Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру жоспары аясында өңірлерде жаңа нысандар салынатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта мемлекеттің үлкен жоспары барын атап өтті. Құрылтай сайлауының маңызына тоқталып, бұл саяси оқиға ауқымды өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашатынын мәлімдеді. Бұдан соң Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауына және елдегі өзгерістерге қатысты журналистер тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.
– Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Басқа да реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет.
Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Қалаларды абаттандыру керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек екенін айтты. Бұл ретте Құрылтай депутаттары ең алдымен заңның сапасына жауап беруге тиіс екенін еске салды. Жасанды интеллект мәселесіне де тоқталды.
– 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды, – деді Президент.