Сенім жауапкершілік те жүктейді
Елімізде көптен күткен Құрылтай сайлауы да мәреге жетті. Бұл саяси науқанды мемлекетіміздің жаңару жолындағы тарихи белесі деп бағалауға болады. Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция қағидаттарының нақты көрінісіне айналған сайлау ел болашағы мен келер ұрпақ тағдыры үшін маңызды қадам екенін көрсетті. Түркістан облысының халқы, соның ішінде аға буын өкілдері де саяси науқанға өте белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.
Сайлаудың ашық, әділ әрі бәсекелестікпен өтуі қоғамның сенімін нығайтты. Жаңадан сайланған Құрылтай мүшелеріне енді халықтың зор сенімімен бірге үлкен жауапкершілік те жүктеліп отыр. Ардагерлер қауымы атынан сенім мандатына ие болған азаматтарды шын жүректен құттықтаймын.
Біздің ең басты байлығымыз – елдің тұрақтылығы мен ішкі бірлігі. Жаңа құрам елді жаңғырту ісіне белсене араласып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастар тәрбиесіне және өңірлердің дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз. Ардагерлер ұйымы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған ортақ бастамаларды әрдайым қолдауға дайын.
Сайланған өкілдерге халық мүддесі жолындағы жауапты қызметтеріне сәттілік тілеймін. Ортақ үйіміз – Қазақстанның қуатты әрі берекелі мемлекетке айналуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.