Оның аты да, хаты да өлген жоқ

Мақтаулы ұлдың есімі өзі оқыған мектепке берілді
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Ел үшін еткен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Өзінің саналы ғұмырын қазақ спортының өркендеуіне, ел руханиятының дамуына, ұлттық болмыстың ұлықталуына арнаған елжанды ұлдардың бірі Зиядин Исабеков десек, оның есімі ел арасында ұлтжандылығымен, белсенділігімен жиі айтылады. Бар болғаны 46 жыл өмір сүрген ол өзінің өнегелі өмірімен артында өшпестей із қалдырды. Таяуда ҚР Үкіметінің №158 Қаулысымен өзінің білім алған алтын ұясы – Ордабасы ауданы, Қараспан ауылындағы «Мақташы» мектебіне Зиядин Исабековтің есімі берілді.
Әрине, жақсының есімін жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етсек, одан біздің ұтарымыз көп. Осы орайда оның қамшының сабындай қысқа ғұмырында қандай игі істердің ұйытқысы болып, нендей тірліктерді тындырғанына аз-кем тоқтала кетейік. Өмірдерегіне көз жүгіртсеңіз, елуге де жетпей кеткен оның елге еткен еңбегі де, қол жеткізген жетістіктері де, бағындырған белестері де баршылық.
Зиядин Қашқынұлы 1960 жылы 6 наурызда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Бөке ауданында дүниеге келген. Алты жасында атажұртқа оралып, Бөген ауданындағы «Мақташы» бастауыш мектебінде білім алады. Орта мектепті ойдағыдай бітірген ол Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Студент кезінде спортпен шұғылданып, самбо, дзю-додан КСРО, қазақша күрестен Қазақ КСР спорт шебері атанады. Елімізде алғашқылардың бірі болып КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алған кешегі білікті бапкер, бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовтің қол астында жаттыққанын да айта кетейік.
Аспирантурада оқып жүріп, университеттің Ыстықкөлдегі санаторийінде директор қызметін атқарған.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін аспирантурадан шығарылып, жұмыстан босатылады. Алматыдан Шымкентке келіп, бір жылдай жұмысқа орналаса алмай жүреді. Себебі – түсінікті. Бірақ, ұлтжанды ұлды қолдайтындар да бар екен, М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «КСРО тарихы» кафедрасына оқытушы болып қабылданып, онда 1991 жылға дейін қызмет атқарады. Осы жылдары археология саласымен шұғылданып, Ордабасы ауданында қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Қазақ-жоңғар соғысының тарихын зерттей жүріп, 1988 жылы халықаралық туристік археология жұмыстарын жүргізуге лицензия алады. Соның нәтижесінде алғаш болып америкалық ғалымдар, олардан соң француздық ғалымдар елімізге келіп, қазба жұмыстарына қатысты. Сол жұмыстардың жалғасы ретінде өзінің өсіп-өнген жері Ордабасы ауданындағы Сарыарық ауылында тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тарих мамандығының студенттері жыл сайын археологиялық іс-тәжірибеге барып, біздің заманымызға дейінгі II ғасырдағы Қаңлы мемлекетінің астанасы Битянь қаласының орнын тапты және онда жазба мәдениеті болғанын әлемдік деңгейде дәлелдеп отыр. Бұл салада Зиядин Исабековтің еңбегі ерекше болғанын атап өтуіміз керек.
1991 жылы Түркістан қаласында халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғанда оған Зиядин Исабеков алғашқылардың бірі болып қызметке барды. Сол кездегі аудан орталығы саналған тарихи қалада ашылған жоғары оқу орнының ғылым, білім, әсіресе, археология саласының өркендеуіне өз үлесін қосты.
З.Исабеков 1992 жылы желтоқсан айында сол кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
1991-1999 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысты. 1995 жылы ашылған Археология және этнология кафедрасының алғашқы меңгерушісі болды.
Сол кезеңде жаңадан құрылған университеттің студенттеріне қазақтың белгілі ғалымдары, академиктер Кемел Ақышев, Оразақ Ысмағұлов, Карл Байпақов, Мадияр Елеуов, Жәкен Таймағамбетов, сондай-ақ Ресейдің танымал археолог-ғалымдары – тарих ғылымының докторлары, профессор, академиктер А.П.Деревянко, В.Т.Петрин, тағы басқалардың дәріс оқуына және жергілікті ғалымдармен бірлесе ғылыми жұмыстар жүргізуіне өз септігін тигізді.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан археология және этнология ғылыми-зерттеу институтына басшылық жасап жүргенде Түркістан өңірінің көне тарихын жаңаша зерттеуге ерекше үлес қосты. Нәтижесінде бірнеше жаңа археологиялық нысандар зерттелді. Тас дәуірінің Шоқтас, Қошқорған ескерткіштері ашылды.
Әрине, елін сүйген еңбекқор ұлдың арманы да аз емес еді. Ол Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықтағы тарихи орындарға археологиялық зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған еді. Бірақ, сұм ажал оған мұрша бермеді.
Зиядин Қашқынұлы тек бұл салада ғана емес, спортта да өшпестей із қалдырды. 1999 жылы Шымкент қаласында жаңадан ашылған Оңтүстік Қазақстан облыстық олимпиада спортшыларын даярлау орталығының директоры қызметінде жүргенде ауыр атлет Бақыт Ахметов бастаған бірнеше саңлақ спортшылардың халықаралық ареналарда жарқырай көрінуіне ұйытқы болды.
Жалпы, Зиядин Исабековтің бойындағы асыл қасиеттер қайдан бастау алады дегенге келер болсақ, оның спортқа қызығушылығы әке қанымен, ұлтжандылығы ана сүтімен дарыған қасиет болса керек. Әкесі Қашқын Исабекұлы ат құлағында ойнаған шабандоз, тұлпарды жабу астынан таныған кәнігі атбегі болған деседі. Ал, анасы Қанткүл Жүндібайқызы есепке жүйрік, сөзге шешен, кісінің көңіл-күйін көзінен танитын зерделі жан болған екен. Зиядин Исабековтің бойындағы батылдық, тар жерде тауып айтатын шешендік, сірә, нағашы атасы Жүндібайдан дарыса керек. Міне, осындай тектіліктен тамыр алған Зиядин Қашқынұлының сегіз қырлы, бір сырлы болмауы мүмкін емес еді.
Сегіз қырлы, бір сырлы демекші, Зиядин режиссер Сұлтан Қожықов түсірген «Біздерді танып қой» атты фильмде Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін ойнауға шақыртылады. Бірақ, ол кастингке қатысқан үміткерлер арасында сырт келбеті жағынан күш атасы Қажымұқанға көбірек ұқсайтын шардаралық Әлеухан Бекболатовқа жол береді.
Ұлтжанды ұл қай салада жүрсе де әділдік, туралық жолынан таймады. 1989 жылы құрылған «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 2005 жылы 16 қарашада Алматыда 1 құрылтайын өткізіп, «Желтоқсан» республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысы болып қайта құрылды. Осы құрылтайда «Желтоқсан» қозғалысының үш тең төрағасы сайланды. Олар – Аманжол Нәлібаев, Зиядин Исабеков және Әлібек Мұзафар еді. Зиядин Қашқынұлының тағы бір жақсы қасиеті, өмірде көргені мен көңілге түйгендерін қағазға түсіріп, қаттап жүретін. Артында сол еңбектерінен үш монография, он екі оқулық пен оқу-әдістемелік құрал, жетпіске жуық ғылыми мақала қалды. Еңбегі лайықты бағаланып, 1998 жылы ОҚО әкімінің Алғыс хатымен және «Үздік жас ғалым» арнайы сыйлығымен, 2005 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Сол 2005 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының үздік жаттықтырушысы және ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атанды.
Ол 2006 жылы 4 қаңтарда өмірден өтті.
2010 жылы Зиядин Исабековтің 50 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласында қазақша күрестен халықаралық турнир өтіп, «Біз білетін Зиядин» атты естелік кітап жарық көрді.
Міне, бүгін заманында қатарының алды болған ұлдың есімі өзі білім алған мектепке беріліп, артында қалған қалың ел бұл жаңалықты қуана қабыл алып жатыр. Қазақтың «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мақалының тұнып тұрған шындық екендігіне осыдан кейін қалай иланбайсыз?!
Арапов Ертай
Жатқан жері жайлы, иманы саламат болғай.