Ауыл тақырыбын адамзаттық биікке көтерді

Мархабат Байғұт көзі тірісінде-ақ халқының сүйікті перзентіне, ардақты азаматына айнала білді. Екеуміз де бір өңірдің перзенті болғандықтан, жиірек араласып, біріміз аға, біріміз іні болып, қызмет жүгін де бірге көтердік. Сол сәттердің қайталанбас әсері әлі де жадымда жаңғырып тұрады. Ағамызбен әңгімелесіп, сыр-сұхбат құрған кезде жан-дүниең демалып, рухың серпіліп, бойыңа әлдебір күш-қайрат құйылғандай болушы еді. Ол кісінің сабырлы кейпінен, күлімсіреген жүзінен жылылық есіп, көздерінен нұр төгілетін. Себебі, ағамыздың жүрегінде тазалық пен мейірім тұнып тұрды. Сол мейірім нұры достарға, іні-бауырларға, жалпы адамдарға деген қамқорлық, туған жеріне деген ыстық ықылас һәм өз халқына деген шексіз махаббат болып өрілетін-ді.
Қаламгердің осынау адами қасиеттері, көркем мінезі, адалдығы мен өмірге құштарлығы оның шығармашылығында да айқын көрініс тапты. Махаңның сөз қолданысынан жасандылықты, жаттандылықты мүлде кездестірмейсіз. Азаматтық бітім-болмысы бөлек, жазу мәнері ерек Мархабат ағамыз ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнады. Ол тағлымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ болған нағыз зиялы тұлға еді. Жазушы «Шілде», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім», «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ» және басқа да туындылары арқылы халқымыздың рухани әлемін байытып, ұлттық проза мен драматургияның көкжиегін кеңейтіп кетті.
Мархабат Байғұттың қаламынан туған көркем шығармалары достық пен махаббат, адалдық пен тазалық, мейірім мен қамқорлық секілді рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, оқырман жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді. Жалпы, Махаңды ұлттық мүддені ту еткен, шындықты көркем сөзбен өрнектеген қайраткер қаламгер ретінде танимыз. Өзгесін айтпағанда, күні кеше Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында кезекті рет сахналанған «Жоғалған Жұрнақ» пьесасын алайықшы. Желтоқсан көтерілісі – ұлт санасының серпілісі, рухтың оянуы еді. Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасы арқылы осы тақырыпқа баруы – үлкен ерлік. Себебі, Желтоқсан сияқты күрделі тақырыпты қозғап, оны сахнаға шығару оңай емес. Қойылым бір адамның трагедиясы арқылы тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ұрпақтың тағдырын, қайсарлығын, адами болмысын бейнелей отырып, бүгінгі жас ұрпаққа терең ой салады.
Махаңның тұтас әдеби мұрасының тағы бір өзегі – ауыл тақырыбы. Қазақы салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық рухымызды қалғытпай сергек ұстап отырған қасиетті мекен – ауыл десек, Мархабат Байғұт шығармаларының үзілмейтін арқауы да сол ауыл өмірі. Жазушы өз туындыларында қыздары – сұлу, жігіті – бұла, азаматы – мәрт, ақсақалы – кең, аналары ақ жүректі ауылды суреттеді. Ауылдастарының сан қырлы мінезін сомдап, талайлы тағдырларын тарқатып, арман-аңсарларын ақ қағазға түсірді...
Махаңның өзі де ауылдан алыстап кеткен жоқ. Өзінің туған өлкесін өгейсітпеді. Керісінше, ауылдастарымен, өз кейіпкерлерімен, туған халқымен бірге болып, ел ішінде мағыналы ғұмыр кешті. Мархабат ағамыздың шығармаларының шынайы, кейіпкерлерінің оқырманның жүрегіне жақын болуының сыры, міне, осында жатса керек.
Мархабат ағамыз тек шығармашылықпен айналыспай, қоғамдық жұмыстарға да, ел ісіне де білек сыбанып кірісетін еді. Әсіресе, жас қаламгерлерге қамқорлық жасап, Оңтүстік руханиятының тірегі бола білді. Бір ғана мысал айтайын, Түркібасыдағы бұрынғы «Красная горка» деп аталған төбені «Шұбайқызыл шоқысы» деп өзгертуге аянбай атсалысты. Сол жерде жас қаламгерлердің арасында «Шырайлы Шұбайқызылым!» атты шығармашылық байқау өткізгені де ел есінде. Осы жақсы бастаманы одан әрі жалғастырып, дәстүрге айналдырсақ жөн болар еді.
Артында өшпес із, мол әдеби мұра қалдырған Мархабат Байғұттың жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Махаңның өзі ауылдан алыстамай, ел ішінде өмір сүргенімен, оның пайым-парасаты мен ой-өрісі бүкіл адамзаттық биікке самғай көтерілгені ақиқат.
Жазушының мына бір оймақтай ойына зер салып қарасаңыз бұған өзіңіз де көз жеткізесіз:
«Қазақ халқы қандай замандарды бастан кешпеген дейсіз? Нар заман да, бар заман да, тар заман да, зар заман да – күллісі кездескен. Соның бәрінде де ең үлкен кемшілік – күншілдік, іштарлық, бақастық болған. Ең басты артықшылық – бірлікке, ынтымаққа, парасаттылыққа ұмтылыс болған».
Иә, бұл – Мархабат Байғұттың сөзі. Елдің қадірін, оның ынтымақ-бірлігінің мәні мен маңызын бұдан асырып қалай айтуға болады?!
Олай болса, біздің қоғам Мархабат ағамыздың осынау өсиетіне құлақ асып, күншілдік, іштарлық пен бақастықтан арылып, азаматтарымыздың пайым-парасаты биіктеп, еліміздің ынтымақ-бірлігі бекемделе түссе дейсің.
Сөз соңында Мархабат ағамыздың рухына құрмет көрсетіп, осынау мән-маңызы терең алқалы жиындарды, симпозиум мен конференцияларды ұйымдастырған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктеріне, осы іске бастамашы болып жүрген Дархан Қыдыр- әліге және өзге де барша інілеріме ағалық алғысымды білдіремін. Облыс пен қала әкімдіктері Мархабат Байғұт есімінің мәңгі ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне сеп болатын шаралар қабылдаса деген ұсынысымды да жеткізгім келеді.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.