ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ

Қос батырдың достығы Ағыбай мен Кенесары – 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдерi. Екеуiнiң кездесуi де қызық. Қасым ханның тоқалы ұл туып, баланың атын Наурызбай қояды. Көкшетау өңiрiнде шiлдеханаға жиналған үш жүздiң атақты билерi, ру басшылары, батырлары тойды тамашалап, тағлымды өтуiне күш салады.
Осы тойда жиырма жасар Кенесарының аты бәйгеден бiрiншi болып келедi. Абылай заманындағы дәстүр бойынша үш жүздiң таңдаулы үш батыры онымен сайысқа шығуы керек. Екi күн бойы жауырыны жер иiскемеген Кенесарыға қарсылас шақ келмей, елдiң игi жақсылары абдырап, тосылып қалады. Сол кезде шұбар ат мiнiп, екi аяғы салбырап жер сызған, үстiнде құлан терiсiнен киiмi, қолында ұзынша құрығы бар жiгiт ортаға шығады. Қарсыласын қорашсынған Кенесары атын ойнақтатып, «Абылайлап» қарсы шабады. Еңгезердей iрi жiгiт те қалыспай «Ақжол, Ақжол» деп ұран шақырып, тұра ұмтылады.
Сырттай бақылап отырған Қасым хан «Кенесары «Абылайлап» ұрандатса, ана жiгiт Абылай бабамыздың «Ақжол» ұранын шақырды. Кененiң жолы бола қоймас, әттесi-ай...» деген екен. Айтқанындай, бейтаныс жiгiт бәсекелесiнен бұрын әбжiл қимылдап, құрығымен Кененi аттан аударып түсiредi. Сайыс бiткен соң Қасым хан бейтаныс жiгiттен жөн сұрайды. Ол:
– Атым Ағыбай. Арғын, Қаракесек iшiндегi Шұбыртпалы руынанмын, – деп жауап бередi.
– Балам, Кенесарыға серiк болатын нағыз батыр екенсiң. Қандай тiлегiң бар? – дейдi Қасым хан. Сонда Ағыбай сабырлы қалпын сақтап:
– Сыр бойында жүрген алпыс үйлi шұбыртпалықпыз. Ағайындар түртпектей берген соң Арқадан жылжып кетiп, келген жерiмiз едi, – деп елiнiң мұңын айтады.
– Осындай ер туғызған шұбыртпалықтар бұдан былай Бетпақдаланы қоныс етсiн, – дептi Қасым хан.
Осы сайыстан кейiн Кенесары мен Ағыбай достасып кетедi.
Ресей отаршылдарының қазақ жерiне бойлай енiп, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы бекiнiстерiн салуы халықтың ашу-ызасын туғызады. Отаршылдарға бағынғысы келмеген қазақ бас көтередi. Соның алғашқы дүмпуi Бұғылы мен Тағылы өңiрiнде көрiнiс бередi. 1826 жылы тамыз айында Қарқаралы бекiнiсiне шабуыл жасаған Ағыбай барымталанған малды қайтарып, тұтқындағы адамдарды құтқарады. 1827 жылы көтерiлiстiң алдын алып, басу мақсатында майор Мыңғариев пен сұлтан Тұрсын Шыңғысовтың басқаруымен мұздай қаруланған 200 әскер Ағыбай батырдың ауылына қанды қырғын салады. Ұрыста 58 адамынан айрылған Ағыбай тобы ауылын бәрiбiр жаудан қорғап қалады.
1832 жылы 1 наурызда Саржан, Есенгелдi Қасымовтар Ағыбай батырдың әскерiмен бiрiгiп, Қарқаралы бекiнiсiне шабуыл жасап, 1600 жылқыны отаршылдардың қолынан қайтарады. Осындай тиiп-қашпа қақтығысулар өсе келе iрi көтерiлiске айналады. 1837 жылы Айыртаудың бөктерiнде көпшiлiк болып жиналған халық Кенесарыны ақ киiзге отырғызып, Орта жүздiң ханы етiп сайлайды. Ағыбайды бас сардар етiп тағайындайды. Кенесары жорық, шабуылға шығарда Ағыбайдан ақыл-кеңес сұрап, майданның бағыт-бағдарын анықтап отырған. Кенесары Ағыбайды iш тартып «көсе» деп әзiлдейтiн болған. 1837-1847 жылдар аралығында он жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысында жеңiс пен жеңiлiстiң дәмiн қатар татып Ағыбай ерекше батырлығымен көзге түстi. Соңына ерген немере туыстары Танабай, Көлебе, Меңдiбай, Дәулет, Жәуке, Толыбай, Шыңбайды халық «Кенесары мыңбасыларының жетi бөрiсi» деп атайды.
Кенесары мен Балқожа би
Ұлттық сананы қалыптастыруда ұлт-азаттық қозғалыстың алатын орны ерекше. XVIII-XIX ғасырларда болған ұлт-азаттық қозғалыстарды тарихшы-ғалым, профессор Ермұқан Бекмаханұлы жете зерттедi. Жеке басқа табынған кеңестiк тоталитарлық кезеңде шындық бұрмаланды. Шындықты айтпақ болған Ермұқандай ғалымға қылбұрау салынып, 25 жылға сотталып, итжеккенге айдалды.
Елiмiз егемендiкке жетiп, тәуелсiздiк алған соң шындықты айтар күн туды. Ресей тарихнамасында көшпендiлердi жабайылар қатарына жатқызып келдi. Көшпендiлер өркениетi құндылықтарының бiрi – хандық билеу құрылымы. XVIII ғасыр – Шыңғыс әулетiнен тараған ханзадалар сынға түскен кез едi. Ел басына күн туған кезде қазақ елiнiң ханзадалары билiкте ғана емес, ұрыс алаңында да сынға түстi. Абылай ханның даналығы мен көрегендiлiгi осы бiр дала демократиясын, хандық диктатураны бiр iзге сала бiлдi. Бөгенбай бастаған, Қабанбай қостаған жаужүрек батырлар Абылайдың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар жырау, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке бастаған шешендер мен көрегендер Абылайдың сезiмтал жүрегi бола алды. Абылай қазақ сахарасының даналығын, күш-қайратын бойына сiңiрдi. Ол ұлттық сананы оятып, халықтың тiрегiне айналды, бiрлiгiн қорғады.
Хан жанында билер мен қазылар алқасы, хан кеңесi құрылды. Яғни дала демократиясы салтанат құрды. Қазақ Ресейге бодан болған 1731-1822 жылдары қазақ хандары императордың айтқанынан шыға алмады. Батырлардың беделi төмендедi. Патшаның отаршылдық саясаты күшейген кезде күш пен ақылды, бiлiм мен бiлiктi, парасатты тең ұстаған хан Кенесары тарих сахнасына шықты. 1822-1824 жылдары хандық билiк бiржолата жойылған кезде Кене қазақ хандығы үшiн күрестi. Ол атасы Абылай мен әкесi Қасым ханның жолын қуды. Бұл жол қазақ елiнiң егемендiк, бiртұтастық жолы болатын. Ол Бұқар жырауға сүйенген, Бөгенбай, Қабанбай, Баян батырларға сенген билiк құрылымының жолы болатын. Бiрiншiден, Кене хандық билiктiң кеселге ұшырамаған дала демократиясына негiзделген сипаты үшiн күрестi. Екiншiден, ол патша мен халық арасында жүрiп мал тапқан, елдi сатқан сұлтандарға қарсы соғысты. Жалпы, хан Кене бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың отаршылдыққа қарсы көптеген күрестерден өзгешелiгi – елдiң тәуелсiздiгiн негiзгi күрес мотивi етiп ала бiлгендiгiнде. Патша өкiметi қазақ жерiн жаулап, ең шұрайлы өзен-көлдердiң жағалауына казактарды орналастырды. Тiптi, Кенесары ханның жаз жайлауына Торғай, Ырғыз қорғандарын салды.
Орынбордың тұңғыш генерал-губернаторы И.И.Неплюевтiң 1744 жылғы «қосалқы жоспары» бойынша Жайықтағы қалашық, Орынбор, Ор, жаңа үй шебi, Сiбiр шебi арқылы қазақ даласы қарулы әскермен қоршап алынды. Тек 1755-1822 жылдары ғана Кiшi жүз бен Орта жүз жерiнде, Жайықтан Өскеменге дейiн 3,5 мың шақырым шеп бойына бекiнiстер салынды.
Халықтың ғасырлар бойы көшiп-қонып жүрген бағыттары тұйықталды, шектелдi. Ендi ел тайпа емес, ауыл шеңберiнде ғана көше алатын жағдайға душар болды. Қорыта айтқанда, көшпелi өркениеттiң тамырына балта шабылды. Өрiсiнен айырылып, қанаты қайырылды. Ендеше, хан Кене тек жер үшiн емес, бүкiл бiр өркениеттi қорғаушы санатында танылуы керек.
Кешеге дейiн хан Кенеге әдiл баға берiлмей келдi. Ол билiк, хандық үшiн халықты қырып салған жауыз, тиран сипатында бейнелендi. Ақиқатында Абылайдың отыз ұлының iшiндегi Қасым әулетi ғана ақ патшаға бағынбай, бабасының жолын қуды. Кенесары үш жүздiң басын қосар хан сайланды.
Ендеше, оның отаршылдарға құлшына берiлген сатқын сұлтандарға, билерге өктемдiк жасар жолы да, құқы да бар-ды. Хан Кенесары маңындағы тайпа басшылары ақ патшаның жағына өтiп, күшi азая бастаған шақта Торғай өңiрi қыпшақтарының биi Балқожаға елшi аттандырып, ұландар жасағын жiберудi бұйырады. Би: «Ақ патшаға берген антымды бұза алмаймын, ұлан бермеймiн» дейдi. Хан елшi арқылы кертаңдық атын сұратқанында Балқожа би де күш көрсетiп: «Астымдағы атымды ханның атасы Абылай тiрiлiп келсе де бермеймiн» дептi. Осыдан кейiн ханның жүздiк қолы Сарытоғайда отырған Балқожаның ауылын шауыпты. Хан жасақшыларына: «Шаңырағын ортасына түсiрiңдер, бiр сабақ жiбiн қалдырмай, түйеге артыңдар. Ордадағы барша жанды шешiндiрiп, жер ошақ басына жинаңдар» деп бұйырыпты. Көздi ашып-жұмғанша хан әмiрi орындалыпты. Жүзбасы: «хан ием, ана төбеде тұрған салт аттыны алдыңызға айдап әкелсек қайтедi?» дептi. Хан Кене: «Ол астындағы атына сенiп тұрған Балқожа би. Алаңдамай, жұмыстарыңды аяқтаңдар» дептi.
Сол кезде ошақ басындағы топтан суырылып, қою қара шашы төгiлген, сұңғақ бойлы, хас сұлу бiр келiншек шыға келiп:
– Хан ием, мен туғанда Жаратқанның әмiрiмен сiз әкемнiң құтты қонағы болыпсыз. Сонда «дүниеге келген сәбиге қандай көрiмдiк берейiн?» дегенiңiзде әкем «қызым үлкейген соң сiзден өзiне керегiн қаласа қалай болады?» дептi. «Хан Кене осы шешiмге тоқтады» деп әке-шешем айтушы едi. Соның сәтi бүгiн келген сияқты. Рұқсат болса, өтiнiшiмдi айтайын, – дептi. «Айтқаның орындалады» дептi хан. «Айтқаным орындалса, орда қайта тiгiлсiн, дүние-мүлкiм өз орнында болсын. Бiр сабақ жiбiм де жоғалмасын» дептi хас сұлу.
Хан әмiрiмен орда қайта тiгiлгенде екi бұлғын терiсi қолды болған екен. Екi қадам жердiң екi жағына да найза қадап, от жағып, ұландарды шешiндiрiп, ортасынан өткiзгенiмен бұлғын терiсi табылмапты. Хан Ұлытауға аттанып кетiп, түнде жiберген жансыздары арқылы бiр ұланның елтiрiнi екi аяғына орап алғанын бiледi. Елтiрiнi тауып, сұғанақ қолды ұрыны өлтiрiптi. Сол түнi таңға жуық Балқожа би Кене ханға келiп: «Ұлан сұрағаныңыз орынды болғанымен, ақ патшаға ант еткендiктен, бұйрығыңызды қабылдай алмаған едiм. Ордамды шабуыңыз да орынды. Қас-қағымда орда қайта тiгiлiп, қайырым көрсеткенiңiз менi таңдандырды. Мәмiлеге келейiк, кешiрiм сұраймын сiзден! Үйiме жүрiп, құтты қонағым болыңыз!» дейдi. Балқожа би мен Кене хан осылайша табысыпты. Балқожа би астындағы дүлдүл атын Кене ханға берiптi. Осы мысалдан-ақ хан Кенеден шалт қимылдың, қайраткерлiк пен өктемдiктiң, әдiлет пен парасаттылықты көруге болады.
Ағылшындық Томас Аткинсон (1799-1861жж.) қазақ сахарасында 7 жыл өмiрiн өткiзген. «Амур бойына саяхат» (1860) деген еңбегiнде: «Кенесары көзсiз батыр, ұландарының арасында беделдi болатын» деп жазыпты. Кене қазақ халқының бiртұтастығы үшiн күрестi. Ол «елiм» деп еңiреген, «халқым» деп қайысқан ұл.
Хан Кене еңкейсе иен елiне, шалқайса асқар шыңына сүйендi. Халық басына күн туғанда елдiң тiрлiгiн, елдiгiн, бiрлiгiн, оның еркiндiк туын ұстады. Ендеше, Кене ханның батырлығы ерен батырлық. Ол – өз дәуiрiнiң қайталанбас тұлғасы, алмағайып ғасырдың батыры. Тәуелсiздiк үшiн арпалысқан Кенесарыдай ерлер халық тарихында мәңгi жасайды. Қазақ халқының еркiндiгi үшiн күресiп, қан төккен хандар мен батырлардың арманы орындалып, елiмiз егемендiк алды. Ел үшiн құрбан болған асыл тұлғалардың сiңiрген еңбектерiн әдiл бағалап, газет-журналдарға жазып, теледидар мен радиодан хабарлар дайындалса, өскелең ұрпаққа үлгi-өнеге болар едi.
Көкбай ақынның «Абылай» кiтабы бойынша дайындаған – Зейлабдин СӘКЕНҰЛЫ, ҚР оқу ағарту iсiнiң үздiк қызметкерi, еңбек және тыл ардагерi.