Сейдахмет Қонақбаев: «Мен Қажымұқанның сарқытын ішкенмін!»

Қазақ спортындағы есімі көп айтыла бермейтін тұлғалардың бірі – Сейдахмет Қонақбаев. Сейдағаң бокс пен самбодан КСРО спорт шебері. Сондай-ақ, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған жарыстың бірнеше дүркін «түйе балуаны». Ұлт мүддесі жолында шаршы алаңда да, шаршы алаңнан тыс жерде де аянып қалмаған арыстан жүректі ақсақалмен Шымкенттегі бокс турнирлерінің бірінде сұхбаттасқан едік.
Үйге келсем, әкем көңілі босап, жылап отыр екен...
– Газетіміздің оқырмандары сізді балуан ретінде ерекше таниды. Өйткені, кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған турнирлерде талай рет «түйе балуан» атанған екенсіз. Өткен шаққа шегініс жасап көрсек...
– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнир – облысымыздағы ғана емес, еліміздегі ең беделді жарыстардың бірі. Сол додада топ жару үлкен абырой еді. Алпысыншы жылдары Шымкенттегі педагогикалық институтта оқитын-мын. Мен негізі боксшымын. Ал, күреспен кәсіби түрде айналыспағанмын. Бала кезімізде ауылда қара жұмыс істеп, балалармен күресіп өстік. Күреске ебім бар екенін білген ұстаздарымыз мені институт құрамасына қосып, жарысқа жіберді. Бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің турниріне аудан, қалалардан бөлек, түрлі мекемелер мен ұжымдардан да командалар қазіргіден көп қатысатын. Мереке секілді өтетін. Сол жылдар үшін деңгейі өте жоғары жарыс болды. Газеттің турниріне бірнеше жыл бойы қатысып, 7-8 рет жеңімпаз болдым. Абсолютті чемпион атандым. Абсолютті чемпион дегеніміз – қазіргі «түйе балуан». Ерекшелігі, ауырлау 4 салмақ дәрежесінің чемпиондары өзара мықтыны анықтайтын. Турнирлерде сыйлыққа жейде және сол сияқты майда-шүйде сыйлықтар үлестіретін. Әлі есімде, 1970 жылы Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай абсолютті салмақ жеңімпазына бас жүлдеге бір жылқы тікті. Ол кезде газеттің бас редакторы Әсет Тілеукеев ағамыз еді. Журналист Уәлихан Темірбеков мені туған інісіндей жақсы көретін. Қазіргідей автокөлік пен бағалы сыйлықтар болмаса да, біз намыс үшін күресетінбіз. Былтыр газеттеріңізден турнирдің тарихын оқыдым. Мен жеңіске жеткен алпысыншы жылдардағы сәттер жазылыпты. Оқып қуанып қалдым. Жалпы, қазақ күресі қандай биікке көтерілсе де оған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қосқан үлесі ерекше деп есептеймін.
– Қазір мықты балуандар тек жүлдесі қомақты жарыстарға қатысуға тырысады. Ал, сіздің «түйе балуан» атанғанда алған ең бағалы сыйлықтарыңыз қандай еді?
– Сыйлықтарымның ең қымбаты – алтын сағат пен «Урал» мотоциклі. Енді мотоциклдің тарихын айтып берейін. Қателеспесем, 1964 жылдан бері Темірланда Қажымұқан турнирі өте бастады. 1965 жылы бокстан Қазақстан құрамасы сапында КСРО халықтарының спартакиадасына дайындалып жүргем. Бірақ, жергілікті басшылар мен пединститут ректоры мені спартакиадаға жібермей, Қажымұқан турниріне қатыстырды. Жарыс желтоқсанда өтті. Турнирге еліміздің ең мықты балуандары қатысты. Қазір жабық кешендегі жарыстардың өзіне жанкүйер жинау қиын ғой. Ал, ол кезде Темірландағы додаға жанкүйерлер Созақ пен Шаяннан атпен, түйемен келетін. Күннің суығына қарамай, жанкүйерлер жарысты қарда отырып тапжылмай тамашалады. Біз де тобықтан келетін қардың үстінде күрестік. Сөйтіп, аса тартысты бәсекеде бас жүлдеге ие болдым. Жеңіс тұғырында тұрған сәтімде Қажымұқан атамыздың жұбайы Мінәйым апа көзіне жас алып, «еңкейші, маңдайыңнан бір иіскейін. Топырағы торқа болғыр, Қажымұқан атаңның әруағы бір аунап түскен шығар» деп ризашылығын білдірді.
– Бокс және күрес бәсекелерінде жеңіске жетуіңізге спорттағы әдіс-тәсілдерді терең меңгергеніңіз ықпал етті ме, әлде қара күшке сенім арттыңыз ба? Тұла бойыңыздағы бұла күш кімнен дарыған?
– Шынын айту керек, менікі туа біткен табиғи күш. Көшеде алысып, күресіп жүріп ер жеттік. Бойым 1.75 метр, ал, салмағым 70 пен 80 келінің төңірегінде еді. Бокстан 75-келіден бастап, 85 келі салмақ дәрежелерінде жұдырықтастым. Аса ауыр салмақта да бақ сынадым. Ал, күрестен 160 келі тартатын қарсыластарымды жықтым. Бастапқыда, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің турнирінде еркін күрес пен классикалық күреске қатысқан спорт шеберлері жеңіске жетіп жүрді. Мықтылар арасында өзге ұлт өкілдері көп еді. Бірнеше жыл төңірегінде солардың бәрін жеңдім. Қазақ күресінде аяқ, қол және бел мықты болуы тиіс. Қарсыласым маған әдіс жасаса, қарсы шабуылға шығып, қолымды босатпай, өзін жыққанды ұнататынмын. Әулетіме келсем, анам Құлхан балуандықтан кенде болмаған. Ауылының жігіттері кілемге шығуға сескеніп тұрса, намыс үшін өзі күрескен екен. Білек күші мен қайраты кейбір жігіттердің күші мен қайратынан артық болған. Ал, нағашы әжем Айхан 70-тен асса да, 70-80 келілік қаптарды арқалағанын өзім көргенмін. Қайратына таң қалатынмын. Нағашы атам Сұлтанбек – заманына белгілі балуан әрі көкпаршы болған. Алып денелі нағашым түске дейін бір атпен, түстен кейін екінші атпен көкпар тартқан екен. Себебі, салмағына мықты аттардың өзі ұзақ шыдай алмаған ғой. Әкем Нартай Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан жараланып келді. Бір аяғы ақсақ болса да, көкпардан қалмайтын. Қайсар мінезді әрі бір сөзді жан еді. Қажымұқан турнирінде республиканы мойындатқан жеңісімнен кейін аудандағы лауазымды кісілер үйге қонаққа келді. Әкем мал сойып, жеңісімді атап өтті. Түннің бір уағына дейін отырған қонақтар тарқаған соң үйге келсем, әкем көңілі босап жылап отыр екен. «Үйіме бас сұқпақ түгілі, есіктен қарамайтын райком хатшысы мен совхоз директоры дастарқанымыздан дәм татып кетті. Есіктегі басымды төрге сүйредің, балам» деп ризашылығын білдірді.
Ақшаға сатылған балуан еркек емес!
– Күш атасы – Қажымұқан бабамыз мәңгі дамыл тапқан Темірланда дүниеге келдіңіз. Сіздің балуан болуыңызға Қажекең туралы аңыздарды естіп өскеніңіздің де әсері болған шығар?
– Қажымұқан атамыздың ерліктерін естіп қана қоймай, ол кісіні көзбен көрген адаммын.
– Мынау бір қызық дерек екен...
– Ол кезде 6 жастағы баламын. Үй жақта ойнап жүргенбіз. Ауылға Қажымұқан атамыз келді. Арыс жақтан келе жатқан беті екен. Ат арбада әйелі мен баласы бар. Алыс жолдан шаршап әрі шөлдеп келе жатқандары байқалып тұр. Оның үстіне күн өте ыстық еді. Жаңа айтқан нағашы әжем Айхан Қажымұқан атамыздың замандасы. Еркін сөйлесетін. «Ей шал, қымыз әкелейін бе?» деп еді, балуан атамыз «Оу, күн жанып тұр ғой. Құдықтың мұздай суынан әкел» деді. Осылайша, аңыз Қажымұқан-ды жақыннан бірінші рет көрдім. Алып денелі, бір көзі сәл жабылып тұратын сұсты кісі екен. Күрескенде немесе циркте өнер көрсеткенде салбырап жатқан қарнын лезде жинап, ол күш пен бұлшық етке айналып бұлтыңдап шыға келеді екен. Құлақ тұсында тыртығы бар, ерні сәл жыртылған. Әйгілі жапон балуаны Саракикимен болған жекпе-жектен қалған тыртық екенін кейін білдік қой. Жүгіріп барып құдықтан су тартып, ағаш тостағанға құйып апарып бердік. Атамыз баласы мен әйеліне су берді. Сосын өзі тостағанды көтеріп, суды мейірлене ішті. Ернінің жырық тұсынан аққан су кеудесіне және қарнына төгіліп жатты. Қасымдағы өзім сияқты ойын балаларымен бірге аузымыз ашылып қарап тұрмыз. Сол кезде әжем «Қажеке, балаларыма сарқытыңды бер. Саған тартқан мықты болсын» деп балуанның қолындағы табақты бізге берді. Бәріміз жапа-тармағай таласып, суды ішіп алдық. Қажымұқан атамыздың сарқытын ішкен адаммын деп мақтануыма болады. Ондай алып тұлғалар бір ғасырда бір-ақ туатын шығар.
– Қажымұқан балуанның ұлдарымен замандас болыпсыз. Олармен араласып тұрдыңыз ба?
– Айдархан деген ұлымен түйдей құрдаспын. Жақсы танитынмын. Бірде Айдарханмен моншада жолығып қалдық. «Ертең күрестен жарысқа қатысамын» деді. Құрдасымның күресте бірде жеңіп, бірде жығылып жүргенін білетінмін. Ірі денелі болғанымен, күреске өте епті еді дей алмайсың. Мен оған «қазір шомылып болғаннан кейін асықпай сөйлесейік» деп едім, ол келісті. Сөйтіп, моншадан бірге шықтық. Ол уақытта мен бокстан Қазақстан құрамасы сапындамын. Үздік спортшыларға тамаққа тегін талон беретін. Сол талонға екеуміз жақсылап тамақтанып отырып әңгімелестік. Әңгіме үстінде «Айдархан, сен күресемін дегеніңді қой. Күресу үшін балуанның бойында айла-тәсілден бөлек бір жарым немесе екі адамның күші болуы керек. Егер сен ертең жарыста жеңіліп қалсаң, қарсыласың «Қажымұқанның баласын жықтым» деп мақтанады. Ел де айтып жүреді. Сол қажет пе? Одан да әдемі көйлегің мен қалпағыңды киіп, жарыстардың төрінде мәртебелі қонақ болып отыр. «Жарысымызды Қажымұқанның баласы келіп тамашалады» деген сөздің өзі жарасымды. Сол абырой да жетеді» дедім. Айдархан уәжіммен келісіп, күреске шықпайтын болды.
– Ардагер балуан ретінде қазақ күресінің қазіргі даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спортымыз жаңаша қарқында дамып жатыр. «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» деген додаларды көріп қуанып жүрмін. Әлем чемпионаттары ұйымдастырылғанын да білемін. Жігіттер ұлттық спортымызды Олимпиада ойындары бағдарламасына енгіземіз деп жатыр ғой. Оларға сәттілік тілеймін. Дегенмен, қазіргі қазақ күресінің ережелері бұрынғы күресімізге қарағанда сәл өзгешелеу. Қазір екі иығы жерге тисе, қарсыласына жеңіс беріледі. Ал, бұрын иықпен бірге қарсыластың шүйдесін де жерге тигізуге тырысатынбыз. Оған қоса қолымызды қарсыластың белбеуінен босатпайтынбыз. Менің ойымша, қазақ күресі – күрес түрлерінің ішіндегі ең әдемісі әрі тартымдысы. Егер табиғи қалпын бұзбай, ұлттық спортымызды Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізе алсақ, бұл үлкен жеңіс болады. Ұлттық спортымыздың болашағына сенемін.
– Қазір кейбір балуандардың өзара келісіп күресіп жүргенін көріп жүрміз. Жеңісті бере салып, жүлдені бөлісетіндер бар. Осыған көзқарасыңыз қалай? Жалпы, кезінде қолайсыз әрі сізді жеңіп кеткен қарсыластарыңыз болды ма?
– Келісіп күресу деген – жанкүйерлерді алдау. Бұған түбегейлі қарсымын. Кезінде маған «спорт шеберін орындайтын едім, көмектесші» деп өтініш айтқандар болған. Бірақ, келіспейтінмін. Егер қарсыласыңа жеңісті бергің келсе, рингке немесе боз кілемге шықпай-ақ жеңіле салған дұрыс. Елді алдаудың қажеті не? Балуан ретінде қарсыласыммен келісіп күресіп, иығымды жерге тигізген емеспін. Менің ойымша, спортшы ұлтшыл және намысшыл болуы керек. Ақшаға сатылған балуанды еркек дей алмаймын. Ал, ыңғайсыз қарсыласқа келсек, Леңгір жақтан Тұрсынхан деген жігіт болды. Қаталеспесем, еркін күреспен шұғылданған. Бойшаң әрі айлалы спортшы. Оның тәсілін білмей қалып, жеңілгенім бар. Бірақ, одан да есемді қайтардым. Осы спортшы есімде.
Боксқа көше төбелесінен келдім...
– Бокстан КСРО спорт шеберісіз әрі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионысыз. Бұл спорт түріне қалай келдіңіз? Күрес пен боксты бірге алып жүру қиын болмады ма?
– Темірлан ауылындағы бұрынғы «Коммунизм» елді мекенінде туып-өстім. Алдымен ауылдағы жеті жылдық мектепте оқыдым. Кейін 1955 жылы әкем мені Шымкент қаласындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 орта мектебіне ауыстырды. Білім алсын, көзі ашылсын дегені болар. Ол кезде қаланың балалары ауылдан келген оқушыларды ұрып-соғатын. Заттарын, ақшасын тартып алатын. Мен де талай рет төбелестім, таяқ та жедім. Негізі бұзық емес, момын бала едім. Бірақ, өзімді қорғау үшін Шымкенттегі «Спартак» стадионына барып, бокс үйірмесіне жазылдым. Боксқа келуіме көшедегі төбелестер ықпал етті. Жаттығуды тастамадым. Қысқа ғана уақытта бірнеше жарысқа қатысып, түрлі разрядтарды орындадым. 1964 жылы бокстан КСРО спорт шебері атағын алдым. Осы бокстың арқасында жоғары оқу орнына түсіп, білім алдым. Шымкенттегі пединституттың тарих және филология факультетінде оқыдым. Бокс, қазақ күресі және самбо спортымен айналыстым. Қара күшім мол болғандықтан үш спортты да меңгердім деп ойлаймын.
– Қазақтың даңқты боксшысы Әбдісалан Нұрмахановпен бірге құрама сапына қабылданған екенсіз. Жалпы, қазақ жігіттерінің КСРО ұлттық құрамасына аз қабылдануына сол кездегі саясаттың әсері болды ма?
– Қателеспесем, 1965 жылы Алматыға құраманың оқу-жаттығу жиынына бардым. Сол жиынға Әбдісалан да қатысты. Ол боксты бір рет тастап, қайтадан келген кезі екен. Бабын жоғалтыңқырап алған. Спаррингке шықтық. Оның салмағы – 110 келі, ал, менікі 85 келі. Жақсы жекпе-жек болды. Есе жібермедім. Екеуміз қол күрестірсек алма-кезек жеңетінбіз. Кейін жақынырақ таныстық. Әбекең еті тірі әрі бауырмашыл еді. Қазақтың намысы, қазақтың мүддесі десе жанын беруге дайын тұратын. Атланта Олимпиадасында Әбдісалан Нұрмаханов баптаған ұлттық құрамамыз бокстан өте жақсы нәтижемен оралды. Бірақ, оның бұл еңбегі лайықты бағаланған жоқ. Басшылар тарапынан бапкерге көңіл бөлінбеді. Одақты мойындатқан Әбдісаланның халықаралық аренаға шығуына сол кездегі солақай саясаттың кері әсері тигені анық. Күрестен Әбілсейіт Айханов та шеттетуге ұшыраған. Әйтпесе, екеуі де әлем чемпионатына баруға лайықты азаматтар еді. Маған да әлемдік додаларға қатысу бақыты бұйырмады. Оның түрлі себептері болды. Бірде салмақ қууға тура келсе, бірде басқа оқиғалар килікті... Бабым келіспеген сәттер де болды. Тағдыр ғой. Бірақ, спортқа барғаныма өкінбеймін. Бес жыл бокстан шәкірт баптадым. Қазақ күресі мен самбодан мықты ізбасарлар тәрбиеледім. Олардың арасында Құланов, Рыспанов сынды облыстың абсолютті чемпионы атанғандары да бар.
– Аға буын өкілдері кезінде сізді бұзық болған, Шымкентті дірілдеткен деседі...
– Індетіп әкеліп, өткен шақтың бәрін еске салып отырсың, балам. Сұраған екенсің, айтайын. Турасын айтсам, елуінші-алпысыншы жылдары Шымкентте өзге жұрт өкілдерінің үстемдігі басымдау еді. Ауылдан келген біз сияқты момын қазақтың жігіттеріне күн бермейтін. Қазақтың қыздарына тиісетін. Оның бәрін айта берудің қажеті де жоқ шығар. Қазір ол заман өтті. Тәуелсіз елміз. Ол кезде студентпін. Әжептәуір боксқа төселіп, елге танылып қалған кезім. Бірде Шымкенттегі саябақтардың бірінде бір жігітті жиырма шақты адам тепкілеп жатыр екен. Қысқасы, сол қазақтың жігітін қорғап, көше қақтығысына араласып кеттік. Қалада әжептәуір толқу болып, тәртіп сақшылары келді, әскер кіргізілді. Бұл туралы көпшілік біле бермейді. Ол оқиға шетелдік ақпарат құралдарынан айтылған дейді. Негізі қазақтың жігіттері момын әрі сабырлы болып көрінеді. Бірақ, қатты ашуланса, оларды тоқтату қиын. Осы оқиғадан кейін менімен қосқанда 4 жігітті соттап жіберді. Жамбыл облысындағы түрмеде отырдым. Ол жақта да намысты таптатпай, көшедегіге ұқсас біраз оқиғаларды бастан өткердік. Абақтыда ауыр жұмыс істеп, таудың тастарын бұздық. Еңбегім мен үлгілі тәртібім ескеріліп, 1,5 жылда босап шықтым. Қайтып келсем оқуға алмайды. Бірде пединститут пен Қазақ химия-технологиялық институты арасында балуандардың командалық кездесуі өтті. Соған қатысып, жеңіске жеттім. Сосын қайтадан оқуға қабылдады. Ақыл тоқтатып, білім жолын қууға бел будым. Нәтижесінде ғылыми еңбектер жазып, доцент және профессор дәрежесіне көтерілдім. Қазақ тарихы бойынша диссертация қорғап, монографиялық еңбектер жаздым. Алматыдағы туризм және спорт академиясын да бітіріп алдым. Бапкерлікті де алып жүрдім. Міне, 54 жылдан бері жоғары оқу орындарында қызмет атқарып келемін. Айтпағым, қазақтың жігіті қайда жүрсе де, тіпті, көшеде де ары мен намысын биік ұстауы керек. Өз бауырына, қандасына деген жанашырлық тек жақсылыққа жетелейді. Шәкірттерімнің білімді болумен қатар намысты болуына мән беремін.
– Бүгінде елімізде негізінен жекпе-жек спорт түрлеріне қызығушылық жоғары. Қазіргі бокстың дамуын қалай бағалайсыз?
– Әлемдегі бокс державаларының бірі екеніміз мақтаныш, әрине. Жігіттерге ризамын. Алайда, мен қыздарымыздың боксқа, күреске қатысуына түбегейлі қарсымын. Біз әйелдерді аялауымыз керек. Қыздар – болашақ ана. Әсіресе, бокс – өте қауіпті спорт түрі. 1969 жылы бокс бәсекесінде екі жігіт қайтыс болды. Боксқа қатысқан спортшы көшедегі төбелесте қарапайым он жігітті құлатуы мүмкін. Себебі, жұдырықтары әбден ұруға бейімделген. Мысалы, менің соққымның қуаты 1 тоннаға жақындайтын. Кәрі жілікті ұрып сындыра беретінмін. Ал, осы жұдырық адамның бетіне тисе қалай болады? Сондықтан жастардың жаппай боксқа ғана емес, денсаулыққа зияны жоқ өзге спорт түрлеріне де қатысқанын қалаймын. Бокста басыңа ауыр соққы тисе, ми зақымдалып, қан қысымы жоғарылайды. Әбден соққы алған әйелдің денсаулығы қандай болады? Осыны ойланған жөн.
– Ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңіздің арасында жолыңызды қуғандар бар ма?
– Қазір 12 жастағы немерем бокстан түрлі жарыстарға қатысып жүр. Мырзағалиға – бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановқа көрсетіп едім, «болашақ чемпион» деді. Білмеймін, уақыт көрсетеді. Чемпион болу үшін спортшыға үйінде жағдай жасалуы тиіс. Аш-жалаңаш адамнан мықты спортшы шығуы қиындау. Менің ойымша, чемпион болсын, ұлы адам болсын, соның қасиеті баласына емес, немере-шөберелерінің біріне қонатын сияқты. Егер түйсігім алдамаса, Қажымұқан бабамыздың әулетінен де алдағы уақытта чемпион шығады деп ойлаймын. Өйткені, қан мен тек бәрібір сақталады.
– Сейдахмет аға, уақыт тауып, оқырмандарымыз үшін ой бөліскеніңізге көптен көп рахмет!
Сұхбаттасқан Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».