14 ұлт өкiлi бар мектеп

14 ұлт өкiлi бар мектеп

Төлеби ауданындағы Достық ауылы – көпұлтты елді мекендердің бірі. Осындағы барша этнос балалары тай-құлындай тебісіп өсті. Қазір де бір-бірімен қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасып келеді. Патша өкіметінің отарлау саясатымен орыс-татарлар осы ауылға қоныс аударса, қуғын-сүргін жылдары мен тың игеру кезінде шешен-ингуш, әзірбайжан, күрді, корейлер жер ауып келді. Содан бері бірнеше ұрпақ ауысты. Яғни қазір олардың ешқайсысы да жатжұрттық емес.

Тіпті, осындағы қазақ және орыс сыныптарға топтастырылған Ш.Уәлиханов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте оқушыларды білім нәрімен сусындататын 91 мұғалімнің 59-ы қазақ болса, қалғандары – өзбек, орыс, түрік, әзірбайжан, неміс және украин ұлтынан. Мектепке Норман Амалбеков басшылық жасайды.

Сондай-ақ, мұндағы 1180 оқушының 348-і қазақ, 444-і–өзбек, 111-і орыс ұлтынан болса, 132-сі әзірбайжан, 107-сі түрік, иран, күрді, кәріс, татар, тәжік, украин, беларус, неміс және аджар балалары.

Мектебімізде ұлттар достығын дәріптеу аясында түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен, шығыс халқының мерекесі әз Наурызда түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерінен көріністер қойылып, ән мен биден шашу шашылды. Оқушылар арасында қыз қуу, арқан тартыс, келіннің сәлем салуы, жар-жар, бата беру көріністері көрсетілді. Ал, жоғары сынып оқушылары арасында «Жігіт сұлтаны» мен «Ерке қыз» байқауы өте қызықты өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен мұндай шаралар жыл бойы жалғасын таба бермек.

Гүлсапар МАДИЯРОВА, Ш.Уәлиханов атындағы №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз