Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әділетті қоғамның негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек» деп ел тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресуге шақырған болатын. Соған орай «Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» қабылданып, құзырлы органдарға оны іске асыруды міндеттеген еді. Төлеби ауданында осы тұжырымдаманы жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ашықтық – басты қағида
Аудан әкімдігінің бүгінгі қызмет үрдісі ашықтыққа негізделген. Аудандық қоғамдық кеңес отырыстарында, тұрғындармен кездесулерде көпшіліктің ұсыныстары мен оларды толғандырған мәселелер тыңдалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның тоқсан сайын өткізілетін отырыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған шешімдер қабылданып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріледі. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» бағытындағы құқықтық оқу жоспарына сәйкес, жыл басынан бері аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері арасында 6 құқықтық оқу сабағы өткізіліп, тиісті хаттамалар рәсімделді.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі жолдарының бірі – халықпен тікелей байланыс орнату. Аудан әкімі ретінде әр аптаның сейсенбі күні тұрғындарды жеке қабылдаймын. Жыл басынан бері 33 мәрте жеке қабылдау өткіздім. Оған қатысқан 111 тұрғын 143 мәселе көтерді. Бүгінгі таңда оның 129-ы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, қалған 14 мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды заң аясында шешуге бағытталған жұмыстардың тұрақты жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
Цифрландыру – жаңашылдық үрдісі
Ауданда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға да басымдық берілуде. Соңғы жеті айда аудан бойынша 9741 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде қызмет берушілердің кеңсесі арқылы қағаз түрінде 119 мемлекеттік қызмет ұсынылса, баламалы түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра тікелей қағаз жүзінде көрсетілген қызметтер саны – 28. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ХҚКО арқылы 1491 қызмет жүзеге асырылса, ақпараттық жүйелер арқылы – 3762, ал, egov.kz және e-license.kz порталдары арқылы 4341 қызмет көрсетілді.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтардың мемлекеттік органдарға бармай-ақ, қажетті қызметтерді электронды түрде алуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бюрократиялық кедергілерді азайтып, қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал етеді. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, 11 мемлекеттік ішкі бақылау іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде 9 кемшілік анықталды. Бақылау қорытындысы бойынша 33 ұсыным беріліп, олардың барлығы да орындалды. Жүргізілген ішкі мемлекеттік бақылау нәтижесінде заң бұзушылықтарға жол бергені үшін екі мемлекеттік қызметкерге ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылды.
«Ашық әкімдік» – халыққа жақын болудың үлгісі
Мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және халықтың ақпараттандырылуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде ақпараттар жарияланып тұрады. Сондай-ақ «Қызмет алушылар күні» ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдау, қоғамдық бақылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға қажетті ақпараттар қамтылған брошюралар таратылды.
«Ашық әкімдік» жобасы аясында аудан әкімдігінде азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда тиісті бөлімдердің мамандары тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп, қажетті ақпараттар ұсынады. Ал, «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы азаматтар электрондық қызметтерді өз бетінше пайдалана алады.
Жас мамандарға жеңілдік
2026 жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа, ашық әрі объективті іріктеу жүйесі енгізілді. Іріктеу eqyzmet.gov.kz порталы арқылы жүргізіліп, кандидаттардың білімі, логикалық ойлау қабілеті, жеке қасиеттері мен кәсіби дағдылары бағаланады. Тәуелсіз прокторинг пен ID-нөмірлерді пайдалану адам факторын және субъективті ықпалды азайтып, іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектердің төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылдануы да – білімді әрі қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тиімді тетігі. 2024 жылы Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратына, 2025 жылы Киелітас ауылдық округі әкімі аппараты мен аудандық жер қатынастары бөліміне жас мамандар қабылданды.
Жөнсіздіктер назарға алынды
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары салалардың қатарында құрылыс пен жер қатынастары салалары да бар. Себебі, жер телімдерін беру, рәсімдеу мен пайдалану процестерінде ашықтық пен бақылаудың жеткіліксіз болуы заңсыз шешімдер қабылдауға жол ашуы мүмкін. Осыған байланысты жыл басынан бері аудан аумағындағы бірқатар нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Біркөлік елді мекені мен «Ақмешіт» шатқалындағы 85 нысанның Құрылыс кодексі талаптарын бұза отырып салынғаны немесе заңды бұзып пайдаланылып отырғаны анықталды. Аталған 85 нысанның 23-і бос жер, ал, 62 учаскеде құрылыс нысандары орналасқан. Аталмыш нысандардың 21-і заңсыз салынса, 41 нысанның пайдалануға қатысты қабылдау актілері бар. Биыл заңсыз салынған нысандарға қатысты облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хаттар жолданып, нәтижесінде 15 нысанға жалпы сомасы 8,8 млн. теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге Төлеби аудандық сотына заңсыз құрылыстарды бұзу туралы талап арыздар жолданып, екі нысанды бұзу туралы сот шешімі қабылданды.
Әркім өз үлесін қосуы қажет
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Осыған орай жыл басынан бері жергілікті «Ленгер жаршысы», «Төлеби туы», «Төлеби таңы» газеттерінде 30 мақала жарияланды. Әлеуметтік желілерде 12 ақпараттық пост орналастырылды. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» акциясы өткізіліп, жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы 500-ден астам брошюра мен 200 ақпараттық парақша таратылды. Адам көп шоғырланатын орындардағы жарнама тақтайшаларына да ақпараттық материалдар ілінді. Ленгір қаласы және Қаратөбе, Кемеқалған, Зертас, Алатау, Жоғарғы Ақсу ауылдық округтерінің орталық көшелеріндегі жарнама құралдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 баннер орнатылды. Сонымен қатар «Өкініш» және «Пара» тақырыптарында екі бейнеролик әзірленіп, олар әлеуметтік желілерде жарияланды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Оның алдын алу үшін заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, мемлекеттік қызмет көрсету процестерінің барынша ашық болуы, цифрландыруды кеңінен қолдану мен қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Ауданда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Әрине, әділетті қоғам құру бір күнде жүзеге аса салмайды. Ол әр азаматтың адалдығынан, әр мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігінен және заңға деген құрметінен басталады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қоғамның әрбір мүшесі өз үлесін қосып, адалдық пен заңдылық қағидаттарын берік ұстануы қажет. Сонда ғана біз заң үстемдігі орныққан, әділетті қоғам құра аламыз.
Еркеғали ӘЛІМҚҰЛОВ,
Төлеби ауданының әкімі.