Кестелі сөздің көмбесі

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегімен, мәністі мақамымен соны соқпақ қалдырған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойы теберікті Түркістан төрінде «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиуммен басталды. Оны Түркістан облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі мен «Мархабат» журналы ұйымдастырды. Келушілер әуелі облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебаб кітапханасының ұйымдастыруымен әзірленген «Киікотының иісі сіңген қаламгер» атты фотокөрмені тамашалады. Қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолын қамтыған фотокөрмеден келушілер көптеген мәлімет алды.
Оның шығармалары – ғалымдар зерттеуінде
Симпозиумды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Ол Мархабат Байғұттың ұлт руханиятында өзіндік орны бар тұлға екенін айта келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Осындай құттықтаулар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан да келіпті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын кеңесшісі Хамит Есаман, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтауын Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов оқып берді. Құттықтау хаттар оқылып біткен соң мінберге филология ғылымдарының докторы, өзбекстандық жазушы Қазақбай Юлдашев Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы Мехманқұл Сыбанқұлов қазақ қаламгері Мархабат Байғұттың «Әкімнің әйелі» атты әңгімесін аударғанын, оны өзбек оқырмандары өте жылы қабылдағанын әңгімеледі. Қазір мен де Мархабаттың шығармаларын аударуға біржолата бет бұрдым, – деді Қазақбай Юлдашев.
Түркиядағы Хажы Байрам университетінің профессоры Жәмила Қынажы М.Байғұттың түрік тілінде шыққан «Дауыстың түсі» атты кітабын оқығаннан соң осы жазушыға байланысты баяндарға барынша қызыққанын айта келіп, әңгімелерін аударуға ықыласы ауғанын таза қазақ тілінде жеткізді.
– Мархабат Байғұт отарланған заманның оқтықтағы қамытын (арбаның арысын оңтүстікте «оқтық» дейді) киюге мәжбүр болған қаламгер. Қазақ кеңес журналистикасы тарихында көп айтылмай жүрген «оқтықтағы қамыт» не? Мұны Махаңның жазбаларынан кездестіреміз. Ол – аудандық қазақтілді газетті орыстілді түпнұсқадан аудару. Бүгінгінің «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» журналисі осындайды естіді ме екен? Махаң өз естелігінде: «Аудандық «Шамшырақ» газеті орысша «Маяк» газетінің аудармасы болып есептеледі екен... Тәржіман тірліктен құтылмадық» деп жазады. Бір жолы «Праздник русской зимы» дегенді «Қыс мерекесі» деп аударып, пәлеге қалғанын да айтады.
Дәл осы тұста тақырыпқа орай М.Байғұт үшін журналистиканың, атқарушы билік хат-хабарының, жазбаларының өзіндік мектеп болғанын да айта кеткіміз келеді. Оның үстіне күні кешеге дейін бізде (Қазақстанда) ақын-жазушылар көбіне журфакта оқып, жазу машығын газет-журналдарда қалыптастырды, – деді «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы.
– Шебер суреткер Тәкен Әлімқұлов: «Роман жазудан әңгіме жазу қиын. Себебі, романның айбақ-сайбағын оқырман кешіреді, ал, әңгіменікін кешірмейді» деген еді. Біздің қазақтың әңгімесінде баяндаушылық, көпсөзділік басым. Ал, Мархабат әңгімелері бұлардан ада болатын. Оның қай әңгімесін алып қарасаңыз да жинақылықты, оқшау ой-толғамдарды молынан кездестіресіз. Оның тұма бұлақтың мөлдір суындай тазалыққа тұнып тұрған әңгімелері талай жыл бойы қазаққа қызмет ете береді. Келер ұрпақ оны іздеп жүріп оқитын болады, – деді белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.
ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Түркістан облысының құрметті азаматы Оңалбай Аяшев қаламгердің жеті қырына тоқтала келіп, Мархабат Байғұтқа ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтты.
Баяндамалардан соң драматург-жазушы Нұрғали Ораздың «Мархабат» атты пьесасын Райымбек Сейтметов атындағы облыстық драма театрының әртістері сахнаға шығарды. Мархабат Байғұт туралы деректі фильм келушілердің жанарларына жас үйірді. Фильм марқұм қаламгердің орындауындағы халық әні «Ақтолғаймен» ашылады.
Симпозиумға Еуразия ұлттық университетінің докторлық диссертациялық кеңесінде М.Байғұттың шығармаларынан филология ғылымының кандидаты атағын қорғаған Сандуғаш Құланова Алматыдан арнайы келіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ, докторлық диссертациясын сәтті қорғаған солтүстікқазақстандық Ботакөз Тауқұдіретова мен АҚШ-та тұратын өзбекстандық ғалым Қундызхан Хусанбаева бейнежазба арқылы өз құттықтауларын жеткізді. Мұның өзі
М.Байғұттың шығармаларын ғылыми тұрғыда зерттеу басталып кеткенін көрсетеді.
Қазылар алқасының төрағасы, белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке студент-жастар арасындағы республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Мархабат оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Бұл сайыста Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курс студенті Інжу Шәріп бірінші орынды иемденді.
Кешкісін қонақтар мен өнерсүйер қауым Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» қойылымын тамашалады.
«Әдебиет әлемі әдемі»
Келесі күні Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педегогикалық университетінде Шымкент қалалық әкімдігі, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция өтті. Университет фойесіне кітап көрмесі қойылды. Келушілер назарына инсталляциялар мен экспозициялар ұсынылды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек: «Мархабат Байғұт – тек қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі Оңтүстік жұртының рухани тұғыры. Оның туындылары – халықтың сөзі, қоғамның айнасы. Бұл жиын тек құрмет көрсету емес, жас буынмен әдеби сабақтастық орнатудың, дәстүрді жалғастырудың жарқын үлгісі. Әдебиетке деген шынайы жанашырлық осындай игі істерден байқалады» деді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, қаламдас ағасының зайыбы Қыздаркүл апайға қамзол жапты. Конференциядан соң жазушы әруағына арнап ас беріліп, Құран бағышталды.
«Таупістелі тағылымы»
Үшінші күні қонақтар мен әдебиетшілер, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері «Таупістелі тағылымы-ІV: Мархабат Байғұт және түркі әлемі әдебиеті» атты халық- аралық конференцияға қатысу үшін жазушының кіндік қаны тамған жері – Пістеліге қарай жол тартты.
Жазушының көзі тірісінде халықаралық конференция «Түркітектес, түгел бол!», «Шерхан мен Насыр бағында», «Бозарықтан–Бозторғайға» деген атпен өткен болатын. Мархабат Байғұтсыз өткен басқосу көзге жас әкелді. Бозторғай атты шоқының басында бұлт айналды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Зауытбек Тұрысбеков, Дархан Мыңбай, Бекет Тұрғараев, Орынбай Рахманбердиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының төрағасы, Түркістан облысының құрметті азаматы Сәтбай Қасымбек, ҚР білім беру ісінің үздігі, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Қалаубек Анашов, тағы басқалар сөз алып, жазушылықпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, «Ырыс алды – ынтымақ», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты форумдарды шебер жүргізе білген, ел бірлігі мен ынтымағы үшін аянбаған қоғамшыл, мемлекетшіл Мархабат Байғұттың есімі ұлықталуы керектігіне тоқталды. Сонымен бірге М.Байғұт атындағы Әдебиет үйі ашылса, ол қаламгердің артында қалдырған әдеби мұрасына құрмет қана емес, жастарды тәрбиелеу ісінде де маңызды қадам болар еді деген ойлар айтылды.
Жалпы, үш күндік алқалы жиын түркі дүниесінің мызғымас бірлігін паш еткен басқосу болғанын атап өткеніміз жөн. Сондай- ақ, қонақтар конференцияны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібайға алғыс білдірді. Ол қарымды қаламгерге арналған іс-шаралар жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
Конференцияда «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, К.Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы мен Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев қиды.
Кешқұрым Бозторғай шоқысының басында батар күннің қызыл жалқын сәулесі ойнап тұрды. Пістелі ауылындағы Мархабат бұлағы сол баяғы қалпы сылдырап ағып жатты. Иә, осы бұлақтан талайлар шөлін қандырса, қаламгердің артында қалдырған мол мұрасынан талайлар рухани нәр алары анық. Кестелі сөздің көмбесі әлі талай оқырманына тәлімді тәрбие беріп, тура жолға салары талас тудырмаса керек.