Пайда – таңқурайда!

Таңқурайдың «Лашка» сұрпын өсіретін шаруашылық құруға 3,3 млн. теңге керек. Жоба өзін-өзі 5 жылда ақтайды. Таңқурай денсаулыққа өте пайдалы. Оның құрамында пектин және ағзаға тез сіңетін көмірсулар – глюкоза, фруктоза, сахароза бар.
Медицина мамандары адам жылына 100 келідей жеміс-жидек жеу керектігін айтады. Жеміс-жидекті көп жеген сайын денсаулық та жақсара түседі. Таңқурайды тек піскенде ғана емес, тосап түрінде жесе де пайдалы. Қазақстанда жеміс-жидек өндірісі ішкі сұранысты әлі толық қанағаттандырмай отыр. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында жеміс-жидек өндірісін күшейту жан-жақты қарастырылған. Жобаға қаражатты «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 3 млн. теңге грантпен алуға болады. Таңқурай тез өнім беретін жеміс түрі. Емдік қасиеті жоғары. Ол сазды және құмайт жерлерде жақсы өседі. «Лашка» – таңқурайдың ерте пісетін польшалық сұрпы. Ресей, Украина, Беларусь елдерінде кең тараған. Екі жылда өнім береді. Сабағы қалың, биіктігі 3 метрге дейін жетеді, сондықтан сабағы майысып кетпеу үшін тіреу қою қажет. Алғашқы терім маусымның ортасынан басталып, шілденің аяғына дейін созылады. Күн сәулесі жақсы түсу үшін әр қатардың арасы бір-бірінен 2,5 метр қашықтықта болу керек. Бір гектарға егілген «Лашка» сұрпы 20 тонна өнім береді. Қазақстанға құлпынай мен шие Польша мен Қытайдан әкелінеді. Таңқурайды өсіру оңай емес, бірақ табысты бизнес. Бір маусымда 20 гектар жерден 12-15 млн. теңге табыс табуға болады. Дәнді дақылдармен салыстырғанда таңқурайдың егістік аумағы шағындау келеді. Бірақ, өнімді жинау қиын. 1 гектардан жеміс теру үшін кемінде 5 адам керек. Таңқурайды сақтау мен сату да күрделі іс. Егістік басынан сататын диқандар супермаркеттер мен базарларға өткізетіндерге қарағанда 3 есе аз пайда көреді. Дегенмен, 1 гектар бидаймен салыстырғанда 1 гектар таңқурайдан 100 есе артық пайда түседі. Таңқурай егуде диқан өте сауатты болғаны жөн. Егер бизнесті дұрыс ұйымдастыра алса мол табысқа кенеледі, істің көзін таппаса керісінше, шығынға батуы әбден мүмкін. Дегенмен, өнімділікке агротехнологиямен қатар ауа райының да көп әсері барын ұмытпаған абзал. Мамандар елімізге жеміс-жидек негізінен шет мемлекеттерден тасымалданатынын, сол үшін бау-бақша көлемін арттырып, жеміс-жидек өндірісін күшейтуіміз қажеттігін айтады. Осы мақсатты жүзеге асырудың бірден-бір жолы – бау-бақша өнімдерін субсидиялау. Бұл мәселе Парламентте де қаралған.
Маркетологтар нарыққа алғаш мәрте тауар шығарған кәсіпкерлерге бәсекелестерінен баға бойынша ұтылып қалмауды ескертеді. Ірі шаруашылықтармен бәсекелесу, әрине, қиын. Сондықтан шағын фермерлік қожалықтар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және парақшалар арқылы өнімін көбірек жарнамалауға көңіл аударуы тиіс. Дегенмен, бәсекеге төтеп беру үшін бірнеше талапты орындағандары абзал. Ол заманауи технологияны қолдану, сұранысқа жауап беретін тауар өндіру және бағаны тым қымбаттатпау.
Жобаны іске асыру үшін алдымен таңқурай егетін аумақты белгілеу, топырағын көңмен құнарландыру, суландыру жүйесін әзірлеу, тіреулер орнату керек. Содан соң көшет егіледі. Шаруашылыққа қажетті қосымша ғимарат салып, егістік аумағын қоршап қойған жөн.
«Лашка» таңқурайынан 5 мың дана сатып алу керек. Бір көшеттің бағасы – 480 теңге. Сонда 2 млн. 400 мың теңге кетеді. Оған жеткізу құнын қосыңыз. Әр данасын 60 теңгеден есептегенде әкелуінің өзі 300 мың теңгеге түседі. Тағы 300 мың теңгесі тамшылатып суару жүйесін орнатуға жұмсалады. Осының барлығына 3 млн. теңге қаражат керек. Бұдан бөлек қоршауға 100 мың, агротехникалық жұмыстарды жүргізуге 200 мың теңге шығын шығады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қаржының 3 млн. теңгесін «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасымен грант түрінде алуға болады. Кәсіпкер қалтасынан бар-жоғы 300 мың теңге жұмсалады.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.