Біз Мұратбекті ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Әтіргүл Тәшім, «Оңтүстік Қазақстан».
Жуырда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында 1985-1988 жылдары осы мекемеде жемісті еңбек еткен ақын-журналист, сатира сардары Мұратбек Дүйсембековтің 65 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды.
М.Дүйсембеков 1960 жылы 12 сәуірде Түркістан қаласында туды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артына өшпестей із қалдырды. Дарынды азамат бала күнінен мақала, өлеңдерін, әзіл-шымшымаларын қалалық, облыстық газеттерге, республикалық «Балдырған», «Қазақстан пионері» секілді басылымдарға жариялап, бұқараға таныла бастайды. Ол 1978 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оның шымшымалары, сықақ өлеңдері студент кезінде-ақ «Темірқанат», «Қарлығаш» секілді ұжымдық жинақтарға енді. Кейін республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанады. Университетті бітірген соң «Қазақ әдебиеті», «Жаңа фильм» газет-журналдарында тілшілік қызмет атқарды.
...1985 жылы туған қаласы – Түркістанға келіп, республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі музейіне ғылыми қызметкер болып қабылданады. Көне қала Түркістан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы деректі тарихи-зерттеу мақалаларын көптеп жазады. Эрмитажда тұрған қасиетті Тайқазанды қайтару мәселесін көтеріп, алғаш рет қалам тартқандардың бірі де осы Мұратбек Дүйсембеков болатын. Сол тұстағы жастардың «Лениншіл жас» газетіндегі «Күмбез» тарихи-танымдық бетінде де мақалалары жиі жарық көруші еді. Ал, 1988 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке келіп, облыстың бірегей басылымында бес жыл жемісті еңбек етті.
Түркістандықтар туған перзентінің есімін елеп, ұжымдастары оның өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен керемет көрме ұйымдастырып, еске алу жиынын өткізді. Көрменің лентасын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен қаламгердің жары Гүлжан Әбілдаева қиды. Көрменің салтанатты ашылуына ақынның замандас-әріптестері, үзеңгілес достары, ұл-қыздары, ғалымдар мен музей басшылары, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Студент жастар Мұратбек Дүйсембековтің өлеңдерін оқыды. Қаламгердің жары Гүлжан Әбілдаева жиналғандарға университет баспасынан 2007 жылы жарық көрген оның «Артыңа кеттің із тастап» атты кітабын сыйлады. Марқұмның әруағына арналып дастарқан жайылып, Құран бағышталды.
– Ол осы музейде істеген аз ғана уақыттың ішінде тамаша журналист қана емес, сүбелі еңбек жаза білетін ғылыми қызметкер бола алатындығын да дәлелдеді. Ғылыми мақалаларынан бөлек оның «ХVI ғасырдың шығыс моншасы» атты кітапшасын елеулі еңбек деп батыл айтуға болады. Көрме экспозициясына сатирик ақынның балалық шағы мен студенттік жылдарынан сыр шертетін құнды естеліктер, сонымен қатар әріптес-достары мен отбасылық өмірін қамтитын суреттері шығарылды. Одан бөлек көпшілік дарын иесінің шығармашылық ізденістері мен жан дүниесінен туған жалынды өлең-жырларының, облыстық және республикалық газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларының, сатиралық дүниелерінің көшірмелерін көрме залынан көре алады. Көрме бір айға жалғасады, – дейді көрмені ұйымдастыруда бастамашылардың бірі болған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ардагер қызметкері Рахия Жүзбаева.
Түркістан қаласы.