ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗIНIҢ ӨТКЕНIНЕ ҒАСЫР ТОЛДЫ

ЖАЛПЫҚАЗАҚ СЪЕЗIНIҢ ӨТКЕНIНЕ ҒАСЫР ТОЛДЫ осынау тарихи оқиғаға неге баға берiлмей келедi? Қазақ халқы патшаның отаршыл өкiметiне қарсылығын осы съездер нәтижесiнде танытты. Қазақ съездерi 1917 жылдың сәуiр айында басталып, 1919 жылға дейiн жүрдi. Бұл аралықта жалпықазақтық екi съезд ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бiрiншi жалпықазақ съезi 1917 жылғы 21-26 шiлде күндерi өттi. Яғни, ертең, 21 шiлде күнi айтулы тарихи оқиғаға тура бiр ғасыр толғалы отыр.
Мұнан бөлек облыстарда, уездерде және болыстарда да әртүрлi деңгейде жалпы саны 68 съезд бен жиын өттi. Кеңестiк кезеңде қазақ съездерiнде қабылданған шешiмдерге терiс баға берiлдi. Олар «буржуазиялық», «ұлтшылдық» бағытта болды деген желеумен елiмiз тәуелсiздiк алғанға дейiн жасырылып келдi. Қазiр де олардың мәнiне тиiсiнше баға берiлмей, оқулықтарда қазақ-қырғыз кеңестерi немесе қырғыз (қазақ) комитеттерi деп қысқа қайырылады.
Қазақ съездерiн шақырудың сәтi 1917 жылы ақпан айының соңында Ресейде орын алған төңкерiстiң нәтижесiнде туды. Мемлекеттiк Думаның Уақытша комитетi Уақытша үкiметтi жасақтады. Уақытша үкiметтiң либералды ұстанымы отарланған халықтардың өзiн-өзi билеуi мен сайлау құқықтарына шек қоймады. Себебi, олар 1917 жылы күзде шақырылуға тиiстi мемлекеттiк Думаның орнына құрылатын бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысында көп дауысқа ие болып, өз үкiметiн тұрақты билiкке айналдыруды көздедi. Осы мақсатқа жетуге ұлт аймақтары және оның белсендiлерi зор қолдау бiлдiредi деп сендi. Билiкке конституциялық-демократиялық монархиялық жүйенi жақтаушы – кадеттер партиясы, социал-демократиялық революцияшыл – эсерлер партиясы, меньшевиктер, большевиктер дәмелi екендiктерiн бiлдiрiп, өзара айтысып-тартысып жатты.
Ұлт аймақтарында құрылып жатқан саяси топтар Құрылтай жиналысына өз өкiлдерiн отырғызып, солар арқылы ұлттық сипаттағы мемлекет құруды көздедi. Уақытша үкiмет «ұлттық топтар әлсiз, кейiннен олар жұтылып кетедi» деп түсiндi. Ең бастысы, ұлт-азаттық көтерiлiстердiң орын алуына жол бермеу қажет болды.
Қазақ съездерiн шақыру туралы алғашқы ұсыныстар 1905-1907 жылдары Ресейде орын алған буржуазиялық-демократиялық төңкерiстiң нәтижесiнде құрылған Мемлекеттiк Думаға сайлау науқандары кезеңiнде жасалды. Бұл ұсыныстарды Барлыбек Сыртанов, Серәлi Лапин, Мәмбетәлi Сердалин, Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев секiлдi зиялылар көтерген екен. Бодандықтың қамытын киген қазаққа халық жиналыстарын ол кезде өткiзуге патшалық жазалау органдары мүмкiндiк бермедi.
Бүкiлқазақтық съезге жол ашқан Торғай, Ақмола, Семей, Жетiсу, Сырдария, Орал облыстары мен Бөкей Ордасында өткен съездер болатын. Өйткенi, жер, билiк мәселелерi ең алдымен жергiлiктi жерде көтерiлдi. 1917 жылы өткен облыстық қазақ съездерiне шамамен 2 мыңға жуық делегат қатысты. Алғашқы болып Торғай облыстық қазақ съезiн 1917 жылдың 2-8 сәуiр күндерi Орынборда «Қазақ» газетiнiң редакторы А.Байтұрсынов және О.Алмасов, С.Қадырбаев ұйымдастырды. Сәуiрдiң 19-22 күндерi Орал қаласында Орал облыстық қазақ съезi жүрдi. Бұл съездiң төрағалығына Томск округтiк соты прокурорының орынбасары болып iстейтiн Жаһанша Досмұхамедов бiрауыздан сайланды. Сәуiрдiң 25-iнен мамырдың 7-сiне дейiн Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезi өттi. Съезд төрағалығын заңгер Айдархан Тұрлыбаев атқарды. Семей облысы қазақтарының съезi сәуiрдiң 27-сi мен мамырдың 7-сi аралығында Семейде өттi. Съездiң төрағалығына заңгер Жақып Ақбаев сайланды. Оның орынбасарлары Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсеков, төралқа мүшелерi Әлiмхан Ермеков пен Мұстақұм Малдыбаев болатын. Съезге Шәкәрiм қажы Құдайбердиев арнайы келiп, қатысушыларды құттықтапты. Семейдегi жиын бiрiншi жалпықазақ съезiн алғашында Қызылжарда өткiзудi шешкен, кейiннен Орынборға ауысқан.
Қазақстанның барлық өңiрiмен қатар, қазақтар тығыз шоғырланған Ташкентте де қазақ съезi өттi. Дегенмен, съездердiң iшiнде Торғай мен Семейдегiсi құрамы мен қабылданған шешiмдерi жағынан айрықша ерекшелендi. Съезд шешiмдерiмен бұрынғы губерния, округ, уездiк басқармалар жанынан қазақ комитеттерi құрылды. Қазақ комиссарлары сайланды. Қазақ комиссарларына сенiмсiздiкпен қарап, оларға шовинистiк пиғылдарын көрсеткен оқиғалар да көрiнiс берiп жатты. Айталық, жер қатынасында Уақытша үкiмет бұрынғы патша заманындағыдай саясат ұстанды. Дегенмен, қазақ съездерi өз халқының мәселесiн өзi шеше алатын, батыл қадамдар жасай алатын мiнез танытты. Айталық, Торғай съезiн құттықтамақ болып келген бұрынғы Орынбор өлкесiнiң генерал-губернаторы Эверсманның сөзiне делегаттар наразылық бiлдiрiп, оның съезден шығып кетуiн талап еттi. Жер мәселесi жөнiнде съезд делегаттары: «Қазақ жерi ешкiмге, ешқандай жолмен берiлмейдi. Қазынаның жерi дегеннiң бәрi қазақтың жерi болғандықтан, иесiне қайтарылсын» деген тоқтамға келдi.
Айта кетер жәйт, кейбiр тарихшылар қазақ съездерiн Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiнiң мүшелерi жүзеге асырды деп тарихи шындықты бiршама бұрмалап айтады. Қазақ съездерi Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiнiң құрылғанын жариялады. Дегенмен, қазақ съездерiн өткiзуге Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы мен Серәлi Лапиннiң «Ислам Кеңесi» партиясы, сондай-ақ, бiрқатар қоғамдық ұйымдар да атсалысқан болатын.
Қазақстанның басқа өңiрлерiмен салыстырғанда Сырдария облысы қазақтарының съезi сәл кешiгiңкiреп, яғни 1917 жылдың 2-5 тамызы аралығында өткiзiлдi. Оған М.Тынышбаев төрағалық еттi. Съезде бүкiлқазақ съезiне көзқарас, мемлекеттiк басқару, жер, су және қоныстанушылар мәселелерi кеңiнен талқыланды. 2-5 тамыз күндерi Ташкент қаласында да өңiрдiң қазақ съезi өтiп жатты. Съезге Сырдария облысынан, Ферғанадан, Жетiсу және Самарқан облыстарынан 84 өкiл қатысты. Съезге С.Асфендияров төрағалық еттi.
1917 жылы 17-20 қыркүйекте Ташкент қаласында Түркiстан және қазақ мұсылмандарының съезi өтiп, съезде «Мұсылмандар Одағы» (Иттифок-и-Муслимун») дейтiн партия құрылғанын жариялады.
1917 жылдың 8-11 қазанында Серәлi Лапин мен Садыққожа ишанның «Ислам Кеңесi» партиясының ұйымдастыруымен Сырдария облысы мұсылмандарының съезi өттi. С.Лапиннiң «таза исламды» ұстанушы улемшiлерi мен М.Шоқайдың түрiкшiл-жадидтерi арасындағы тартыс партияны екiге бөлдi. С.Лапин ортодоксалдық исламның жақтасы болды, шариғат заңдарын басшылыққа алуды талап еттi, еуропалық нақышта бiлiм беру реформасына қарсы тұрды, ал, Мұстафа Шоқай бiлiм беру саласында демократиялық реформалар жүргiзудi қолдады.
Сырдария облысы қазақтарының екiншi съезi Түркiстанда 1918 жылдың 6-9 қаңтар аралығында өткен. Съезге Алашорда үкiметiнен Бақыткерей Құлманов, Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев, Мыржақып Дулатов қатысты. Түркiстан автономиясының бұрын-ғы төрағасы М.Тынышбаев, iшкi iстер министрi Ә.Оразаев шақыртылды. Ал, Түркiстан автономиясының жаңа төрағасы әрi сыртқы iстер министрi М.Шоқай келе алмады. Съезде қаралған басты мәселе Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына қосылуы немесе Түркiстан автономиясына бiрiгуi туралы едi. Алаш автономиясы атынан келген өкiлдер «...алты Алаш баласы болып бiрiгуiмiз жөн» деп Алаш автономиясына қосылуды қуаттады.Съезд делегаттарының басым бөлiгi Алаш автономиясын жақтады.
«Үш жүз» партиясы бiрнеше қазақ съездерiн өткiздi. Олар алғашында түрiк халықтарының федерациясын жақтады, ал, кейiннен большевиктердiң жағына өтiп кеттi. Омбы губерниялық кеңесi атқару комитетiнiң құрамына сайланған Көлбай Тоғысов «Алаш» партиясын қуып, таратуға бар күшiн салып бақты. Жалпы, екi партия арасындағы идеялық қатты егесу 1918 жылы жазда «Үш жүз» партиясы жойылғанға дейiн жалғасты. К.Тоғысов 1919 жылы Омбы қаласын басып алған ақгвардияшыл Колчак өкiметiнiң қолынан қаза тапты.
Бүкiл қазақты бiрiктiру және оның мұқтаждықтарын анықтау үшiн қазақ үкiметiн құру, ұлттық саяси партияны тездетiп жариялау мақсатында бiрiншi жалпықазақ съезi 1917 жылы 21-26 шiлде аралығында Орынбор қаласында өттi. Оған облыстық қазақ съездерi өздерiнiң делегаттарын аттандырды. Съезде 14 мәселе талқыланды. Олардың iшiнде өзiнiң мазмұны мен саяси маңызы жағынан ең өзектiлерi – жер мен ұлттық автономия мәселелерi. Осы мәселелердi ұлт мүддесiне сәйкес шешу үшiн дайындық шаралары қызу пiкiрталас арқылы жүрдi. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов «Ұлттық автономиялық республика» құруды ұсынды. Ал, кадет партиясының мүшесi Ә.Бөкейханов федеративтiк және парламенттiк Ресей республикасының құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуы тиiстiгiн айтты. Съезд басым көпшiлiк дауыспен Ә.Бөкейхановтың ұсынысына қолдау көрсеттi. Осы бiрiншi Бүкiлқазақ съезiнде «Алаш» партиясы саяси ұйым болып құрылды.
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда екiншi жалпықазақ съезi өттi, «Алаш съезi» деп аталған осы екiншi жиын қазақ халқын бiртұтастыққа, бiрлiкке шақырды. Партия болып, топ болып жiктелуге қарсы бiрлiк үндеуiн М.Дулатов пен А.Байтұрсынов жазған едi.
Радикалдық ұстанымда болған большевиктер 1917 жылы 25 қазанда (жаңаша 7 қараша) Уақытша үкiметтен билiктi күшпен тартып алып, үкiметтi таратып жiбердi. Ал, сол кезеңдегi Ресей және оның ұлт аймақтары үшiн аса маңызды бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысын өткiзуге большевиктер тыйым сала алмайтын едi. Себебi, халық наразылығынан қорықты. Оны өткiзудi большевиктер 28 қарашаға белгiледi. Қарбалас жағдайында қайта сайлаулар өтiп, кей партиялар қатты әлсiреп және партиялардағы делегаттардың құрамы өзгердi. 28 қарашада өтуi тиiс Құрылтай кворумның болмауынан күтiлген нәтиже бермедi. Қазақ съездерi зор үмiт күткен бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысы өзiнiң мәнiн жойды. Дегенмен, 1918 жылы 5 қаңтарында Петерборда «Барлық билiк Құрылтай жиналысына берiлсiн!» деген ұранмен көшеге шыққан халыққа большевиктер тарапынан қару қолданылды. 6 қаңтар күнi ашылған Бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысына қатысуға келген депутаттар күшпен қуылып, таратылды. Сөйтiп, Бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысы өз алдына қойған демократиялық мақсат-мүдделерiн жүзеге асыра алмады.
Қорыта айтқанда, қазақ съездерi ұлт зиялыларының белсендiлiгiн арттырды, қара халық ұлты мен жерiнiң азаттығын ойлайтын, сол үшiн күрескен азаматтарын өз көзiмен көрiп, таныды. Алаш партиясының мүшелерi барлық қазақ облыстарында ең көп дауыс алды.
Бүгiнгi тарихи пайым 1917 жылғы ақпан төңкерiсiнiң ұлт аймақтарының саяси және ұлттық мәселелерiн өз қалауынша шешуге кең жол ашқандығын көрсетiп отыр. Ал, большевиктердiң «Ұлы Қазан төңкерiсi» сыртқы күштердiң көмегiнiң арқасында жеңiске жеттi. Оның қанқұйлы таптық күреске негiзделген идеологиясы халықтарға тек қасiрет әкелдi. Большевиктер ұлт аймақтарына берген көп уәделерiнiң iшiндегi «автономия беру» туралы уәдесiн орындауға мәжбүр едi. Осы мәселеге қатысты айта кететiн бiр жәйт бар. Көпшiлiкке белгiлi, мәскеулiк қоғам белсендiсi В.Шпиталев 2015 жылы «Верните нам Учередительную собранию» деп қызыл алаңда пикет жасап, бас прокурор Ю.Чайканың атына «1918 жылы 6 қаңтарда күшпен таратылған Бүкiлресейлiк Құрылтай жиналысының заңдылығы тексерiлсiн» деп хат жазған болатын. В.Шпиталевтiң сол хатына сәйкес ресейлiк шовинист саясаткер В.Жириновский мен тарихшы Ю.Жуков Ресей теледидарынан берген сұхбаттарында «...мысалы, ұлт аймақтары... соның iшiнде қазақтың Алаш үкiметi тәуелсiз ел болуды сұраған жоқ, олардың сұрағаны федеративтiк және парламенттiк Ресей республикасының құрамындағы автономия болатын..» деген сөздер айтты. Бұл сөздерден олардың әлi де қазақтарға және қазақтың тәуелсiз елiне жоғарыдан қарайтындықтарын аңғаруға болады. Ал, шындығында сол тарихи кезеңде тәуелсiз ел болуды Б.Сыртанов, С.Лапин, М.Дулатов пен А.Байтұрсынов ұсынды. М.Шоқайдың «Түркiстан Автономиясы» да тәуелсiздiктi ту еткен республика болатын.
Бахадыр АЙТАЙ, ОҚМПИ-дiң аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.