Бәйтерек

Өмірде өзінің кішіпейілділігімен, биязы мінезімен, табанды еңбегімен ерекшеленетін адамдар аз емес. Сондай ізгі жандардың бірі һәм бірегейі Түркістан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Сексенбай Тұрысбекұлының бүгінге дейін жүріп өткен жолы бізге үнемі алға ұмтылудың үлгісіндей көрінеді. Әрине, өмір болған соң оның қиындығы мен қуанышы қатар жүретіні белгілі. Ол соның бәрін бастан кешті. Бірақ, тоқырап, тоқтап қалған кезі жоқ. Тізгінді тартыңқырап ұстап, қашанда жинақы қалпында жүреді. Сол сергектігі оны сексен бес жасқа алқындырмай жеткізді.  
Секең Ұлы Отан соғысы басталған кезде  небәрі бір жастағы сәби еді. Бірақ, олар бала болып, балалық дәуреннің не екенін білмей өсті. Ол кездегі жер жырту, егін егу, шөп шабу сынды науқандар қарттар мен балалардың мойнында болды. Секеңнің де балалық шағы осындай жоқшылық пен ауыр еңбектің ортасында өтті. Ал, әкесі Тұрысбек күллі Теріскей өңіріне белгілі ағаш ұстасы болыпты. Адал еңбекпен күнелткен отағасы ағаштан ер шауып, ыдыс-аяқ жасап, бір үйлі жанды осы кәсібімен асыраған көрінеді. Осының барлығы кішкентайынан әке жанынан шықпай, оң шалғайына жабысып өскен бала Сексенбайдың тәлім алған мектебі. Көнекөз қариялар әкенің бойындағы қасиет ұрпақтарының біріне дариды деп жатады ғой. Сол, сірә, рас болуы керек, Секеңнің де қарапайым ауыл мектебінің мұғалімінен бастау алған қызметі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кеңшар директоры ретінде жалғасып жатты. 
 Ауылда өскен бала көбінесе өзіне жақын мамандықты таңдайтыны белгілі. Ол да таңдауды солай жасады. Мектеп бітірген соң екі-үш жыл Калинин атындағы кеңшарда жұмысшы, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істеп, үш жыл Германияда әскери борышын өтеп келді. Білімге сусап келген сақа жігіт пойыздан түсе салысымен Шымкент педагогикалық институтына ат басын тіреп, тарих факультетіне құжат тапсырды. Осы жерден мұғалім мамандығын алып шықты. Институт басшылығы ізденгіш, талапты жасты оқу орнына алып қалғысы келген. Алайда, сол кезде бұл тірлікке министрлік араласып кетпесі бар ма?! Олар бұл орынға басқа бір бітірушіні ұсынып тұрып алған. Сол министрліктің алқалауымен мұның алдын орап кеткен замандасы болмағанда Сексенбай аға бәлкім, бүгінде білдей ғалым, дүрдей профессор болып жүрер ме еді?! Сол кезде институт ректоры Байұзақ Ермекбаев «Айналайын, қамықпа! Сендей маман бізге керек еді, амал жоқ, жоғарыдан аса алмай отырмыз. Үлкен басыммен кешірім сұраймын, айналайын! Жақсы маманға қай жерде де жұмыс табылады» деп өзінің орынбасары Мырзахан Сәрсенбаевқа жас маманның жұмыссыз қалмауын мықтап тапсырған көрінеді.
Ол уақытта, яғни өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дайын кадр жоқтың қасы. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласын механикаландыру енді-енді қолға алынып, байырғы кадрларды жаңамен алмастырудың қажеттілігі туындап жатты. Сонда аудан басшыларының көзіне түскендердің алдыңғы буынында жиырма алты жастағы Секең де болды. Аудандық комсомол комитетінің барлық сатысынан өтіп, бірінші хатшылығына көтерілгенде, жоғарыдағылар оны партиялық қызметке лайық деп танып, Энгельс атындағы кеңшарға партком хатшысы етіп жіберді. Секең мұнда біраз жыл тәжірибе жинақтап, содан кейінгі аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Қаратау және Калинин кеңшарларының директоры қызметінде де сол абырой, сол биігінде қызмет етті. 
Сексенбай Тұрысбекұлы басшылық қызметте жүргенде шаруашылық жұмыстармен қатар елдің әлеуметтік-мәдени, рухани мәселелерін де назардан тыс қалдырған емес. Әлі есінде, 1990 жылы «Қаратау» кеңшарының директоры қызметінде жүргенде Мәскеу қаласында тұратын осы ауылдың тумасы, тіл білімінің көрнекті қайраткері Кеңесбай Мұсаевтан хат келеді. Хатында ол кісі ауылда қалған жалғыз қарындасының үйсіз жүргенін айтып, басшыдан осыған қол ұшын созуын өтініпті. Секең Мұсаевтай ғалымның өтінішін қалай жерге тастасын, дереу елді ұйымдастырып, профессордың қарындасына асарлатып жаңа баспана салып береді. Мәскеуге осы хабарды сүйіншілеп жеткізгенде, мәселе бұлай тез шешіледі деп ойламаса керек, ғалым ағамыз аса зор ілтипатпен кеңшар басшысына ризашылығын білдіріпті.
Келесі жылы Мәскеуге өзі телефон соғады.
– Армысыз, аға! Бұл – Сексенбай деген ініңіз, «Қаратау» кеңшарының директоры, – дейді.
– Оу, айналайын! Сенің даусыңды естісем бүкіл туған жер сөйлеп тұрғандай күйге бөленемін. Ауыл-ел аман ба?
– Аман, аға.
Сексенбай аға аз-кем ойланып барып, туған жердің сәлемін жеткізуге асығып:
– Аға, мен ауылдағы ағайынның атынан телефон соғып тұрмын. Алдымен амандық-саулықты біліп, сосын ауылға шақырсам деген ойым бар, – дейді жауабын күтіп.
– Рахмет, Сексенбай! Шүкіршілік, – деп қысқа қайырады.
– Аға, сіздің 60 жылдық мерейтойыңызды туған жеріңіз – «Қаратауда» өткізсем деген ойым бар. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, өзіңізді құрметтейтін қауымға әсерлі шара болар еді, – деп інілік ізетін білдіреді.
Қанағатшыл, даңғазалы даңқты аса жақтыра қоймайтын талантты ғалым бірден келісе қоймады. Тұла бойына тән табиғаты ғой, тартынып тұр. Дегенмен, елден арнайылап шақырып тұрғаннан кейін ат басын бұруға пейіл танытып, туған жерге келетін боп шешті.
1991 жылдың жазында Мәскеуден Кеңесбай аға жұбайымен, Шымкенттен Керімбек Сыздықов ағамыз келіп, көк майсаға жағалай тігілген киіз үйде бас қосты. Ғалымды туған елі ыстық ықыласпен қарсы алды. Кешті шырайын келістіріп Керімбек аға жүргізді. Жиында ғалымның иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Одан кейін той ауылдастарымен арқа-жарқа дидарласқан рухани шараға жалғасты. Сол күндері ұлт руханияты мен мәдениетіне қатысты қаншама тағлымды ой, тәлімді сөздер айтылды десеңізші!
Сол жолы Кеңесбай аға ауылдан зор қуанышпен, үлкен шабытпен аттанды. Ғалым мен директордың арасында рухани байланыс орнап, ағалы-інілі ізет жолы қалыптасты. Содан беріде еліне қайтадан келуге дәм жазбаған ағамыз осыдан үш жыл бұрын Мәскеуде ауыр науқастан көз жұмды.
Қайбір жылы Созақ көтерілісінің 90 жылдығына орай Созақ ауылында көтеріліс құрбандарына арналған еңселі ескерткіш ашу ісі қолға алынды. Республика деңгейінде өткізілген сол іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру, алыс-жақыннан келетін қонақтарды күтіп алу, оларды Созақ ауылына апарып, алып келу жауапкершілігі Секеңе жүктелді. Мінсіз дейтіндей жағдайда өткізілген сол салтанатты шара мазмұн, мағынасы жағынан жұртымыздың сөніп бара жатқан рухын қайта маздатуымен есте қалды. 
Бұл айтылғандар Секеңнің көп қырлы қасиеттерінің бірі ғана. Ал, оның жалпы қайраткерлік тұлғасы, азаматтық беделі, адамгершілік келбетін жан-жақты талдау көлемді еңбекті талап етеді. Ардагер аға ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 және 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. 2017 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Былтыр «Парасат» орденін иеленді. Түркістан облысының және Созақ ауданының құрметті азаматы атанды.
Адам да ағаш секілді: тамыр жаяды, көктейді, көгереді. Секең әке-шешеден үш ұл, үш қыз болып тараса, енді өзі де бір әулеттің атасы. Өмірлік қосағы Үрзада Тоқбергенова екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде алтын асықтай немере-шөберелер сүйіп отыр. Ол кісі бүгінде балапандарын баулып, оларды алысқа ұшырып, сонау биіктен бақылап отырған ата қыран секілді бәріне алаңдап отырады.
Тамырын жайған бәйтерек осындай-ақ болар.
   
 Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
заң ғылымдарының докторы, профессор.
Пікір қалдырыңыз