарды. Әкем де қыс бойы жинаған жүн-терілерін сатуға көлік жалдамайтын, қалаға апармайтын болды. Әр оқу жылы басталатын кезде оларды алыпсатарлардың айтқан бағасына өткізіп, жетпегенін үстіне ақша қосып, сегіз баласын киіндіретін. Кейіннен тері, жүн алушылар келмей қойды да, қорадағы барлық тері-терсекті өртеп, көміп құтылатын болдық.
Қазір де байқасаңыз, малдың жүнін кәдеге жарата алмағандар далаға апарып тастайды немесе өртеп жібереді. Сонда сойылған малдың терісі ештеңеге жарамсыз болып қалғаны ма? Бұрындары далаға тасталмайтын малдың жүні бүгін неге керексіз болып қалды?
Соңғы мәліметтерге қарағанда, шамамен елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 16 миллиондай ұсақ мал бар. Тағы бір мәлімет, елімізде кем дегенде жылына 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Сол сойылған малдардың терісі ештеңеге жарамай, далада шашылып жатыр. Елімізде жылына терінің 13 пайызы ғана игеріледі екен. Шетелдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елді «жерсінбей-ақ» қойды. Сапасы мен бағасы жоғары саналатын түрік былғарысының шикізаты біздің елден баратынын бәріміз білеміз. Елдегі жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұрғанына іштей қынжыласың. Қазіргі кезде малдың терісі бағасыз, жүні қадірсіз болғандықтан қоқысқа айналып, құрттап, шіріп жатыр.
Бәйдібек ауданындағы «Бейбарыс» жеке шаруашылығы қырқылған малдардың жүні мен терілерін шетелдік бизнесмендердің оңтүстіктегі делдалдарына арзан бағаға өткізіп тұрады екен. Ал, олар жүн мен теріні көтерме бағамен сатып алып, сұрыптап, тазалап, шетелге қымбатқа өткізеді. Терінің пайдасын Қытай, Түркия, Таяу Шығыс елдерінің кәсіпкерлері көріп отырғанын жасырмайды. «Атамнан қалған азын-аулақ малдың басын көбейтіп, шаруа қожалығын аштым. Осы күні малдың терісі тон түгіл, тулақ болуға жарамай қалды. Қазіргі төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Керек десеңіз, бізде өспейтін бамбук талшығынан өндірілетін шұлық, беторамалдарды сатып алып жүрміз. Бірақ, қайдан келген сөз екенін білмеймін «қойдың етінен асқазаны ауыратын, жүнінен аллергиясы қозатын» қандастарымыз көбейіп барады. Қазақтың табиғаты малмен біте қайнасып кеткенін ұмытып кеттік. Бертінге дейін малдың етін, сүтін азық еттік, жүнін иіріп, шұлық тоқып келіп едік. Атам марқұм жүннен бау-шу, арқан-жіп есетін, қой терісінен төсеніш, аяқ киімімізге ұлтарақ жасап, «жылы болады» деп кигізіп қоятын. Атамның үйретуімен мал терісінің жұқа, қалың, жүнді болып келетіндігін білдім, жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ мойын, таңлақ деген бөліктерге бөлінетіндігін түсіндім» дейді жеке шаруа қожалығының иесі Бейбарыс Сұлтан.
Түрік дегенде біздің көзімізге қымбат шубалар мен былғары тондар елестейді. Түріктер тоқыма өндірісін өркендету арқылы миллиардтаған қаржыны қазына қамбасына құйып, мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыруда. Сол сапалы әрі сәнді тоқыма киім арқылы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Кеңес Одағы кезінде қой жүнінің өте бағалы болғанын бәріміз білеміз. Бала кезімізде қой жүнінен жасалған ұйық-байпақ, тері кеудеше, тон секілді киімдерді киіп жүретінбіз. Табысты саланың тұралап қалуына не себеп? Елімізде кейінгі кездері әр өңірден мал терісін өңдейтін 17 кәсіпорын ашылды. Оның алтауы өңделмеген теріден дайын өнімдерге дейін шығарумен айналысады. Ал, 8 кәсіпорын жартылай былғары фабрикаттар шығарады екен. Баяғыдай ауыл-ауылды аралап, тері-жүн жинап, кәсіп қыламын дейтін жандарға бүгінде қолдау аз. Жылда қыруар қаржы мен қайтарымсыз гранттар бөлініп жатса да былғары илеу кәсібімен айналысқысы келетін кәсіпкерлер аз. Заман талабына сай түрлі бизнес түрлері дамып жатыр. Бірақ, қарапайым ғана төрт түлік малдың терісін өңдеп, илеп, кәдеге жарату ісінің бағы әлі де жанбай тұрғаны қынжылтады.
Еліміздегі тоқыма бұйымдары кластерін құру мәселесі шешілмей, жеңіл өнеркәсіпті өркендетеміз деу тәтті қиял күйінде қалады.
Күні кешеге дейін фермерлер ұсақ мал терісінің әр тоннасына 200 евродан, жүніне 50 евродан салық төлеуге мәжбүр болатын. Енді тері мен жүн экспортына кедендік баж салығы толықтай алынып тасталды. Мұның өзі бұл саланы өркендетуге септігін тигізеді деген үміт отын жағады. Тері мен жүннің ішкі нарықтағы сұранысын реттеп, өңдеу көрсеткішін көбейту үшін Үкімет осындай шешімге келді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр 9 миллионнан астам терінің небәрі 2 пайызға жуығы ғана өңделген. Елімізде қолөнер ісі дамып, шеберлер қатары көбейіп, мемлекет қазынасына осы кәсіпті меңгергендерден мол қаржы құйылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Альвира ПАЙЫСХАН.