ЖЕРДЕ ЕМЕСПIН, АЙДАМЫН...

Қазақ қыздар поэзиясында өршiл де сыршыл өлеңдерiмен ерекшеленген Эра ОРМАНОВАДАН қапыда көз жазып қалғанымызға да бiраз күннiң жүзi толыпты. Өнер әлемiнде таңшолпандай жарқ етiп, өз биiгiнен ағып түскен ақын кезiнде жырсүйер қауымды алғашқы балғын өлеңдерiмен-ақ мойындатқан болатын. Эра Орманованың соңында мол мұрасы қалды. Әрине, ол — мәңгi өлмес, өшпес жалынды жырлары. Бiз бүгiн арамыздан ерте кеткен ақынды еске ала отырып, оның бiр топ өлеңiн оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдiк.
АҚ ОРАМАЛ
Ақ орамал, ақ орамал,
Бiлгендерге бақ орамал.
Аман-есен өнем десең,
Аналар-ай, тақ орамал.
Таймасыншы бастан бағың,
Ақ жаулықтан қашпа, жаным!
Қуат берсiн, шуақ берсiн,
Жан-жарыңа қас-қабағың.
Қызың ертең келiн болар,
Құда-жекжат, елiң болар.
Имандылық жолда жүрсе,
Перзенттерi керiм болар.
Ақ жаулығың – қасиетiң,
Құдiрет бар бас иетiн.
Жалғастырып жүре алсақ,
Бабалардың өсиетiн.
ҮЛГЕРУ
Шындық сынбас, бiрақ та майысады,
Бiле-тұра қабырғам қайысады.
Қайда барсам сөзiмдi ел мақұлдап,
Бата берiп, алақан жайысады.
Жұпар иiсi аңқыған даладанмын,
Құсша самғап, өлкемдi араладым.
Көздiң жасын төгiп-төгiп жiбергенде,
Сүйеуге мен халқымды жарамадым.
Тұлпар мiнiп, көп басшы iбiлiстен,
Аса алмай, сорлап жүр ғой күнкөрiстен.
Әруағыңнан айналдым ата-бабам,
Бәрiн қамтып қалайша үлгерiскен.
IЗДЕНУ
Өмiр атты арасында дүрмектiң,
Кiм бiледi мен де қанша жүрмекпiн.
Өзiмдi-өзiм тани алмай қиналсам,
Сырын айтшы, дейсiң қызым жер-көктiң.
Көңiлiңе ұялатпай ой-бұзық,
Көргiң келсе тағдырыңнан сый қызық.
Он сегiз мың ғалам сыры құранда,
Жiберетiн жүрегiңе сыйғызып.
МҰҢ
Бақытымды қолмен жасадым,
Мүсiншiдей ұзақ қашадым.
Ол жайлы айту жарасар,
Мұңымды кiмге ашамын,
Ал одан қалай қашамын?
Жан-досым жырым — сырласым,
Сырымды сол-ақ ұрласын.
Көмекке келер жүгiрiп,
Көкiрек толып тұрғансын,
Бiлетiн жай ғой бiр басым...
ОҢАША ОЙ
Күйкi тiрлiк десе жиi тосылам,
Байқауымша ойлыларға қосылам.
Жай әйел боп отырғым-ақ келгенмен,
Оған жол жоқ таңғаламын осыған.
Iшкi шерiм өлең болып босады,
Жолдар, жолдар жиi алдан тосады.
Бiр күш кенет ұшырып-ап кетедi,
Бiрақ шүкiр, жақсыларға қосады.
Неге керек, төгiлмесе тер бүгiн,
Неге керек, жеке жеткен ерлiгiң.
Сең бұзардай күш-қуатым барында,
О, Жаратқан, ел тiлегiн бер бүгiн.
ҚАРА БҰЛТ
Қысылдым-ау, дариға, қысылдым-ау,
Тар жол, тайғақ кешудi ұсындың-ау.
Жер-Ананың түнерген түсi мынау,
Жiгiттердiң бетке ұстар iсi мынау.
Кеттi олар аң емес адам аулап,
Нанын жейдi әр басқан қадам даулап.
Сорлы халқым маңдайдан терi саулап,
Өз жерiнен кетпекшi қайда аулақ.
Көзiм көрдi жетiмнiң сорлағанын,
Көзiм көрдi жас қызды қорлағанын.
Ар-ұжданды сыпырып тастаған соң,
Қалың елге қара бұлт торлағанын.
СЫР
Ауырмаса жүрегiм ақынмын ба,
Адамдарға шынымен жақынмын ба?
Жалпақтайтын қасиет о баста жоқ,
Орны бар ғой, ағайын мақұлдың да.
Шынымен-ақ мен осы тазамын ба,
Жалынды жыр жүректен жазамын ба?
Ақынның да ақыны бар емес пе,
Кетер жерi осы ғой мазаның да.
ҚАЙРАУ
Неге сонша алдыңда төмендедiм,
Төмендемей жүргенде өлер ме едiм.
Ақыл-сезiм жетедi өзiмде де,
Сен менi мейiрiмге бөлер дедiм.
Неге сонша алдыңда төмендедiм,
Көп көрдiң бе, көрiнсе төбем менiң.
Жабырқаулы жеткенде сәл демесең,
Мен емес пе ең, жiгерлi өлерменiң.
Неге сонша алдыңда төмендедiм,
Халқым тұрса өшпеймiн, өнем дедiм.
Үнi өзгеге ұқсамас бiр бұлбұлдың,
Сайрағанын тамылжып көрер елiм.
ЖЕҢIС
Қарайтып бойда қанымды,
Сындырмақ болып сағымды.
Қызғаншақ сорлы пенделер,
Қаумалаған жанымды.
Өзiмен кетсiн даулары,
Басымнан бұлттың ауғаны.
Жолымды ашып, дем берiп,
Алланың нұры жауғаны.
Самалы беттен өпкендей,
Жаңбыр боп жырлар төккендей.
Жарқырай берем ендi мен,
Құлпырған Наурыз көктемдей.
ТАҢ
Қыздар менi күттiңдер ме шынымен,
Ешуақытта ұмытпаспын мұны мен.
Жырларымды шашудайын әзiрлеп,
Ұйықтай алмай толқып шықтым түнiмен.
Ғажайыптан үмiт үзбей әлi де,
Ақын жүрек елең етер бәрiне.
Бақыт деген болса егер аппақ нұр,
Шашып-шашып жiбермес пе ем бәрiңе.
Сонда, бәлкiм, сезiнер ме ем бақытты,
Ұмытар ем өлшеп берген уақытты.
Қайран елiм, алса екен деп үлесiн,
Ентiгiппiн сапар шектiм қауiптi...
Тәуекел деп озып шықтым қатардан,
Елден болды жол үстiнде татар дәм.
Асқақ рух сенiм бердi, күш бердi,
Ұзағынан сүйiндiрсiн атар таң.
ШЫҢДАЛУ
Перiште көзбен қарайсың дейдi ағам да,
Перiште көзбен қарайсың дейдi анам да.
Перiште көзбен қарайсың дейдi балам да,
Перiште көзбен қарасаң биiк бағаң да.
Сондықтан шығар қасиет қонды шын маған,
Жолай алмай дiңкесi құрды жын маған.
Қожа Ахмет Ясауи бабам сынбаған,
Мен-дағы достар сынбаймын, қайта шыңдалам.
ӨТЕЙIН ЖЫРЛАП ЖАЛЫҚПАЙ
Жандарды қалай ұмытам,
Жаныма жақын етене.
Бағыштайын Құранды,
Өмiрден өткен әкеме,
Арманда кеткен ағама,
Аяулы асыл анама,
Болсын деп риза ата-ене,
Сағыныш толы жылдарым,
Есiмнен сiрә, кетер ме?!
Тағдырым Құдай қолында,
Қайғыны ойлап қамықпай.
Тұнық суда жасқанбай,
Жүзейiн еркiн балықтай.
Туған жердiң көгiнде,
Қырандай самғап қалықтай.
Ортасында халқымның,
Өтейiн жырлап жалықпай.
АҚ ЖАУЫН
Күндiз де түнде ақ жауын төктi тоқтамай,
Есiме түстi шарпымақ болған от талай.
Есiме түстi өмiрден өткен дос-бауыр,
Езiлдi жүрек, жүрерсiң қалай жоқтамай.
Ақ жауын төктi, жанардан жасым ағылды,
Түсiрдi еске алаңсыз бала шағымды.
Ақ пейiлiме сақтапты Құдай қатерден,
Беймәлiм достар, айта алман болашағымды...
Тылсым дүние түсiне алар ешкiм жоқ,
Сенбей, сүймей өмiрдi мына кешкiм жоқ.
Көңiл көгершiн тыншығандай болған соң,
Ақ орамалды басымнан бiр сәт шешкiм жоқ.
Ақ жауын «тоқта, сабырлы бол» деп тұрғандай,
Қайталап әуен әйнектi сырт-сырт ұрғандай.
Қалғаны ендi құлшылық екен Құдайға,
Бiр соған аян жатқаны алда сыр қандай.
КҮН БОЛАЙЫН
Адамдарға не үшiн қас болайын,
Ақ ниетпен бәрiне дос болайын.
Дiнбұзарға атылар тас болайын,
Ұрпағыма иманды бас болайын.
Жұпар шашқан далада гүл болайын,
Шөлiркеген пендеге көл болайын.
Дiнбұзарға нәр бермес шөл болайын,
Халқым үшiн жарқырап күн болайын!
ӨМIР ШIРКIН ТЕЗ ӨТЕР
Адам, адам болғанша,
Шыр етiп жерге түскеннен,
Ақылы кемел толғанша.
Күдiк пен күмән арбасып,
Бақ құсы басқа қонғанша,
Арман-қиял ұшырып,
Қанаты сермеп талғанша,
Қалжырап жетiп бұлаққа,
Сусындап шөлiң қанғанша,
Жұмыр жердi шиырлап,
Жүрерсiң пенде жер қанша,
Өмiр шiркiн тез өтер,
Бәйшешек гүлдеп, солғанша...
ЕКI ДҮНИЕ ЖҰМАҒЫ
Ойлап тұрсам басымнан,
Қатал сынақ көп өттi...
Әрең жолда кездескен,
Сырып тастап бөгеттi.
Қиналған сәт қаншама,
Келе-келе түсiндiм.
Сұрау керек екенiн,
Бiр Құдайдан көмектi.
Тылсым дүние достарым,
Бiле алмаспын мен бәрiн.
Құлшылықпен өткiздiм,
Оған куә таңдарым.
Жан жүрегiм нұрланып,
Бұлтты күндер жоғалды.
Әттең, оны сезе алмай,
Сенделуде көп дарын...
Тасты жарған бұлақтай,
Мөлдiредiм, қайнадым.
Хош иiстi гүлдердей,
Көздi тартып жайнадым.
Күйкi тiрлiк күйттеген,
Түсiне алмас пенделер.
Қолың жетпес созсаң да,
Жерде емеспiн, айдамын.
Иман, Құран, намазым,
Таусылмайтын байлығым.
Жолай алмас маңыма,
Қасiреттi қайғы-мұң.
Екi дүние жұмағын,
Көргiң келсе кел құрбым,
Көрсетейiн ғажайып,
Имандылық айдынын.