Ел болашағына жасалған маңызды қадам
Түркістан облысында Құрылтай депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, өңір тұрғындары өздерінің азаматтық белсенділіктерін танытты. Сайлау учаскелерінде азаматтардың дауыс беруіне лайықты жағдай жасалып, қоғамдық-саяси науқанға барлық әлеуметтік топ өкілдері белсенді қатысты.
Сайлау күні өңірде азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға, сайлау учаскелерінің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Ғасыр жасаған ардагерден бастап ақ халатты дәрігерлер, спортшылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен ауылдар мен қалалардың қарапайым тұрғындарына дейін елдің саяси өміріндегі маңызды науқанға өз үлестерін қосты.
Сайрам ауданындағы №580 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері, жасы жүзге келген қария Ахмеджан Анартаев Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Ғасыр жасаған ардагердің ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі буынға өнеге боларлық тағлымды сәтке айналды.
«Ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауы – қоғамдық-саяси өмірдегі маңызды оқиғалардың бірі. Құрылтайға қатысу және өз таңдауын жасау – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі ел болашағына қосқан үлес болып табылады. Бірлігіміз бен белсенділігіміз арқылы ортақ мақсаттарға қол жеткізіп, болашаққа нық қадам жасай аламыз» деді екі ғасыр куәгері.
* * *
Құрылтай сайлауына орай облыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтар үшін әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеде Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының шаруалары мен диқандарының өнімдері, сондай-ақ «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры есебінен жеткізілген азық-түлік тауарлары саудаға шығарылды. Жалпы көлемі 50 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері тұтынушыларға ұсынылды.
Сауда сөрелерінен ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс және күнделікті тұтынуға қажетті өзге де тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік болды. Өнімдер нарықтағы бағадан 20–30 пайыз төмен сатылды.
Жәрмеңке қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуына жол ашты.
Осылайша, сайлау күні Түркістан тұрғындары өз азаматтық таңдауын жасап қана қоймай, қажетті азық-түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға да мүмкіндік алды.
* * *
Түркістан қалалық орталық балалар ауруханасының дәрігерлері Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады.
Ақ халатты абзал жандар азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға өз үлестерін қосты.
Дәрігерлердің сайлауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің және қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласудың айқын көрінісі.
* * *
Түркістанның «Тұран» футбол клубының бапкерлері мен ойыншылары да Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады.
Команда құрамындағы 20 ойыншы «Түркістан Аренада» орналасқан сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауларын білдіріп, өз дауыстарын берді.
Спортшылардың сайлау процесіне белсенді қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің және ел болашағына бей-жай қарамаудың көрінісі.
* * *
Өңірде сайлау процесінің барлық азаматтар үшін қолжетімді болуына ерекше мән берілді. Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар 15 мыңға жуық азамат есепте тұрады. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін облыс бойынша 100-ден астам инватакси мен әлеуметтік такси және 56 қосымша автокөлік тартылды.
Сонымен қатар 200-ден астам сурдоаудармашы мен 770 жеке көмекші жұмылдырылды. Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өз конституциялық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік берді.
* * *
Осы маңызды саяси науқанға орай Түркістан облысының бірқатар қала-аудандарында тұрғындардың сайлау учаскелеріне еркін әрі кедергісіз жетуіне жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлік тегін қатынады.
Атап айтқанда, Түркістан мен Арыс қалаларында және Қазығұрт ауданында қоғамдық көліктер жолаушыларды осы күні тегін тасымалдады. Бұл тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне қатынауын жеңілдетіп, азаматтардың өз таңдауын жасауына қолайлы жағдай туғызды.
* * *
Бәйдібек және Ордабасы аудандарындағы сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері ұлттық нақыштағы киімдер киіп, сайлаушыларды ерекше ықыласпен қарсы алды.
Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп, маңызды саяси науқанға ұлттық болмыс пен рухани мән беруді көздейді.