Өміршең өлең иесі

  (ақын Бәтима Батырбекова жайлы сыр)

 

Жалпы, қазақ әдебиетіне зер салған кісі өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарында поэзия әлемінде бір шоғыр қыз-келіншектердің жарқ ете қалғанын байқар еді. Өте тегеурінді толқын алдындағы ақын апалары Мәриям Хакімжанова ұстанған халықтық дәстүрге адалдық таныта білді. Сөйте тұра жыр көшін жаңа белеске шығарды. Сол талантты топтың арасында жерлесіміз Бәтима Батырбекованың орны ерек, даусы бөлек еді. Бәтима жайлы әңгіме бастамас бұрын әуелі ол кісінің кім екеніне зер салған жөн.

Әлдекей атамыздың Тоқсоба, Қарынбай, Астанқұл деген балалары бәйбішесінен, ал, тоқалынан туған үш бала – Ақтан, Бұхар, Базар екен. Ақтан мен Бұхардан өсіп-өнгендер Қаратаудың етегіндегі Қарабұлақ, Балдысу деген жерде, Базар балалары Созақтың батысындағы Алтынтау деген жерді мекендейді. Алпысыншы жылдары Алтынтаудағы ел «Қарақұр» ұжымшарына келіп қосылып, кеңшар болды.

Қасиетті Қаратаудың Алтынтау аңғары – Алтынтау десе, Алтынтау екен. XІX ғасырда алтынын ағылшындар алса, Кеңес өкіметі тұсында тауды тауға қосып, қопарып тастады. Одан сәл әріде «Күмісті» де кенге бай жер. Екеуін әлі қазып, алтыны мен күмісін алып жатыр.

Базардан Бәтен, одан Байғана, одан Ыбырай мен Мыңжан туады. Мыңжаннан Батырбек, одан Кәдірбек пен Бәтима. Батырбекқызы Бәтима 1928 жылы 5 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Алтынтау ауылында дүниеге келген.

 Жалпы, қарап отырсақ, Әлдекей атадан Иса, Жәнәділ секілді атақты кісілер шығыпты. Бұл рудан ақындар да көп шыққан. Кешегі қара сөзді ұйқастырып соға беретін Асқар, Зейнетай ақындар осы Бәтиманың жақын ағалары болады.

Сонау 1952 жылға көз жіберейік. Республикалық «Қазақстан әйелдері» жорналында Бәтима Батырбекованың бір топ өлеңдері жарияланады. Осыдан кейін ауыздығын шайнаған жүйріктей өлеңдері бірінен соң бірі шыға бастайды. Өзі қандай сырбаз да көркем болса, өлеңдері де жібектей есіліп тұрады екен. Өйткені, Бәтекең нағыз қарапайым қазақ қызы, дархан даланың жібек желімен жарысып ауылда өскен, инабатты, ибалы, нәзік жүректі жан еді.

Біз Бәтима апайымыз туралы айтар болсақ, ол кісінің өмірлік жолдасы, қазақтың белгілі әдебиет сыншысы Төлеген Тоқбергеновке соқпай өте алмаймыз. Төкең жалпы поэзияны зерттегенде, сонау Аристотельден бастап, Мұқағали, Фариза, Төлегендерге дейін әкеледі. Бәтима өлеңдерінің зор тынысты, байсалды болып шығуына осы Төкеңнің де әсері болса керек.

Ақыл-ойға жомарт Сократ өзгеден үйренерім жоқ демеген, ал, қазақтар Аплатун атаған Платон өзін Сократқа шәкірт санаған. Олай болса, өнер жолы үнемі үйрену, іздену болып келеді. Төлегендей үлкен сыншымен бір шаңырақ астында өмір кешкен ақын Бәтима да ізденуден жалықпаған жан.

1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Сал-сал білек» деген атпен шыққан тұңғыш өлеңдер жинағы «Ашылды гүлдер», «Әрқашан күн сөнбесін», «Жарқыра күнім», «Қос алға», «Іңкәрім менің», «Күміс алқа», «Мизам шуақ», «Аққу арман» болып жалғасып, қазақ поэзиясында Алтынтаудың ақын қызы өзіндік нақышпен жарқырай көрінді.

Бәтима апай дүниеден өткеннен кейін 1989 жылы күз айында Қарақұр ауылында үлкен жиын болды. Бұл жиын ақынның 60 жылдығына орай өткізіліп, ақынға ауылдағы бір көшенің атын беру салтанатына ұласты. Алматыдан келген меймандарды Төлеген ағамыз бастап келді. Олардың ішінде ақын Қуандық Шаңғытбаев, жазушы Мархабат Байғұт, Өтеш Қырғызбаев бар еді. Осы тойда:

 –Қастерлейтін ежелден қызын ел екен,

Алтын бесік ел іші деген берекем.

Тағдыр сені біздерден алып кетсе де,

Ауылыма келді өлеңің, тойың, мерекең, – деп өлең арнаған екенмін. Ол өлең «Алтынтаудың бұлбұлы» деген атпен аудандық газетке басылды. Міне, соған да талай уақыт болыпты. Осы тойда сөйлеген кісілердің ішінде менің есімде қалғаны белгілі шежіреші, ақын Жұмақан Төлебаев ағамыздың өлеңі болды. Онда Жұмекең былай деп жырлады:

 

–Бәтима қыз боп өсті өнегелі,

Қуғаны жасынан-ақ өлең еді.

Ақынның туып-өскен құт мекені,

Алтынтау, Қарақұрдың өзені еді.

Дәстүрлі сол кездегі адамдардың,

Қыз-жігіт боп айтысы өнері еді.

Айтыс десе алдына жан салмастан,

Суырылып шу дегеннен жөнер еді.

Жас кетті, Бәтима жоқ арамызда,

Тірі болса көп мұра берер еді.

Қазіргі қайта құру кезеңінде,

Келеңсіз құбылысқа не дер еді?

Тойын тойлап отырмыз еске алып,

60 жасқа осы жыл келер еді.

Білімді, қарапайым, мінезі ашық,

Менмен емес, досына төмен еді.

«Жаманнан жат, жақсыдан ат қалар» деп,

Бұрынғылар осылай деген еді.

Көше аты берілсін Бәтимаға,

Көбірек елдің қамын жеген еді.

Кетерміз дем таусылса, өмір қысқа,

Сөз болып Жұмақаннан қалсын нұсқа, – деді. Міне, Бәтимамен бірге өсіп, бірге оқыған, мінезіне әбден қанық Жұмақан ағамыздың осы мінездемесі ақын апайымыздың бүткіл болмысын айқындап тұрғандай.

Зер салып қарасаң, Жұмекең Бәтима апайды суырып салма, айтыскер ақын дейді. Жұмекеңді мен өмірінің соңына дейін жалықпай тыңдадым. Оның бірде былай дегені бар еді. 1952 жылы әйелім дүниеден өтіп, жас қызға үйлендім. Қыз кәмелетке сәл жетпеген екен. «Кәмелетке жетпеген қыз алды» деп үстімнен арыз жазылды. Бұл арыз сол кезде аудандық партия комитетінің «Әйелдер ісі» бөлімін басқаратын Бәтимаға тиіпті. Бұрынғы әйелім жағынан Бәтима балдызым болатын. Айқай-шу шығарып, тексеріп, елді шулатқан жоқ:

– Келеңсіз секілді бір сыр ақтармау,

Барлығы тірлігіңнің сияқты алдау.

Өзіңнің қызыңдай жас қызды алып,

Жұмақан, мына ісің ұят болды-ау, – деп бір шумақ өлең жіберіпті. Мен сонда Бәтимаға мынадай өлең жібердім.

-Келеңсіз секілді бір сыр ақтармау,

Бәрі емес тірлігімнің сияқты алдау.

-Бәтима, кешір мені қателестім,

Шынымен мына ісім ұят болды-ау, – дедім. Бәтима сол жолы үлкен адамгершілік жасап, сотталып кететін жағдайдан қорғап қалды, – дейді. Бұл да ел қызының адами тұлғасының бір көрінісі.

Бәтима апаймен 1970 жылы жүздестім. Ауылдан Алматыға Амандық Игіліков ағамыз барып, Төкеңе рестораннан шай берді. Соңында Төкең бізді үйіне ертіп барды. Міне, осыдан кейін Бәтекеңнің өмірінің соңына дейін қолынан дәм таттым, ақыл-кеңесін тыңдадым.

1978 жылы Шымкент облысаралық жазушылар бөлімшесі алғашқы «Ақтұмар» атты өлеңдер жинағымды талқылап, «Жалын» баспасына ұсынды. Мен баспадан бұрын апайға бардым. Төлеген ағай папкамды ашып отырды да: «Бәтима, мына ініңнің өлеңдерін өзің көрші» деді.

Бәтекең менің өлеңдерімді бір күн оқыды. Ертесіне Төкеңнің алдына келіп:

Белгісі көп сенде өткен,

Жылдар менен айлардың.

Жүректі жылы тербеткен,

Айдарлым, менің айдарлым, – деп өлеңімді оқып тұрып: – «Поэзия есть» деді орысшалап. Осыдан кейін алғысөз жазып берді. Міне, менің өлеңімнің алғаш тұсауын кескен де осы Бәтима апайымыз еді.

Қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Бәтима Батырбекова еңбек жолын ауылдың қарапайым мұғалімдігінен бастап, аудандық оқу бөлімін басқарып, партия комитетінде, Алматыдағы қазақ энциклопедиясында қызмет атқарып, 1987 жылы қараша айында қайтыс болды. Туған елі ақын қызын ұмыт қалдырған жоқ. Қарақұр ауылының орталығынан үлкен бір көшеге және 1991 жылы Раңата ауылындағы орта мектепке атын берді. Аудан орталығында өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын шаралар өткізіліп тұрады. Биыл да облыс көлемінде жазба ақындардың мүшәйрасы өткізілді. Жарық дүниеде өміріне өлеңін серік етіп, қолынан қаламы түспеген мейлінше парасатты, қарапайым, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын ақын апайымыз өзінің «Өлеңім» деген өлеңінде:

– Жылдарды оралмайтын жылға салып,

Мен ұлғайсам, келесің сен жасарып.

Кеудемнен ұшасың да әр тараптан,

Қайтасың құрдас тауып, жолдас алып.

 

Сен қанат қағасың да елігесің,

Еліме нұр тамшыдай себілесің.

Томпиып жатса бір кез топырағым,

Гүл болып ескерткішке егілесің, – депті.

Өнердің иесі өлсе де, киесі өлмейді. Ұрпақтан ұрпаққа ұласып, жылдар өткен сайын жасарып, жаңара береді. Олай болса, біздің бүгін 90 жылдығын тойлап отырған ақын Бәтима апамыздың да өлеңдері жаңғырып, ғасырлар мінбесінен көріне бермек.

Ескермес ЖАҚСЫМБЕТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.  Қарақұр ауылы, Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз