Байығың келсе, бөдене өсір

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіп ашуға ықыласы бар азаматтарға дайын жобаларды ұсынады. Солардың ішінде бөдене өсіру кәсібі бар. Бұл жобаның құны 1,91 млн. теңгені құрайды. Өтеу мерзімі – 1 жыл. Жылына 500 бөденеден 204 500 дана жұмыртқа мен 125 келі ет алуға болады. Өнімді сатып, жұмыртқа бастыру арқылы бөденелер санын мыңға жеткізуге мүмкіндік бар. Инкубациялау мерзімі – 15-17 күн. Үй бөденесінің салмағы 125-150 грамға дейін барады. Бұл құс жұмыртқаны 50-60 күн басады. Жалпы, бөдене жұмыртқасын өндіру тауыққа қарағанда арзан әрі ол құс шаруашылығының ең тиімдісі саналады. Сонымен бірге бөдене еті диеталық тағамға жатады. Сондықтан ол Ресейде «патша тағамы» деп бекер айтылмайды.
Үй бөденесі жылына 300 данадан көп жұмыртқа туады. Салмағы 10-12 грамм болатын кіп-кішкентай теңбіл шұбар жұмыртқада тауықтың жұмыртқасымен салыстырғанда А және В дәрумендері бес есе көп болады. Оның құрамындағы пайдалы элементтер ағзаның радионуклидтерін шығаратын, қуықасты безін емдейтін, жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан, ұйқы безін қалпына келтіретін қасиетке ие. Егде жастағы адамдарға да пайдасы орасан. Өйткені, онда холестерин мөлшері аз. Қант диабетіне, аллергияға, созылмалы шаршау синдромына қарсы ем ретінде ұсынылады. Сондай-ақ, бөдене жұмыртқасы кальций, калий, мыс, темір, фосфор секілді көптеген аминқышқылдар мен минералдарға өте бай. Сол үшін де дәрігерлер нәрестелерге бөдене жұмыртқасын беру керектігін жиі айтады. Бұл құстың дене температурасы 42 градустан жоғары, сондықтан ол жұқпалы ауруларға төзімді болып келеді, соның ішінде, бөдене ешқашан сальмонеллез ауруымен ауырмайды. Демек, оны шикілей іше беруге де болады. Балаға күніне 2-3 дана бөдене жұмыртқасын берген абзал. Құс шаруашылығы – Қазақстандағы жылдам қарқынмен дамып келе жатқан салалардың бірі. Елімізде бүгінде 45 құс фабрикасы бар. Бірақ, мемлекет әлі де сырттан келетін құс етіне тәуелді. Отандық өнім жергілікті нарық сұранысының 49 пайызын ғана қанағаттандырады. Қалған құс өнімдері шетелден келетін «Буштың аяқтары». Доллар бағамының өсуі, керісінше, жергілікті кәсіпорындардың бәсекелестігін арттырып, экспортқа кең жол ашты. Статистикаға сүйенсек, отандық тауық жұмыртқасымен Қазақстан жүз пайызға жуық қамтамасыз етілген. Ал, еліміздегі бөдене бизнесінің даму қарқыны қазірше көңіл көншітпейді. Бөдене жұмыртқасына сұраныс өте жоғары. Бөдене өсіру жобасы үлкен инвестициялық шығындарды талап етпейді. Өзін-өзі тез ақтайды және рентабельді кәсіп. Жұмыртқасын сауда үйлері, дүкендер, дәмханалар мен қоғамдық тамақтану орындарына өткізуге болады. Өндірісті ұйымдастыруға қажетті 1,9 млн. теңге қаражаттың 450 мың теңгесі 500 бөдене, 100 мың теңгесі 5 тамыр батареясын, 75 мың теңгесі 3 инкубатор және 1 млн. 282 мың теңгесі жылдық жемшөп қорын сатып алуға жұмсалады.
Жоспар бойынша бір жылда 500 бөдене мыңға жеткізіліп, 204500 дана жұмыртқа мен 125 келі құс еті өндірілуі тиіс. Қазір бөдене жұмыртқасының бір данасы 40 теңгеден, етінің бір келісі 400 теңгеден сатылып жатыр. Алынған жылдық өнімдерді сатылу бағасына көбейтсек 8 млн. теңгеден астам пайда түседі. Ал, ферманың жылдық айналымы 6 млн. теңгеден астам қаражатты құрайды.
Өнімнің өзіндік құны азыққа, электр энергиясына, салыққа, еңбекақыға және басқа да шығындар бойынша есептелінеді. Мәселен, құс етін өндіруге 8640 кВт электр қуаты жұмсалады. 2018 жылы 1 кВт электр энергиясының бағасы 15,32 теңге болды. Сонымен 8 230 000 теңге табыстан 1 907 500 теңге инвестициялық, 1 282 500 теңге жемшөп, 132 365 теңге электр энергиясы, 181 800 теңге көлік, 185 550 теңге түсім салығы, 1 582 560 теңге еңбекті төлеу, 2 043 409 теңге несие және 100 000 теңге басқа да шығындарды шегеріп тастағанда таза түсім 814316 теңге болады.
Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ.