Сабыржанның арманы – «Қазақстан барысы» атану

Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен тұла бойына бұла күш дарыған білекті палуандар қасиетті Түркістан облысында көптеп кездеседі.

Солардың бірі – Сабыржан Әбілдаұлы. Түркістанның тумасы өзінің сабырлылығы мен зейінділігінің, әбжілдігі мен қайтпас қайсарлығының арқасында қазақ күресіне өзгеше леп әкелген палуан. Спортты өмірінің айнымас серігі ретінде ұстанған оның бұл саладағы жетістіктерінің өзі бір төбе. Ол 2007 жылы самбодан Мәскеуде өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 2008 жылы дзюдодан Йемен елінде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, самбодан Азия чемпионы, қазақ күресінен түйе палуандар сайысында төрт бірдей «темір тұлпарды» қанжығасына байлаған. 2012 жылы Үндістанның Кочи қаласында өткен өзбек күресінен Азия чемпионы атанған кейіпкеріміз спорттың бұдан басқа бес түрінен спорт шебері атаныпты.

2010 жылдан бері «Қазақстан барысында» бақ сынап жүрген Сабыржанның жеңістері мұнымен шектелмейді. 2013 және 2014 жылдары ішкі істер органдары қызметкерлері арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатында екі жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Ал, 2015 жылы өзі жұмыс істейтін полиция департаментінің үздік спортшысы атағына ие болды. Оның әрбір жеңісінен төгілген тер мен ерінбей еткен еңбектің нәтижесін көруге болады.

– Өмірімде жақсы адамдарға жолығып, тәжірибелі мамандардан тәлім алдым. Спортқа алғаш баулыған бапкерімнің бірі – Нышанбек Бексұлтанов. Ол кісі қазір Отырар ауданындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Ал, қазіргі бапкерім – Шымкент қаласындағы күрес түрлерінен №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңімпаздар шоғырын даярлаған әрі Қазақстандағы 100 жаңа есімнің қатарына енген Құралбай Орынбасар. Жеңісті жолыма себепкер болған осы бапкерлердің мен үшін орындары бөлек, еңбектері зор, – дейді кейіпкеріміз.

Сабыржан осы жылдың 28-29 сәуір күндері Шардара қаласында өткен Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. Аталмыш жарысқа облысымыздың әр аймағынан 32 палуанның қатысқанын ескерсек, додадан қара үзіп шығудың өзі оңай болмағанын аңғаруға болады. Жалпы, сол жарыста бес кездесу өткізген Сабыржанның алдын екі қарсыласы орап кетті. Дегенмен, арманы асқақ палуан жеңіс бар жерде жеңілістің де қатар жүретінін жақсы біледі. «Әуелі Алланың, сосын облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбековтің жан-жақты қолдауымен спортқа қайта келдім. Себебі, қолымдағы жарақатқа байланысты екі жылдай спорттан қол үзіп қалған болатынмын. Сондықтан қиын шақта қолдау білдірген ағаларыма алғысымды білдіремін» дейді палуан. Осындай ағалардың алғауы шығар, қазір спорт саңлағының бабы келісіп, жеңіс тұғырының биік сатысына көтеріле алатындай әлеуеті бар.

1989 жылы Отырар ауданындағы Көкмардан ауылында дүниеге келген Сабыржан 3 қыздан кейінгі жалғыз ұл. Әкесі өмірден ерте озғандықтан, отбасында әке орнына әке, аға орнына аға болып, анасына қолғанат болды. Анасының тірегі бола білген Сабыржан сабақты өте жақсы оқып, жоғары оқу орнын да тәмамдады. Ұстаздары «өскенде кім боласың?» дегенде, «полицей боламын» дейтін намысты ұлан бүгінде облыстық полиция департаментінде абыройлы еңбек етіп жүр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық, жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» деген қанатты сөзін өмірлік ұстаным етеді.

Г.АБДУРАХМАНҚЫЗЫ, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз маманы.

Пікір қалдырыңыз