Қыз тағдыры – ұлт тағдыры

Біздің алдымызда ұлттың ұлы дәстүрін сақтайтын, елдің нағыз патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Отаншылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген жақсылардан қалған сөз бар. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы өскелең ұрпақты ұлттың тұнып тұрған рухани байлығымен сусындату – басты парызымыз.

Жасөспірімдерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мақсатында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінде «Аналар мектебі» жобасы аясында түрлі іс-шаралар өткізу үрдіске айналған. Осы мақсатта жуырда «Қыз баланың тәрбиесі – халықтың ең қымбат байлығы» атты тәрбие сағаты өтті.
Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруды, ата-ананың өсиетін тыңдауды, қыз бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды нығайтуды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді дәріптеуді, насихаттауды мақсат тұтқан іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Онда бойжеткендердің әдеп-ибаны сақтауы мен олардың қоғамдағы орны, беделі жайлы сөз болды. Ұлттық қалыптан ауытқымай, соның аясында тәрбие мен білім беру, осы бағытта жұмыс істеу керектігі де айтылды. 
Бұл іс-шараға ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Шымкент қалалық аналар кеңесінің төрайымы Зүлфия Бекмырзақызы, Шымкент қаласы, «Достық» мөлтекауданының аналар кеңесінің төрайымы Алтынкүл Жанқұлова, Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі аналар мектебінің мүшесі, Тассай тұрғын алабындағы С.Рахымов көшесінің төрайымы, көп балалы ана Ұлпатша Пірмағанбетова құрметті қонақ ретінде қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. 
Тәрбие сағаты барысында жастар тәжірибесіндегі, әсіресе, қыз бала тәрбиесіндегі жаңаша көзқарастар, дәстүрлі құндылықтар мен сабақтастық, зайырлы қоғамдағы олардың рөлі туралы мәселелер талқыланды. 
Қазақтың арғы-бергі тарихында ел мен жердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан апаларымыз аз емес. Олардың өнегелі істерін кеңінен насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар, ашық сабақтар, еркін форматтағы сырласу кештерін жиі ұйымдастырып тұрамыз. Соның бірі ретінде осы басқосуды айтуға болады. 
Қыз тағдыры – ұлт тағдыры екенін ескерсек олардың білімді, сымбатты, арлы, абыройлы болуы тек ата-ананың, бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің жауапкершілігі деуге болады. Қазіргідей күрделі кезеңде ұлттық болмысымызды дәстүрлі тәрбиені бойларына сіңіріп өскен қыздарымыз сақтап қалары сөзсіз.

Нағима БЕЙПЕНОВА,
Түркістан жоғары көпсалалы, 
аграрлық колледжінің педагог-психологы.
Пікір қалдырыңыз