Құдайы қонақ

Шахло АХРОРОВА.

«...Қонақ болғаны үшін емес, адамды адам болғаны үшін қадірлейді. Себебі, бұл дүниеге бәріміз де қонақпыз. Ата-анам маған осыны үйретті. Ал, мен балама не үйреттім?».

Алыс ауылдан келіп, бір мекеменің білдей басшысы болмаса да, төрт адамдық кабинеттің бір столы мен үстелін иеленіп отырғанына, міне, бес жыл толыпты. Алар айлығы да жаман емес. Және «Пәлен жерде істейді!» деген аты бар. Осы атағының арқасы шығар, бір дөкейдің қызына үйленіп алды. Егер аға-інілеріне ұқсап ауылда арба сүйреп жүргенде ол дөкей бұған қызы түгілі итін де бермес еді.

Қаланың қақ ортасындағы бес бөлмелі үйінің қосқабатты есігін кешкі апақ-сапақта әлдекім қақты да, кейіннен ақылы жетті ме, бұлбұл боп сайрайтын қоңырауын басты.

Баймырзаның жұмыстан келген беті еді. Киімін ауыстырып жатып бұлбұл боп безілдеп жатқан есікке наразы кейіпте көз тастап қойды. Ауылдан келгендердің кейде осылай беймезгіл мазалап тұратыны бар. Өз тумаластары болса мейлі ғой, «ауылдасыңмын» деп айдаладағы біреулер де есіктің алдында серейіп тұратынын қайтерсің?..

– Кім болды бұл кеш батқанда?

– Қайдан білейін? Көрші-пөрші шығар... – Келіншегінің де даусында маңғаздық байқалды.

– Амансыз ба, жеңеше?

«Не қызмет» дегендей есікті қия ашып тұрған келіншекке жасқана тіл қатқан жігіттің даусы таныс сияқты.

– Мен Баймырза ағамның ауылдасымын. Қалаға кеп қалып ем, амандасып кетейін деп...

– Ауылдасыңыз екен...

Сәлемін де алмай күйеуіне жүре сөйлеп ішке енген келіншектің ізінен ілесті. Босағада тұруға, біртүрлі, ыңғайсызданды. Атасы солай үйреткен. Сол үшін де ауылда кім келсе де «үйге кір, төрлет» деп жоғары шығаратын.

– Ее, бұл сен бе? – Әйтеуір ауылдасын таныды. – Кел, кір.

Абдували аяқ киімін шешіп, дастарқанға жайғасқан соң қол жайып дұға қылды.

– Иә, не жаңалық? Қайдан жүрсің? – деді Баймырза не мақсатпен келдің дегендей.

Ауылда болса алдымен амандық сұрасады, шай-нан әкеледі, қонақтың өзі айтпайынша неге келгенін сұрамайды. Қалада басқаша екен. Абдували ыңғайсызданып қалды.

– Әбдікәрім ағамен бесінде бірге келіп ек. Ол кісінің тағы бір кездесетін адамдары болып, маған бара бер деген соң...

«Ойбоой, ізінде тағы біреуі бар екен де-е...» – Баймырза іштей тыжырынды.

– Қайсы Әбдікәрім аға?

– Камол ата бар еді ғой. Сіздің әкеңіздің досы, соның ұлы.

Баймырзаның миын «Тәубә, одан да алыстауы жоқ па екен» деген мысқыл ой осып өтті.

– Сен отыра бер. Мен ертең жол жүретін едім. Мүмкін бүгін кешке-ақ облысқа жолға шығып кетермін. Іссапарға. Жұмысымыз сондай енді. Соған сәл дайындалып дегендей...

Бүгін кетпейтіні анық. Құдайы қонақтар түнеп шығайық деп қалмауы үшін әдейі алдын алып айтып жатқаны.

Абдували дастарқандағы тәттілерге көз тастады. Ана тәрелкедегі кәмпит сегіз түйір ма екен, әлде тоғыз ба? Біреуін алса орны білініп қалар ма екен?

– Амансыз ба, шай ішіңіз.

Әлгінде ғана адам жақтырмай тұрған әйелдің сыпайы сөзіне таң қалды. Қалай-қалай құбылады, ә? Сосын… «Дом» дегенің әдемі болса да, бұған ұнамады. Арғы бөлмедегі дауыс бергі бөлмеге анық естіліп тұр.

– ...Пісіріп қойып па?!. Жанға тиді... Аяғының иісін-ай!..

– Мен шақырды деймісің?! Қорықпа, кетеді...

Абдували орнынан тұрды.

– Е, шәй ішпейсің бе? – деді қолына екі нанын көтеріп келе жатқан Баймырза кетуге ыңғайланған оған таңдана қарап.

– Рахмет, аға. Әкемнің сәлемін жеткізу үшін келген едім.

– Саламат болсын...

– Ауылға барғанда біздің үйге де барыңыз.

– Барамыз, барамыз, – деді Баймырза.

– Жақсы аға, сау болыңыз.

Сыртқа шыққан Абдувалидың бойы жеңіл тартты.

* * *

Баймырза қызмет бабымен ауылға келді. Ауыл-аймақтың әлеуметтік жәй-күйімен танысып жүр. Алдын-ала дайындап қойылған үйлерге ғана кірмеу үшін қарсы алдындағы қақпаны қақты. Есікті алпысты алқымдап, жетпіске жетіп қалған қарт кісі ашты.

– Ассалаумағәлейкум! Келіңдер, келіңдер!

Баймырза өзінің облыстан келгенін білдірмеуге тырысты. Себебі, тапсырма солай.

– Ата, біз әкімдіктен...

– Мейлі, қай жерден болсаңдар да. Үйге кіріңдер, балам...

Ақсақал оларды аулаға қарай бастады. Баймырза қызметтік тапсырмаға байланысты ауланың тазалығына, шаруашылық құрылымдарының орналасуына назар аударды.

– Кәне, балам, үйге кіріңдер.

– Рахмет, ата. Жұмысымыз көп. Үйіңізге патронаж мейірбикелер келіп тұра ма?

– Келіп тұрады, балам.

Баймырзаның сөзін үй иесі бұзды.

– Үйге кіріңдер. Үйде, бір пияла шай үстінде әңгімелесеміз.

– Айып етпеңіз, ата, біз кіре алмаймыз...

– Маған қара, балам, – деді ақсақал қонақтарының «кірмейміз» дегеніне ренжігенін білдірмеу үшін күле сөйлеп. – Мен сіздерді шақырғаным жоқ. Өздерің есік қағып келдіңдер, солай ма?

– Дұрыс... – Келгеніміз ұнамай қалды-ау, – деп ойлады Баймырза. – Егер мен шақырғанымда менің қонағым болар едіңіздер. Сіздерді Алланың өзі осы жерге жетектеп әкелді, демек құдайы қонақсыздар. Мен сіздерді есіктен қайтарсам Алланың алдында не деп жауап беремін? Ішке кіріңдер.

Бұл сөздерді естіген соң үйге кірмеудің амалы қалмады.

– Рахмет, есігіме бас сұққандарыңа, – деді ақсақал қол жайып бата жасаған соң. Келіні болар, қараторы келіншек дастарқан жая бастады. – Құдайы қонақ береке алып келеді. Босағама береке енді.

– Асқа әуре болмасын, көп отырмаймыз, – деді Баймырза бірі тәттісін, бірі жаңғақ-мейізін әкеліп жатқан балаларға ишара жасап.

– Жарайды, көп отырмасаңдар да, несібелеріңді жеп кетіңдер. – Ақсақал бата жасағаннан-ақ қонақжайлылықпен өзі үзген нандарды қонақтарға жақындатты. Баймырза нанды қаймаққа батырып жеп, ыстық шайін рахаттана сораптап ішіп алды да, жанындағы қойын дәптеріне ақсақалдың аты-жөнін тіркеп қойды.

 – Ата, қызметтің аты қызмет. Қай отбасыларда болғанымызды жазып отыруымыз керек. Әжеміздің есімі кім, оны да жазып қояйын.

Ақсақал жымиып қойды.

– Қазір, өзін шақырамын, айтады.

Бірақ, қонақтарға ас пісіруге қамданып жүрген кемпір әлі-беріде кіре қоймады. Қойын дәптерін ашып, күтіп отырған Баймырза асығып:

– Өзіңіз айта берсеңізші, атын жазып қойсам болды, – деді.

– Өзі кеп қалар... – Ақсақал асығар емес.

– Айта беріңіз, ата.

– Дәптеріңізді беріңіз, өзім жазып бере салайын. – Ақсақал Баймырзаның дәптеріне «Айпарша» деп жазып қойды.

– Е-е, ата, Айпарша деген әдемі ат қой. Осыны айтуға ұялдыңыз ба? – деп күлді

Баймырза.

– Олай емес. Бізде ері мен әйелі бір-бірінің атын атап шақырмайды. Құрметсіздік болады бұл.

– И-е, онда не деп шақырасыздар? «Шал-кемпір» деп пе?

– Кейде солай деп. Ал, кейде балаларымыздың атын атап шақырамыз.

Баймырза бұл әңгімеден ерекше әсер алды. Баймырзаның есіне кешегі күн түсті. Абдували да құдайы қонақ еді ғой. Құдайы қонақты әйеліне қосылып қуып шыққандай болды емес пе? Әйелінің «құр келіпті» деп Әбдувалидің қолына қарағанын айтсайшы. Жаңағы ақсақалдың үйіне үш бірдей адам құр қол барған жоқ па?..

Кеше сезінбеген ыңғайсыздық сезімі бүгін жүрегін шымырлатты.

Бұл жердегі үйлер қаладағы сияқты бір-бірімен тығыз орналаспаған. Бір аулаға екіншісінің бағынан да өтіп кете беруге болады. Баймырза серіктеріне ілесіп, қабырғасы лайсыбақ, тіпті, қақпа да қойылмаған үйлердің біріне бас сұқты. Аулаға еніп, дыбыстады. Есіктен бас шығарып, асығыс-үсігіс кәлөшін кие бастаған отыз-отыз бестердегі жігіт оң қолын кеудесіне қойып қарсы алды.

– Ассалаумағәлейкум! Келіңіздер, келіңіздер!

Бұл жігіт те бөтендігін білдірмей бәйек болып жүр. Қонақтардың үйге кіргенін қалап тұр. Бірақ, Баймырза кешірім сұрап кірмеуге тырысты. Әр үйге бір кіріп қонақ бола берсе, жұмысы қашан бітеді? Оның үстіне жігіт жұпыны ғана тірлік кешетін көрінеді, оны әурелеп қайтеді.

Жігіт амалсыз көнгендей болды да, артынан ере шыққан келіншегіне жәй ғана ишара жасады. Келіншек бір демде мата дастарқан үстінде екі қаралау зағыр нанын көтеріп келді. Имене қонақтарға ұсынды.

– Үйге кірмедіңіздер, ең болмаса наннан ауыз тиіңіздер.

Жігіт шын ниетімен өтінгендей болды. Баймырза бір сәт үй иесіне көз тікті. Мүмкін, осы бір қара наннан басқа ештеңесі жоқ шығар мұның. Кәмпит-күлше де, пісте-мейіз де… Бірақ, анау-мынау байларда бола бермейтін адамгершілік бар еді онда. Ата-бабадан қалған салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген адалдық бар еді.

Баймырза бір үзім нан жеді. Неткен дәмді еді! Дастарқанынан дәм татқаны үшін риза кейіпте қарап тұрған жігіттің жанары ше!

– Рахмет, береке табыңыз!

Баймырза телефонын қолына алып шетке шықты. Анығы шетке шығу үшін телефонын қолына алды. Серіктері оған кедергі болмау үшін бөлек қалды.

«Есімде, бала кезімде анам қонақты дәл осылай күтіп алатын. Тура мына жігіттің келіншегіндей иіліп тұратын. Қонақ болғаны үшін емес, адамды адам болғаны үшін қадірлейтін. Себебі, бұл дүниеге бәріміз де қонақпыз. Ата-анам маған бұл қасиеттерді қалдырған болатын. Мен балама не өнеге қалдырдым?».

– Алло, – деді ол әйелінің сәлемін алып. – Кешегі ауылдасым Абдувалидің телефон нөмірі бар ма екен, дәптерімді қарашы.

– Ертемен сіз кеткен соң келіп еді, ана Әбдікәрім дегенімен... – деген дауыс келді арғы жақтан.

– Не? Келді?! – Баймырза әлдене тауып алғандай қуанып кетті. – Жақсылап күтіп алдың ба? Қонақ қылдың ба?

– Неменеге қонақ етем... одан кейін... өздері де асығып тұр екен. Бір келідей сары май, бір қап жаңғақ тастап кетті.

– Ең болмаса қалтасын құр қайтармаған шығарсың? – деп ашуланды Баймырза. Негізінде әйелінің қонақтарды құр қайтарғанын өзі де біліп тұр. Себебі, бірінші рет емес қой. Өзі де талай құр қайтарған.

– Сізге не болды? Керекті адамдар ма екен солар?

– Ақымақ, негізінде сен екеуміз керексіз адамдармыз! Е-е... адам болмай кет!..

Баймырза телефонын сөндіріп жатып іштей өзіне-өзі кейіді. – Мен де өлейін-е-е... адам болмай!

Аударған Бақтыгүл АУДАНОВА.

Пікір қалдырыңыз